Басты жаңалықтар

Әкім ескертті. Тәртіп орнады

Қаламыздың ең басты сауда нүктесі — Орталық базардың айналасы қашан барсаң да жүйесіз қойылған көліктердің салдарынан пайда болған ұзын-сонар көлік кептелісінен еш арылмайтын. Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев қала нысандарын аралаған кезде осы кемшілікке байланысты базар әкімшілігіне қатаң ескерту жасаған еді.
Аймақ басшысының сын-ескертуінен жедел нәтиже шығарылып, қазір Орталық базардың қасынан өтетін Ш.Уәлиханов көшесі мүлдем «тазарып» қалды. Бұл көшенің Шернияз көшесімен қиылысқан тұсынан бастап, Гарнизонная көшесіне дейінгі аралығында бұрынғы еш бітпейтін көлік кептелісі бүгінде жоқ. Бұл аралыққа көліктердің тоқтауына және тұраққа қойылуына тыйым салатын белгілер қойылған. Базардың кіреберіс тұсындағы Ш.Уәлиханов және Т.Ахтанов көшелерінің қиылысында көлік ағынын реттеу үшін бағдаршамдар орналастырылған. Сырт көзге халық көп жиналатын сауда орталығының айналасы ретке келтіріліп, жүйелі келбет алғаны байқалады.
Орталық базар қасындағы көшелердегі көлік қозғалысына байланысты қойылған жаңа тәртіп туралы халықтың пікіріне құлақ салып көрген едік. Әлбетте, базар маңының ішектей шұбатылған кептелісте тұратын көліктердің гүрілі мен дабылынан, одан қалды ауаны ластайтын түтінінен тазарғанына қуанған жандар көп екен.
Әбдіуәли Төлепов, қала тұрғыны:
— Тәртіптің енгізілуі өте орынды. Міне, көліктер жүретін жол бар. Қараңызшы, айнала тәртіпке келіп, жүйелілік орнады. Оның үстіне көліктерден бөлінетін түтін де азайып, бұл жердің ауасы тазарып қалды деуге болады. Әрине, көлік жүргізушілері «ыңғайсыздық тудырды» деулері мүмкін. Оларға айтарым: автокөліктер үшін арнайы орындар бар. Сол жерлерге апарып қойсын. Халық жүретін жерлерде тәртіпті бұзуға болмайды. Көліктердің азаюымен бірге жаяу жүргіншілерге туындайтын қауіп те азаяды.
Сергей Ваченко, қала тұрғыны:
— Бұрын көшеден кесіп өту қиын еді. Қазір жаяу жүргіншілер үшін өте ыңғайлы болды. Жаңа тәртіп көлік жүргізушілері үшін қолайсыздықтар тудыруы мүмкін. Бұрын олар көліктерін базарға жақын жерге қоя салатын. Бұдан былай арнайы тұраққа қоюлары қажет. Олар алыста. Десек те, барлығымыз бірдей тәртіпке бағынуға міндеттіміз.

Ал көлік жүргізушілерін сөзге тартқанымызда, олар да жаңа тәртіппен жүйеліліктің орнағанын мойындайтындарын айтты. Дегенмен көңілдеріндегі тілектері мен қалауларын да жасыра алмады.
Аманғали Ержанов, такси жүргізушісі:
— Әрине, жолға жаңа тәртіп енгізілгені дұрыс болды. Өйткені жол кеңейіп қалды. Бірақ ең болмаса жолдың бір жақ шетіне көліктердің тоқтауына рұқсат берілгені дұрыс болар еді. Өйткені халық Орталық базарға негізгі керек-жарақтарын сатып алуға келеді. Сондықтан көліктерін жақын бір жерге қоюларына мүмкіндік берілуі тиіс. Бұдан басқа бұл жерде көлік кептелісінің қалыптасуына себеп болатын нәрсе — автобус аялдамасының қиылысқа жақын орналасуы. Аялдаманы кішкене әріректеу жерге апарса, көлік ағыны жеңілдейді деп ойлаймыз.

Ш.Уәлиханов көшесіндегі көлік қозғалысына енгізілген жаңа өзгерістер туралы Ақтөбе қаласы ішкі істер басқармасы аға мемлекеттік автокөлік инспекторы, полиция майоры Еркін Өтеген түсінік берді.
— Ш.Уәлиханов көшесінің Орталық базар маңындағы бөлігіне көлік кептелісін болдырмау және жаяу жүргіншілер мен автокөліктердің ағынын реттеу үшін техникалық құралдар орнату туралы шешім қазан айында жүргізілген тексеру шараларының нәтижесінде қабылданды. Осы шешімге сәйкес, базар маңындағы көшелерге 10 дана тоқтауға және көлікті тұраққа қоюға тыйым салатын белгі және Ш.Уәлиханов пен Т.Ахтанов көшелерінің қиылысына бағдаршам орнатылды. Бағдаршам 14 қазаннан бастап жұмыс жасай бастады. Бұл ауданда полиция жасағы жұмыс жасайды. Белгілер жаңадан орнатылғандықтан бастапқы күндері тыйым салынған жерлерге автокөлігін қойған жүргізушілерге ескертулер жасалынды. 13 қазаннан бастап, 5 айлық есеп көрсеткіші мөлшерінде айыппұл салына бастайды. Жалпы, бұл шараның оң нәтиже бергенін атап өткім келеді. Ең бастысы — бұл көшедегі көлік тығыны жойылды, — дейді Ақтөбе қаласы ішкі істер басқармасы аға мемлекеттік автокөлік инспекторы.
Ол сондай-ақ, автокөліктерді қою үшін «Арай» базарының алдында және басқа да базарға жақын жерлерде арнайы көлік тұрақтарының бар екенін айтты.

Қуат АҚМЫРЗАҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button