Басты жаңалықтар

Оқырмандарға құрмет көрсетілді

«Қазпошта» АҚ Ақтөбе филиалының ғимаратында «Басылымдарға жазылу» ашық есік күні өтті. 9 қазан — Дүниежүзілік пошташылар күнімен орайластырылып ұйымдастырылған шараға пошта қызметкерлері, «Шамшырақ-Ақтөбе» ЖШС құрамындағы облыстық «Ақтөбе» және «Актюбинский вестник» газеттері мен өзге де жергілікті басылымдардың басшылары, оқырмандар қатысты.
Мерекелік шарада «Қазпошта» АҚ Ақтөбе филиалы директорының орынбасары Қосыбек Бөлекбай әріптестерін құттықтады.
— Оқырмандардың қатысуымен «Басылымдарға жазылу» ашық есік күнін жыл сайын дәстүрлі түрде өткізуді әдетке айналдырдық. Бұл — 2016 жылға мерзімді басылымдарға жазылу науқанының басталғанын білдіреді. Шараны өткізудегі мақсат — тұрғындардың басылымға жазылу белсенділігін арттыру, елімізде шығатын газет-журналдарды насихаттау. Акцияға келген әрбір тұрғын бұл жерде жергілікті, республикалық басылымдар туралы толық мәлімет алады. Шара аясында басылымдарға жазылым жүргізіледі, — деді Қ.Бөлекбай.
Басылымдар мен бұқараны байланыстыратын «Қазпошта» АҚ қызметкерлерінің негізгі міндеті — елімізде және шетелде шығатын газет-журналдарға жазылу, оларды оқырманға жеткізу, тарату қызметтерін тиімді ұйымдастыру.
Мерекелік шарада облыстық «Ақтөбе» газетінің бас редакторы Бауыржан Өтеулиев пен «Актюбинский вестник» газетінің бас редакторы Мирал Жармұхамбетовтер филиал ұжымын кәсіби мерекемен құттықтады.
— Құрметті әріптестер, оқырмандар! Сіздермен әріптес болғанымызға қуанамыз. Сан жылдар бойы тізе қосып жұмыс істеп келе жатырмыз. Сіздер арқылы біздің газеттеріміз облыстың түкпір-түкпіріндегі ауылдарға жетіп жатыр. Сол үшін де сіздерге үлкен рақмет. Біз өз оқырмандарымызға әрдайым рақмет айтамыз. «Ақтөбе» газеті қазір республикадағы облыстық газеттердің ішіндегі маңдайалды басылым болып саналады. Газетке жазылушылар қатары жыл сайын азайған емес. Біз сіздердің көңілдеріңізден шығатын материалдар беруге, сіздер іздеп жүрген тақырыптарды жазуға тырысамыз. Сіз бен біздің байланысымыз әрі қарай ұлғая береді деген сенімдеміз, — деді Бауыржан Өтеулиев.
Содан соң Б.Өтеулиев пен М.Жармұхамбетов «Шамшырақ-Ақтөбе» ЖШС атынан газеттің белсенді оқырмандарын, «Қазпошта» мекемесі мен «А-Полиграфия» серіктестігінің бір топ қызметкеріне Алғыс хаттар мен бағалы сыйлықтар табыс етті. Олардың қатарында «Қазпошта» мекемесінің қызметкерлері Сәуле Мераленова, Ғалия Смағұлова, Баян Османова, Сағира Шалабаева, Балсұлу Боранкұлова, Қарлығаш Кұсжанова, Бәтима Ысқақовалар бар. Марапатқа ие болғандардың бірі — 2016 жылға облыстық «Ақтөбе» газетінің ең бірінші жазылушысы болған Селбай Қожықов. Оқырманымыз сүйікті басылымы жайында былай деді:
— «Ақтөбе» — өзіміздің төл басылым. Облыспен бірге жасасып келе жатқан газет. Елдің тыныс-тіршілігін білдіретін де — осы «Ақтөбе». «Ақтөбе» — елдің айнасы, жаршысы. Сондықтан да бұл газетке жазылып, оқимыз. Соңғы жылдары газеттің мазмұны жақсарды. Өз басым «Бұқара» айдарымен берілетін мақалаларды қызығып оқимын. Жасымыз алпыстан асса да, кейбір білмейтін деректер, мәліметтерді осы газет арқылы біліп жатамыз. Газет сонысымен құнды. Мазмұнды мақалаларымен оқырмандарға тартымды болып тұр. Ес біліп, етек жиған кезден бері «Ақтөбе» газетін жаныма серік еттім. Алдағы уақытта газетте тіл туралы мақалалар көбірек жарияланса деген ұсынысым бар.
Пошташылар күні «Ақтөбе» газетіне 2016 жылға тегін жазылуға үш оқырман қол жеткізді. Солардың бірі — Аманғос Қабен.
— Отыз жылдан бері «Ақтөбе» газетіне жазыламын. Газеттің тұрақты оқырманымын. Мен «Қазпошта» мекемесіне жақын жерде тұрамын. Сондықтан аптасына екі рет шығатын «Ақтөбені» поштадан өзім алып кетемін. Жыл сайын облыстық газетпен қоса республикалық мерзімді басылымдарға да жазыламын. Газеттің әр санын үзбей оқимын. «Ақтөбе» газеті облыстың әлеуметтік-экономикалық жағдайымен қоса, жеке адамдардың өмірі жайында тартымды мақалалар береді, өз оқырмандарын күнделікті болып жатқан жаңалықтардан да хабардар етеді. Кемшіліктер жайында да батыл жазады.
Келер жылы «Ақтөбені» тегін оқитын тағы бір оқырманымыз — Дәулет Үмбет.
— «Ақтөбе» — халықпен етене жақын басылым. Елдегі саяси жағдайларды, экономикалық тақырыптағы мақалаларды, тілшілердің әлеуметтік мәселелерді көтеруі — бүгінгі күннің ең өзекті мәселесі. Жыл басынан бері облыстық газетте ел қорғаған батырлар, хандар жайында тарихшы ғалымдардың зерттеулері, тартымды мақалалар беріліп келе жатыр. Күн сайынғы өмірдегі жаңалықтарды да жібермей оқимын. Газетті «Қазпошта» мекемесінің 9-бөлімшесінен өзім барып аламын, — дейді Дәулет ақсақал.
Ашық есік күнінде пошта қызметкерлері оқырмандардың қатысуымен түрлі шаралар ұйымдастырды.
Арайлым НҰРБАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button