Басты жаңалықтар

Бердібек САПАРБАЕВ: Аудандағы ең негізгі мәселе — жол

Облыс орталығынан шалғай жатқан өңірлердің бірі — Байғанин ауданына жұмыс сапарымен барған облыс әкімі Бердібек Сапарбаев елді мекендерді аралап, жергілікті халықтың тұрмыс-тіршілігін өз көзімен көрді, ауданның әлеуметтік-экономикалық даму қарқынымен танысты.

Жалақы ұлтына қарап төленбесін…

Облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың ауданға жасаған сапары Ноғайты елді мекені аумағындағы мұнай-газ өндіруші «Сағыз Петролеум Компани» ЖШС жұмысы, ондағы мұнайшылардың жағдайын көруден басталды. «Қытайда үлкен бастықтар келсе, ауа райы өзгереді. Құрметті қонақтар келетінін білгендей, жерімізге жаңбыр жауды» деп аймақ басшысына өзін кәсіпорынның бас директоры ретінде таныстырған Ян Хуайи кездесуде өндірістің жай-күйін баяндады.
Қазір кәсіпорында 450-ге тарта адам жұмыс жасайды. Оның 19-ы — қытайлық азаматтар. Жұмысшылардың 96 пайызы — облыс тұрғындары.
«Орташа жалақының мөлшері қандай? Қазақ пен қытай азаматтары арасында жалақы айырмашылығы бар ма?» деген облыс әкімінің сауалына Ян Хуйи: «Жалақы жұмысшының лауазымына байланысты тағайындалады. Егер инженер маман болса, жалақысы жоғары, ал оператор болса, одан төмен болады. Біздегі бас директордың орынбасарлары айына 800 мың теңге мөлшерінде жалақы алады. Қытайлардың арасында 150 мың теңге алатындары бар».
— Солай болу керек. Ең бірінші — жалақы жұмысшының мамандығына, екіншіден — біліктілігіне, үшіншіден — қызметіне қарап төленуі керек. Ұлтына қарап жалақы төлеуге болмайды, — деді Б.Сапарбаев.
Кәсіпорын басшылығының айтуынша, Байғанин өңірінде геологиялық тексеру жұмыстары жүргізілген. Бұл аймақта әлі 5 миллиард тонна мұнай өндіретін қор бар.
— Дүниежүзінде мұнай бағасы төмендеді. Бірақ соған қарамастан мұнай көлемін кемітпеуіміз керек. Екіншіден, жұмысшыларды қысқартпай, жалақы кемімеуі тиіс. Кен орындарын барлау, геология жұмыстары әрі қарай жалғасуы керек. Кәсіпорынның әлеуметтік жауапкершілігі артуы тиіс. «Сағыз Петролеум» — үлкен кәсіпорын. Ауданға 27 миллион теңге бөлуі, менің ойымша, өте аз. Аудан экономикасының дамуы — бірден-бір осы компанияға байланысты. Сондықтан аудан әкімі сіздермен бірге жұмыс жасауы керек. Мен жұмысшылардың тамағы, жалақысы, жағдайы жөніндегі сауалдарды бекер қойған жоқпын. Көп түсінбеушіліктер содан туады. Сондықтан ол жағынан ешқандай айырмашылық болмауы керек. Әрине, қазақ пен қытайдың асханасы бөлек болғанмен, қазақ барып қытайдың, қытай барып қазақтың тамағын жеймін десе, оған ешқандай кедергі болмауы керек. Міндетті түрде біріккен іс-шаралар ұйымдастырылуы тиіс. Сол кезде арадағы қарым-қатынас жақсарып, нәтиже де болады. Менің кәсіпорынға келгендегі мақсатым — осы, — деді облыс әкімі.
Аймақ басшысы мұнайшылармен кездесіп, әңгімелесті. Содан соң кәсіпорынның мұнай дайындау орталық пунктін аралады. Инженер-технолог Тайшабек Лаппаевтың айтуынша, зауыт құрылысы 2012 жылы басталып, былтыр қыркүйекте пайдалануға берілген. Тасқұдық, Ащыкөл, Қағанай және Қырдасын кен орындарынан алынған мұнай жерасты құбырымен келіп, осы жерде тазартылады.
— Зауытта стандартқа сай тауарлық мұнай өндіріледі. Яғни мұнай құрамындағы су мен тұздан, газ бен құмнан тазартылады. Зауытта бүгінгі күнге дейін 133 мың тонна таза мұнай өндірілді. Кен орындарындағы мұнай көлемінің азаюына байланысты қазір зауыт толық қуаттылығында жұмыс жасап тұрған жоқ. Зауыт жылына 504 мың тонна мұнай өндіруі қажет. Ал қазіргі көрсеткіш — 28 пайыз. Одан артыққа май жоқ, — деді Т.Лаппаев.
Сапар барысында облыс әкімі аудан аймағында жұмыс істейтін өндірістердің қалдықтарын реттейтін «Экологиялық-технологиялық ХХІ ғасыр» ЖШС-да болды.

Жастар ұйықтамауы керек…

Іргетасы 1979 жылы қаланған Ноғайты селосындағы Сағыз орта мектебінің сиқы кетіп тұр. Бірде-бір күрделі жөндеу көрмеген білім ордасындағы 262 оқушыға 48 мұғалім сабақ береді. Мектеп ұжымының дені — жастар. Аймақ басшысы мектеп ішін аралап, асханаға соқты. Ас мәзірінен балықты көріп: «Бұл жерде балық бар ма? Балықты қайдан аласыңдар?» деген сұрағына аспаздар: «Балық жоқ. Кәсіпкерлерден сатып аламыз», — деді.
Биыл мектептің 1-сыныбына 31 бала қабылданыпты. Жаңа оқу жылында ұжым тағы 3 жас маманмен толыққан.
— Мектепті 17 бала бітіреді, оның екеуі ғана грантпен оқуға түседі. ҰБТ-дан алған орташа көрсеткіш — 65 балл. Мұндай болмайды, жастар ұйықтамауы керек. Күндіз-түні жаңа идеялар ойлап шығаруы керек. Мұғалімнің қолындағы жазылған дүниелердің бәрін бала өзі оқып алады. Балаларға жазылмаған дүниелерді үйрету керек, — деп Бердібек Машбекұлы мектеп директорына, жас мамандарға қатаң сын айтты.
Бұдан кейін ауылдағы дәрігерлік амбулаторияға соққан облыс әкімі «сыны кетсе де, сыры кеппеген» ғимараттың ішін аралап жүріп «еденді түнімен сырлап шыққансыңдар ма?», — деп медбикеге қарады. Өйткені ғимараттың жаңадан сырланған едені әлі кеуіп үлгермепті. Жүрсең, еденге табаның жабысады. Бердібек Машбекұлы медициналық мекеменің дәрі-дәрмекпен, көлікпен қамтылуын сұрады. Қазір дәрігерлік амбулаторияда 3 медбике қызмет етеді. Көрші Жарлы ауылынан аптасына бір рет келетін дәрігер бұл жерде 0,25 ставкамен жұмыс жасайды.
Жергілікті тұрғындар: «Әкім келіп жақсы болды, ауылда тәртіп орнады. Тіпті көліктерді әкімшілік ғимараттардың алдына рет-ретімен қоятын ақ жолақтар сызылды», — деп жүр.
Содан соң аймақ басшысы ауылдағы ардагерлер кеңсесіне кіріп, қариялармен сөйлесті. «Зейнетақымызды уақытында алып тұрамыз. Жағдайымыз жақсы. Қысқа жеткілікті мөлшерде жемшөп жинап алдық. Төрт түлік мал түгел бар. Мал басын кемітпей, ұстап отырмыз. Ауылдың қысы қиындау болады. Ноғайтыдағы ең қиын мәселе — су. Жол жасалады, бағдарламаға кірген дегесін, оны мәселе етіп көтергіміз келіп тұрған жоқ», — деген ауыл ақсақалдарының өтінішіне Бердібек Машбекұлы:
— Су мәселесін келгеннен кейін қараймыз. 2008 жылы бұл жерге су скважинасы салынған екен. Бірақ бір ғана скважинаның күші жетпейтін көрінеді. Қосымша скважина қою керек. Бұл жайында тапсырма беремін.
Сапар барысында аймақ басшысы Ащы ауылдық клубының бүгінгі жағдайымен де танысты.

Ағылшын тілінде хат жазыңдар…

Өңір басшысы Жарлы ауылының Байғанин орта мектебіндегі 2-сынып оқушыларына әдетінше Елорда, Елбасына қатысты сауалдар қойды. Мемлекеттік Гимнді оқушылар аптасына бір рет шырқайды екен. Бүгінде бұл мектептің 9-сыныбында оқып жатқан 26 баланың екеуі ғана — озат оқушы. Мұғалім жеткілікті, оқушылар оқулықпен түгел қамтылған. Мектептің ҰБТ-ғы орташа көрсеткіші — 62 балл. Облыс басшысы мұны «өте нашар» деп бағалады. «Оқушылар ҰБТ-даға дайындықты 9-сыныптан бастаса, онда үш жылда бала емтихан тапсыруға толық дайын болып шығады. Барлық жер солай жасайды», — деді Бердібек Машбекұлы.
Облыс әкіміне жоғары сынып оқушылары ағылшын тілін үйреніп жатқанын айтты. «Сендер былай жасаңдар. Бір-біріңмен ағылшын тілінде хат жазыспайсыңдар ма? Шын айтамын. Жігіттер, сендер ағылшын тілінде хат жазуларың керек. Егер жігіттер хатты қазақша жазса, қабылдамаңдар. Айтыңдар, ағылшынша жаз деп. Сонда ағылшын тілін тез үйренесіңдер. Ағылшынша айтпасаң, мен сенімен сөйлеспеймін деңдер», — деп Бердібек Машбекұлы күле отырып, қыз балаларға «кеңес» берді.
Бердібек Сапарбаев Жарлы ауылындағы «Темірқазық» аула клубының жұмысымен де танысты. Содан соң Көлтабан селолық округінің әкімшілігінде болып, мамандардан салық түсімі жайында сұрады. Ауылда салық төлеушілердің 492-сі — жеке тұлға. Бүгінде 1 миллион 700 мың теңге көлемінде салық жиналған. Облыс әкімі салық мөлшерінің аздығын айтып, қосымша салық жинау қажеттігін ескертті.

«Телемедицина жұмысын тексеремін…»

Облыс әкімі Қарауылкелді поселкесінде де бірқатар әлеуметтік нысандарда болды. Орталық аурухананың телемедицина кабинетінде Ақтөбе қаласындағы жедел жәрдем ауруханасының басшысы Рақымжан Арыстанмен тікелей байланысқа шығып, заманауи құрылғының жұмыс істеу технологиясымен танысты. Облыс әкімі:
— Аудандарға қандай көмек көрсетесіздер?
— Біз телемедицина арқылы жергілікті дәрігерлерге ақыл-кеңес береміз. Сондай-ақ, әдістемелік көмек көрсетеміз. Санитарлық авиациямен дәрігерлер аудандарға шығады. Күн сайын телемедицина арқылы аудандармен байланысқа шығып, науқаспен тікелей тілдесеміз.
— Телемедицина расымен жұмыс жасап тұр ма, жоқ па, соны тексеру үшін шақыртып едім. Жарайды.
— Шын, жұмыс істеп жатырмыз.
— Ақтөбеге барғасын телемедицинаның жұмысын тексеремін…
Бердібек Машбекұлы ауруханада күніне 200-ге жуық адам қабылдайтын емхана жұмысы жайында да сұрады.

Ескі ғимаратты мектеп етеміз…

Қазір аудандағы Т.Жармағамбетов атындағы орта мектептің жаңа ғимаратына оқушы сыймағандықтан, бір бөлігі ескі мектепте білім алып жатыр. Көне ғимарат жаңа мектептің екінші корпусы ретінде айтылады. Аудан әкімі Мамырғали Аққағазов облыс әкімінен ескі ғимаратқа өз алдына мектеп мәртебесін беруді әрі бос қалған интернатты балабақша ету туралы ұсыныс жасады. Егер ескі ғимаратқа мектеп мәртебесі берілсе, онда аудан орталығында 4 мектеп жұмыс жасайтын болады. Бұл ұсынысқа Бердібек Машбекұлы: «Бос қалған интернат ғимаратын балабақша жасау керек. Өте орынды ұсыныс. Мектепті мектеп есебінде қалдыру керек. Бұл туралы тапсырмалар беріледі», — деді.

Ең басты резерв — мал шаруашылығы

Аудан орталығындағы мәдениет үйінде облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың қатысуымен болған активке мемлекеттік мекемелер мен құқық қорғау органдарының басшылары, қоғамдық ұйымдардың өкілдері, кәсіпкерлер, ардагерлер мен жастар, қарапайым тұрғындар қатысты.
— Ауданға жасаған сапарым кезінде біраз елді мекендерде болып, ағайындармен кездестім. Жол, ауызсу, газбен қамту, әлеуметтік нысандардың материалдық-техникалық базасы секілді біраз шешілмей қалған мәселелер бар екен. Байғанин — өндірістік аудан. ¬Аудан жылына 2 миллион тоннадан астам мұнай өндіреді. Бұл бір аудан үшін аз өнім емес. Сондықтан аудан тұрғындарының тұрмысы соған сәйкес болу керек.
Мемлекет басшысының қандай экономикалық дағдарыстар, қиындықтар болмасын, жергілікті басшылар экономиканың даму қарқынын қамтамасыз етуі керек деген тапсырмасы бар. Мұндай кезде біз экономиканы дамытудың басқа көздерін, яғни резервтер мен мүмкіншіліктерді қарастыруымыз керек. Оған облыстың әлеуеті, мүмкіндігі жетеді. Ол үшін әрбір басшы қолына қаламсап алып, баяғыдай есептеп, талдауы керек. Сол кезде қосымша мүмкіндіктерді табуға болады, — деді Б.Сапарбаев.
Өз сөзінде аймақ басшысы аудандағы негізгі резерв — ауыл шаруашылығы, оның ішінде мал шаруашылығы екенін нықтап айтты. «Қанша шақырым жер жүрсек те, мал көрінбейді. Баяғыда бұл жерде жарты миллионға жуық мал болған. Аудандық ақсақалдар кеңесінің төрағасы қазір соның жартысы ғана қалды дейді», — деп облыс әкімі мал басын көбейту мақсатындағы «Сыбаға», «Құлан», «Алтын асық», «Ырыс» бағдарламаларын аудан, ауыл әкімдері тұрғындарға тиісті деңгейде түсіндірмей отырғанын сынға алды.
Ауданда кәсіпкерлікті дамыту ісі көңіл көншітпейді. «Жұмыспен қамтудың жол картасы — 2020» бағдарламасы бойынша аудан биыл бар болғаны 62 миллион теңге несие алған. «Бұл — аудан үшін өте аз. Ауданның кейбір елді мекендерінде екі-үш дүкеннен басқа түк жоқ. Мал болғасын, оның өнімдерін өңдеу керек. Арнайы цехтар жұмыс жасауы тиіс. Дамыған Еуропа елдерінде, әсіресе, Германияда неге дағдарыс жоқ? Неге олардың экономикасы төмендемейді? Себебі олар мұнай, газ, түсті металл деп бір салаға қарап отырған жоқ. Экономиканың басқа салаларын да қатар дамытып жатыр. Әсіресе, кәсіпкерлікке ерекше көңіл бөледі. Мемлекет басшысының елімізде кәсіпкерлікпен айналысатын адамдардың саны экономикалық белсенді тұрғындардың арасында 30 пайызға жетуі керек деген тапсырмасы бар. «Бизнестің жол картасы — 2020» бағдарламасына сәйкес кәсіпкерлерге инфрақұрылым жасау үшін мемлекеттен қаражат бөлінеді. Бұл бағытта ауданда бір-ақ жоба бар», — деді облыс әкімі.
Активте Мамырғали Аққағазов өткен сегіз айдың қорытындысы бойынша ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы жөнінде баяндады.

Көкбұлаққа көгілдір отын, көпір керек

Аудан активінде тұрғындар тарапынан әлеуметтік және жеке мәселелерге қатысты сұрақтар көп қойылды. Көпшілігі экологиялық мәселені алға тартты. Ауданға эколог маман жетіспейді. Сондай-ақ, активте аудандық аурухана дәрігерлері мен білім бөлімі мамандарының атына сын айтылды.
— Жаз айларында балалардың демалуына білім бөліміне жолдама келеді. Менің білгім келгені — жолдама білім бөліміндегі мамандардың балалары үшін бе әлде қарапайым адамдардың балалары үшін келе ме? Мұны айтып отырған себебім — жылда білім бөліміндегі әдіскердің, есепшінің балалары жолдамамен демалады, — деп көпбалалы ана Гүлмира Жұмағалиева шағымданды.
Құзырлы органдардың атына айтылған сындарға мамандар облыс әкімі алдында жауап берді.
Қазір аудан орталығынан 18 шақырым жерде орналасқан Көкбұлақ ауылына газ, көпір керек. Ауыл тұрғындары ауызсудан да зардап шегіп отыр. Мектептің өзі жабылудың аз-ақ алдында тұр.
Жиында Ақтөбе-Астрахан тасжолының ауданға қарасты аумағының құрылысы қашан жүргізілетіні жайында сауал қойылса, енді бірі аймақ басшысынан облыс орталығына Дінмұхамед Қонаевтың ескерткішін орнатуға ықпал етуді сұрады. Ауыл шаруашылығы саласынан зейнетке шыққан Амантұрлы Бақтығалиұлы ауданда мал басының азаюын малдағы жұқпалы аурулармен түсіндірді. Әсіресе, бруцеллезге қарсы шараны күшейту қажеттігін айтты. Бұл мәселеге байланысты облыс басшысы: «Біз Дүниежүзілік сауда ұйымына кіргеннен кейін, оның өз заңдылықтары бар. Егер бізден бруцеллез ауруы шығып, оған вакцина қолданатын болсақ, ертең біздің малдың еті экспортқа шықпай қалады. Бірақ дер кезінде, алдын ала вакцинация жүру керек. Қазір бұл жөнінде Ауыл шаруашылығы министрлігі тиісті жұмыстар жасап жатыр. Ауыл әкімдері бұл бағытта жұмысты күшейтуі қажет», — деді.

Аралдың тұрмысы алда…

Активте аудан әкімі өз құзыреттілігіне кіретін бірқатар мәселелерге байланысты жауап берді. Содан соң Бердібек Машбекұлы: «Қазақстандықтар апатты жағдайда өмір сүріп жатқан жоқ, бірақ экологиялық қиыншылықтар бар. Сіздердің аудандарыңыздың қиыншылығы Аралдың, Семей полигонының қиыншылығынан артық емес. Аралдың табиғи жағдайы сіздерден екі есе төмен. Ал тұрмысы сіздерден екі есе жақсы. Құм, шөп шықпайды. Бірақ суды өздері жинап, тоған жасайды, бау-бақша егеді. Сондықтан ауданда суармалы егіс алқаптарын көбейту керек. Бұған шаруашылықтар көмектесуі қажет. Өйткені әрбір кәсіпорынның әлеуметтік жауапкершілігі болуы тиіс», — деді.
Активте облыс әкімі аудандағы ең негізгі мәселе ретінде жолды атады. «Темір, Байғанин аудандары үшін Ақтөбеден Атырауға баратын жолды жөндеу керек. Жол жөнделмей, ешнәрсе болмайды. Содан соң аудан ішіндегі жолдар жөнделеді. Мемлекет басшысының Үкіметке берген тапсырмасы бар. Енді Инвестиция министрлігі конкурс өткізуі керек. Біздің тарапымыздан бұл істі кішкене болса да биыл бастаса деген ұсыныс болды. Жол жөндеу жұмыстары биыл басталмаса, келер жылы міндетті түрде басталады», — деді Бердібек Сапарбаев.
Аймақ басшысы тұрғындар көтерген мәселелерге байланысты, яғни болашағы жоқ ауылдардың халқын орталыққа көшіру, Кенжалы елді мекенінде цемент зауытын іске асыру жөнінде жауап беріп, діни ахуалға ерекше мән беру, ел ішінде бірлік пен ынтымақты сақтау төңірегінде де сөз қозғады.

Вырезка:

«…Ноғайты селосының Сағыз орта мектебінде үш жылдан бері қызмет ететін география пәнінің мұғалімі, жас маманға облыс әкімі Б.Сапарбаев Мұғалімдер бөлмесінде былай деді:
— Географияны балалар біле ме?
— Біледі. Оқушылар ҰБТ-дан жақсы көрсеткіштер көрсетіп жатыр.
— Дүниежүзінде қанша мемлекет бар?
— 200-ден астам…
— Индонезияның астанасы қай қала?
— ?
— Балаларды осындайға үйрету керек. Мектепте жүрген кезімізде мемлекеттердің астанасы, орналасқан жеріне қатысты қойылған сұрақтарға жарыса жауап беретінбіз. Бұл баланың сана-сезімін ұлғайтады. Сендер жассыңдар. Осыған үлкен мән берулерің керек…», — деді.

**
Активте облыс әкімінің көлік апатына ұшыраған екі полицейді өлім аузынан арашалап қалуға ықпал еткені жайындағы мақаланы облыстық «Ақтөбе» газетінен оқығанын айтқан ақсақал аймақ басшысының бұл ісіне ризашылығын білдіріп, алғыс айтты. «Мұндай қарапайымдылық кез келген адамның бойында бола бермейді», — деді.

**
«Айналаны әкім келеді деп тазаламау керек. Әкім бір күнде келіп кетеді. Ал сіздер қаласыздар. Келе сала әкімді ауыстырып, оның орнына басқа әкім қою менің мақсатым емес. Оның үстіне дайын тұрған әкім де жоқ. Әкімді қолдау керек», — деді актив соңында облыс басшысы.

Арайлым НҰРБАЕВА,
Ақтөбе-Байғанин-Ақтөбе.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button