Басты жаңалықтарМереке

Мерекелік дастарқан жайылды

10 қазан — Мүгедектер күніне орай облыс әкімдігі тарапынан мүмкіндігі шектеулі жандарға құрмет көрсетілді.
Облыс әкімдігінің ғимаратында мүмкіндігі шектеулі жандар жасаған бұйымдардың көрмесі ұйымдастырылды. Қаладағы «Мүгедек балалар», «Қалалық сал аурулар» қоғамдық бірлестіктері мен «Жүйке аурулар үйі» интернатының мүшелері қолдан жасаған бұйымдарын ұсынды. Оның ішінде әшекей, тұрмысқа қажетті түрлі заттар көрме сәнін келтірді. Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев көрмені аралап, көрді. Мүмкіндігі шектеулі болса да бос отырмайтын азаматтардың еңбегіне табыс тілеп, олармен тілдесті. Бұдан кейін әкімдік жанындағы «Дастарқан» кафесінде ас берілді. Облыс басшысы жиналған жұртшылықты мерекемен құттықтады.
— Биліктің міндеті — мүмкіндігі шектелген жандарға қолдау көрсету. Елбасының тапсырмасына орай мүгедек жандарға арналған арнайы бағдарлама қабылданды. Олардың денсаулығын оңалту, жұмыспен қамту шаралары қолға алынды. Мемлекет тарапынан жастардың білім алуына, жұмысқа орналасуына жағдай жасалып жатыр. Осы мақсатқа жыл сайын қомақты қаржы бөлінеді. Биыл бір миллиард теңгеге жуық қаржыға көмек көрсетілді. Оның 480 миллионы мереке қарсаңында материалдық көмек ретінде берілді. Бұл жұмыстар келешекте де жалғасын табады. Қандай қиындық, дағдарыс болмасын сіздерге жасалатын көмек тоқтамайды. Әрине, шешімін таппаған мәселелер де бар. Соның бірі — мүгедектерді жұмысқа орналастыру. Себебі көптеген кәсіпорындар заң талаптарын орындамайды, яғни мүмкіндігі шектеулі жандарға жағдай жасамайды. Соған қарамастан бұл бағыттағы жұмыстарды жақсарту үшін күш салынып жатыр. Мемлекеттен бөлінген арнайы квота бар. Біз солармен жұмыс жасауымыз керек. Қазіргі таңда облыста жиырма мыңнан астам мүмкіндігі шектеулі жан тұрса, олардың екі мыңға жуығы он алты жасқа дейінгі балалар. Олар мемлекеттік мекемелерге, спорт, мәдениет, өнер орындарына еркін кіріп-шығуы керек. Әрине, бұл жұмыстардың барлығын мемлекет бірден жасай алмайды. Қоғам мен билік бірлесе көмек көрсетсе ғана нәтиже шығады. Сондықтан мемлекеттік тапсырыс бойынша жұмыс істейтін облыстағы мемлекеттік емес ұйымдар да белсенді жұмыс жасауы керек, — деді өңір басшысы.
Сондай-ақ, жиында қоғамдық өмірге белсене араласып жүрген мүмкіндігі шектеулі жандарға Алғыс хат пен арнайы сыйлықтар таратылды.
Облыстық «Үздік әлеуметтік жобалар» байқауында орынға ие болған ұйымдардың жұмысы таныстырылды. Бұл байқауда «Ғажап» мүгедек балаларды қолдау ұйымының төрайымы Ботагөз Дүйсекованың мүмкіндігі шектеулі балаларды қоғамнан оқшауламай тәрбиелеуге қатысты жобасы бірінші орынға лайықты деп танылса, «Ақтөбе қалалық сал ауруларды қолдау орталығы» қоғамдық бірлестігінің жобасы екінші орын алған болатын. Ал үшінші орынға Мәртөк аудандық жастар ресурстық орталығы ие болған еді. Орталық жетекшісі Мұрат Айтназаров сал ауруына шалдыққан балаларды иппотерапия әдісімен емдеу жобасын ұсынды. Бұған дейін түрлі қайырымдылық шараларынан қалмайтын Мәртөк ауданындағы «Акбар» шаруа қожалағының басшысы Серік Жақсыбаев Мұрат Айтназаровтың жобасын қолдап, бір жылқы берді.
Сондай-ақ, жиында жергілікті өнерпаздар ән айтып, би билеп жиналғандардың көңілін көтерді.

Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button