Басты жаңалықтар

Ұлтты ұйыстыруға үндеген

Тағзым

Әкелі-балалы батырларға ескерткіш қойылды

Ұлтты ұйыстыру, ынтымағын бекемдеу, ауызбірлігін арттыру жолында күндіз-түні аттан түспей жауға қарсы шайқасқан, толарсақтан саз кешкен, шідерімен су ішкен батырларымыз тарихта аз болмаған. Сондай батырлардың бірі әрі бірегейі – Түркістандағы орталық алаңда орнатылған «Қожа Ахмет Яссауи кесенесінде жерленген қазақтың хан-сұлтандары мен би-абыздары, батырлары мен игі жақсылары» атты ескерткіш тақтаға есімдері жазылған 49 батырдың тізімін бастап тұрған шекті Тілеу батыр Айтұлы.
Қазақ хандығының 550 жылдық мерекесі аясында Шымкент қаласында әйгілі Сайрам соғысының батырлары Тілеу Айтұлы мен ұлы Жолдыаяқ Тілеуұлына алып ескерткіш ашылды. Салтанатты іс-шараға Мырзатай Жолдасбеков, Сұлтан Сартаев, Зақаш Камалиденов, Өмірзақ Озғанбаев бастаған ұлт зиялылары мен мемлекет және қоғам қайраткерлері, Тілеу батырдың туған жері — Ақтөбеден келген делегация қатысты. Облыс әкімінің орынбасары Сәкен Қаныбеков пен облыстық мәслихаттың хатшысы Құдайберген Ержан Тілеу батыр Айтұлының бұл ерлігі қазақтың ынтымақ-бірлігін нығайтуға әлі талай ғасыр үлесін қосатынына тоқталды. Ғалым, академик Мырзатай Жолдасбеков Қазақ хандығының 550 жылдығын атап өту елі мен жерін қорғауда жанын пида еткен батырларымызды ардақтауға мол мүмкіндік туғызғанын атап өтті.
— 1681 жылы жоңғарлардың Қазақ хандығының негізгі бекіністерінің бірі Сайрамға жасаған шабуылын тоқтату үшін әз Тәуке хан батыс өңірдегі ағайындарға хабар жіберіп, көмек сұраған. Сонда Тілеу батыр қасына інісі Қалдыбай мен ұлы Жолдыаяқты ертіп 17 мың сырбазымен келіп, Сайрамда үш жыл бойы жоңғарлармен соғысады. Сол шайқаста ұлы екеуі 11 мың әскерімен бірге опат болады. Әз Тәуке әкелі-балалы батырларды Қожа Ахмет Яссауи кесенесіне жерлеуге бұйырады. Ілияс Жансүгіровтің «Өз ұлын, өз ерлерін ескермесе, Ел тегі қайдан алсын кемеңгерді» деп айтқаны бар. Қазақ хандығының 550 жылдығы аясында «Шекті Тілеу батыр» атындағы қоғамдық қорын құрып, осы ескерткішті орнаттық. «Тұғырын ұлылар өзі қояды, ескерткішін халқы қояды» деп бекер айтылмаған ғой. «Ұлыларды ұлықтау — ұрпақ парызы» десек, біз сол парызды өтеп отырмыз. Қазақ хандығының 550 жылдығы қатардағы мереке емес, тарихымызды танып-білуге жасалған мол мүмкіндік, — дейді ескерткішті орнатуда белсенділік танытқан қайраткер Бекет Тұрғараев.
Әкелі-балалы батырларды арғымаққа мінгізіп, қолына найза ұстатып сомдаған ескерткіштің авторы — шымкенттік танымал мүсінші Әбдікерім Ахметов. Ақын, Қазақстан Жазушылар одағы сыйлығының лауреаты Ертай Ашықбаев: «Тілеу батыр ескерткішін орнату — халқымыз тұтастығының осыдан 300 жыл бұрынғы үлгісін бүгінгі ұрпаққа жария ету. Әбдікерім Ахметовтің туындысы өте сауатты, көркем, мағыналы-маңызды етіп жасалған тамаша құндылық. Оңтүстік өңірі батырларын ардақтап, ескерткіш қоюымен ерекшеленеді. Шымкентке келген сайын ұлт ардақтыларын еске түсіретін ескерткіштерді көріп, тарихымыз түгелденгендей сезінемін» — деп пікір білдірді.
Іс-шара соңынан ел қорғаған батырлар рухына арнап ас беріліп, рухтарына Құран бағышталды.

Үмітхан АЛТАЕВА,
«Оңтүстік Қазақстан» газетінің тілшісі,
Шымкент қаласы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button