Басты жаңалықтар

Мәңгілік елдің патриоттары бас қосты

Дүйсенбі күні Астана қаласындағы «Қазақстан» орталық киноконцерт залында «Мәңгілік ел — болашағы біртұтас ел» атты республикалық патриоттар форумы өтті.
Аталған шараға еліміздің барлық өңірінен келген екі мыңнан астам делегат қатысты. Олар: қоғам қайраткерлері, танымал спортшылар, талантты актерлер, мәдениет қайраткерлері, ғалымдар, үздік дәрігерлер мен мұғалімдер, өнеркәсіп жұмысшылары, ауыл шаруашылығы өкілдері, белгілі кәсіпкерлер және т.б.
Жыл сайын еліміздің әр өңірінде дәстүрлі түрде өткізілетін патриоттар форумы биылғы жылы Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Мәңгілік Ел» жалпыұлттық идеясына арналды.
Форумды Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары Ералы Тоғжанов жүргізіп отырды. Өз сөзінде ол «Мәңгілік Ел» идеясы қазақ елінің ғасырлар бойғы арманы мен мақсаты ғана емес, тәуелсіздік жолындағы жанқиярлық еңбегі мен тынымсыз шығармашылығының нәтижелері арқылы қол жеткен асу екенін атап өтті.
— Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өткен жылы Қазақстан халқына арнаған кезекті Жолдауында: «Біз еліміздің 2050 жылға дейінгі дамуының жаңа саяси бағдарын жария еттік. Басты мақсат — Қазақстанның ең дамыған 30 мемлекеттің қатарына қосылуы. Ол — «Мәңгілік Қазақстан» жобасы, ел тарихындағы біз аяқ басатын жаңа дәуірдің кемел келбеті» — деп, «Мәңгілік Ел» жалпыұлттық идеясын ұсынған болатын. Бүгінге дейін, міне, екі жылға жуық уақыт аралығында Елбасының жаңа идеясын халық жан-жақты қолдап, ел дамуына өз үлестерін қосуда. Соның бір дәлелі — бүгінгі Патриоттар форумы. Бұл шараны ұйымдастыру жыл сайын игі дәстүрге айналып отыр. 2015 жыл Мемлекет басшысының Жарлығымен «Қазақстан халқы Ассамблеясы жылы» деп жарияланды. Ассамблея жылы — ол бірліктің, келісімнің жылы. Осы орайда әрбір азамат біріне-бірі қолдау жасауы керек, — деді Ералы Тоғжанов.
Сондай-ақ, ол биылғы жыл еліміз үшін тарихи оқиғаларға толы жыл болғанын, атап айтсақ, Ұлы Жеңістің 70 жылдығы, Ата Заңның 20 жылдығы және Қазақ хандығының 550 жылдығы секілді айтулы мерекелер Қазақ елі үшін маңызы зор шаралар екенін айтып өтті.
Бұдан кейін ҚР Президенті Әкімшілігі жетекшісінің орынбасары Бағлан Майлыбаев Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың форум қатысушыларына арнаған құттықтау хатын оқып берді.
— «Мәңгілік Ел» Қазақстан патриоттар форумына қатысушыларына сәлем жолдаймын. Бүгінгі форум ерекше. Ол Конституциямыз бен Қазақстан халқы Ассамблеясына 20 жыл толған мерейлі жылда өтуде. Бұл — халқымыздың бірлігі мен келісімінің бірегей дәстүрі, туған жеріміз — Ұлы Дала еліне ерекше сүйіспеншіліктің арқасындағы табыстарымыздың тіректері. Форум қазақстандықтарды «Мәңгілік Ел» идеясына ұйыстыруға және қоғамның тұрақтылығы мен бірлігін нығайтуға қызмет етеріне сенемін.
Форум қатысушыларына және барша қазақстандықтарға зор денсаулық, жаңа табыстар тілеймін». Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев. Астана. Ақорда.
Елбасының «Мәңгілік Ел» идеясы — бұл біздің тәуелсіздігіміз бен тұрақтылығымыздың арқасында жүзеге асырылатын үлкен бағыт. Сондықтан бүгінгі форумға келген барлығыңызға осы бағытта табысты еңбек етулеріңізді тілеймін. Ата-бабаларымыздың сан мыңдаған жылдар бойғы асыл арманы болған Мәңігілік еліміздің іргесі мәңгілік болсын! — деді Бағлан Майлыбаев.
Форумда ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Қуаныш Сұлтанов сөз сөйлеп, Қазақстанда «Мәңгілік ел» телеарнасын құруды ұсынды.
— Мемлекетіміздің терең тарихына талдау жасап, тәуелсіз Қазақстан халқын бір мақсатқа жұмылдыратын Жалпыұлттық идея, Ұлы Дала кеңістігіндегі «Мәңгілік Ел» стратегиясының 2050 жылғы даму бағдарламасы — ұлтымыздың жарқын болашағы. Ұлттық идея ретінде тарату үшін Қазақстан халқы Ассамблеясы атынан алдағы уақытта осыны халыққа, болашақ ұрпаққа жеткізу, тек қана өзіміздің мемлекетте ғана емес, көрші елдерге де, басқа алыс елдерге жеткізу мақсатында арнайы «Мәңгілік ел» бағдарламасын немесе «Мәңгілік ел» телеарнасын жариялап, жұмыс істетуге ұсыныс жасағым келеді, — деді ол.
Сондай-ақ, ол мыңдаған жылдар көксеген арманымыз, тәуелсіздігіміздің жемісі — Елбасымыздың жеңісі, еркін ел болу бақытын, ұлттың, халықтың ынтымағын жасампаздық игілігіне жарату — біздің отаншылдық борышымыз екенін жеткізді.
— Ұлы жолда барлық ел азаматтары үшін Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлының сенімді тірегі әрі көмекшісі болу — барлығымызға абыройлы міндет. Жасасын Қазақстан, жасасын Елбасы! — деп түйді сөзін Қуаныш Сұлтанов.
Шарада бірқатар жастар мен ел патриоттары халықтың «Мәңгілік Ел» жалпыұлттық идеясына, Ұлт көшбасшысының бес институционалдық реформасына деген ерекше қолдауын білдіріп, «Мәңгілік Ел» идеясын, біртұтас болашақты қалай түсінетінін айтып, жүрекжарды тілектерін жолдады. Олардың қатарында ғарышкер Айдын Айымбетов, «Милосердие» қайырымдылық қорының директоры Аружан Саин, ақын Маралтай Ыбыраев, актер Нұрлан Әлімжанов, Халық қаһарманы, радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институтының офицері Азамат Жұмаділов, тағы басқа азаматтар бар.
Патриоттық форумда Елбасының «Ұлт жоспары — 100 нақты қадам» атты бес институционалдық реформасының аясында іске асырылатын Қазақстан халқы Ассамблеясының «Үлкен ел — үлкен отбасы» жалпыұлттық жобасы қаралды. Ол — қазақстандық бірегейлікті нығайтуға және «Мәңгілік Ел» құндылықтары негізінде бірыңғай азаматтық бірлікті қалыптастыруға бағытталған арнайы іс-қимылдар бағдарламасы. Жоба аясында елімізде отансүйгіштік тәрбие басымдылықтарын, болашағы біртұтас ұлтымыздың зияткерлік, мәдени және рухани құндылықтарын алға бастыруға негізделген кең ауқымды акциялар мен іс-шаралар жүзеге асырылады.
Шара барысында «Жыл патриоты» байқауының қорытындысы бойынша елімізде әртүрлі салада еңбек етіп, Қазақстанның дамуына өз үлесін қосып жүрген, сондай-ақ, Отанға деген сүйіспеншілігін күнделікті еңбегі мен нақты істерімен дәлелдей білген бір топ ел патриоттары марапатталды. Олар: КСРО және Қазақстанның халық әртісі Бибігүл Төлегенова, ғарышкер Айдын Айымбетов, қарағандылық танымал спортшы Геннадий Головкиннің анасы Елизавета Головкина, ақтөбелік «Динар-Электромаш» ЖШС «Энергия» сауда орталығының іс басқарушысы Сергей Вишняк, алматылық «Казлегпром – Алматы» ЖШС бас директоры Айбек Бектұрғанов, ақмолалық «Темірлан» ЖШС директоры Ерлан Алин, батысқазақстандық ержүрек оқушы Никита Тюкин.
Форумның соңында жеңімпаздарға арнайы сыйлықтар табысталып, жиналғандар «Атамекен» әнін орындады.
Айта кету керек, форумға Ақтөбе облысынан 8 делегат барды.

***

Бибігүл ТӨЛЕГЕНОВА, КСРО және Қазақстанның халық әртісі:
— Елбасының «Мәңгілік Ел» идеясы — бұл отаншылдық, ұлтжандылық және этносаралық ынты¬мақ рухында тәрбиелеудің ең не¬гізгі өзегі. Көпұлтты Қазақстан жағдайында өркениеті барынша дамы¬ған отыз елдің құрамына кіру – ел мен жерге деген сүйіспеншілігі шексіз пат-риот азаматтарсыз мүм¬кін емес шаруа. Сондықтан да әрбір қазақ¬стан¬дық Ота¬ны¬мыз — Қазақ¬станды жан-¬¬тәнімен сүйетін патриот болуы тиіс. «Мәңгілік Ел» ұлттық идеясының арқауы да осында.
Бүгінгі форумға қатысқан жастарымыздың білімді, өнерлі, бәсекеге қабілетті екенін көріп, бір жасап қалдым. Осындай жастарымыз барда біздің еліміз Мәңгілік Ел болады деп сенемін. Елбасымыз жастарға көп көңіл бөліп келеді. Соның арқасында олар шетелдерде білім алып, елімізге білікті маман болып оралуда.
Мен үшін «патриот» деген ол өзі үшін ғана емес, Отаны үшін өмір сүріп, қоғамға, мемлекетке адал қызмет ететін адам. Қазақта «Ала берген адам бере білуі де керек» деген жақсы сөз бар. Сондықтан жастар өздерін білім нәрімен сусындатып, биікке шығуына мүмкіндік жасаған мемлекетке, елге қызмет етіп, өз парызын орындауы керек. Егер адам ерінбей еңбек етсе, кез келген жағдайда жақсы өмір сүреді және өз биігіне қол жеткізеді.
Бүгінгі форумға қатысушы жастарға табыстар, жаңа жетістіктер мен биік белестер тілеймін.

Маралтай ЫБЫРАЕВ, Қазақстан Жазушылар одағы басқарма төрағасының орынбасары, ақын:
Елдік — ұлы мұрат. Оны қарапайым сөзбен жеткізу қиын, оны жан-тәніңмен сезіне білу қажет. Өйткені халқы¬мыз¬дың қаншама ұл-қыздары сол елі үшін қан мен терін төкті. Елбасы «Мәңгілік Ел» деген ұғымды халық жадына бекерден-бекер салып отырған жоқ. Оның маңызы тереңде. Елбасының осы идеясын мен сол Мәңгілік Елге жету үшін тарихымызды түгендеп, халқымыздың бола¬шақта қан¬¬дай болуы керектігін қадап айтқан тапсырмасы деп ұғамын. Биылғы жылы тойланып отырған тарихи мерекеміз — Қазақ хандығының 550 жылдығы біздің ұлы мемлекет екенімізді айқындайтын маңызы зор шара. Ал бүгінгі форум сол тарихи мезеттерді тағы бір парақтап, Елбасының бастамасымен қолға алынған «Мәңгілік Ел» жалпыұлттық идеясын қолдайтын жастардың басын қосқан үлкен басқосу болды.
Мәңгілік Ел — арманымның асқары,
Мәңгілік Ел — бағытымның бастауы.
Мәңгілік Ел — тарихымның дастаны,
Мәңгілік Ел — нұрлы жолға бастады.
Мәңгілік Ел — менің аппақ мұратым
Болашаққа нұрын шашып тұратын.
Мәңгілік ел — нұрлы жолы қазақтың
Бар әлемге мойындатар қуатын…

Бауыржан ИСЛАМХАН, «Қайрат» футбол клубының мүшесі:
— «Мәңгілік Ел» идеясының түп қазығы — ел тәуелсіздігі мен тұрақтылығында деп ойлаймын. Осы ұлттық идеяның шырағын жаққан Елбасымыз халқымыздың әлемде алар орнын айқындап, адаспас жол, айнымас бағыт белгілеп беріп отыр. «Мәңгілік Ел» идеясы – теңдессіз, патриоттыққа толы идея. Ата-бабаларымыздың арманы. Бүгінгі біздің өміріміз, болашақтың бақытты жолы. Сондықтан да баршамыз тізе қосып, бірліктің туын берік ұстап, алауыздықтан аулақ болып, бір мақсат үшін, бір болашақ үшін аянбай тер төгіп, ерінбей еңбек етуге тиіспіз. Жастарға осы жолда белсенділік танытып, қандай салада жүрсе де ел дамуына өз үлесін қосуға шақырамын.

Данагүл ҚАЗИХАН.
Ақтөбе-Астана-Ақтөбе.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button