Қазақ хандығы-550

Былшық би және оның заманы

Светлана Смағұлова,

Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты директорының орынбасары, тарих ғылымдарының докторы, профессор

 

Қазақ қоғамында әр өңірдің халық арасында танымал билері елімен бірге өмірдің ауыртпалығын да, қуанышын да көзімен көріп, қиын кезде қол ұшын беріп, ру мен ағайындар арасындағы дау-дамайды реттеп отырған. Билердің қоғамдағы орны аса жоғары болғандығы оның төрелік айтуымен қазақ тұрмысында кездесетін түрлі мәселелер шешімін табуымен өлшенеді. Бұл турада заңгер, академик С.Зиманов былайша ой толғаған: «Қазақтың билер соты өзіне жүгінген тараптардың дауларын қарастыра отырып, тараптардың арасында, рудың арасындағы бітімгершілікке және бірлікке қол жеткізуге тырысатын. Билер сотының осы асқақ мұраттарының талабына жауап беру үшін билер дала даналарының мектебінен өтуге, алдыңғы ұлы билердің сынынан сүрінбеуге тиіс болған».

Былшық би деген кім деген сұраққа оның өмір жолдарымен айналысқан, шешен сөзін естіп, төрелігіне қанық болған адамдар бірден атақты би, әйгілі шешен, ұлт қайраткері, Кіші жүздің соңғы биі деп жауап береді.

Былшық би туралы «Ақтөбе» энциклопедиясында келтірілген мәліметтерге сүйенсек, ол 1860 жылы Ақтөбе облысы, Әйтеке би  ауданының, Аралтөбе ауылы, Ақсу елді мекенінде дүниеге келген. Бұл аудан бұрынғы Ырғыз уезіне  қарап, 1921 жылы іргелес Шалқар бөлініп кетсе, 1934 жылы Қарабұтақ ауданы еншісін бөліп алған екен. Ырғыздың іргетасы 1845 жылы  қаланып, қазақ даласын басқару үшін Ресей өкіметі шығарған уақытша Ережелерге сәйкес 1868 жылы уезд ретінде Торғай облысының құрамына енгізілді.

Ақтөбе мен Ырғыз  уездерінің арасындағы шекара бойын Мұғалжар тауы бөліп, оның шығыс жағындағы село Қарабұтақ форты аталған. Бұл фортты керуен-сауда тракты ретінде қолданған. Тарихында осы Қарабұтақ өңірі  туралы, онда мекен еткен атақты азаматтар туралы соңғы кездерде айтылып та, мерзімді басылымдарда  жазылып та жүр. Былшық би осы өңірде дүниеге келіп, оңы мен солын танып, екі жүйенің де билігін көріп, әділ төрелігін айтып, әділетке арашашы болған.

 Бидің ата-тегі: Әлім – Төртқара – Құламан – Андағұлынан тарайды. Шежірешілердің таратуы бойынша Әлім-Төртқара-Құламан. Құламаннан Андағұл да, одан – Тілеу, Тілеуден – Досан (Жантайлақ дейтіндер де бар),  одан – Итқара,  Итқарадан – Мүсіреп, одан – Әбдібай – Сейіт, одан – Құтаяқ (Былшық би).

Атасы Әбдібай сол өңірдегі бірден-бір дәулетті адам болған деседі.  Ырғыздың негізгі бастаулары бірігіп, үлкен өзен болып ағатын тұста, Өтеш саласының бойын мекендеген атақты бай Әбдібайды сол өңірдің бәрі жақсы таныса керек. Қазір Бақсайыс бойында киелі деп аталатын орындардың бірі осы кісінің есімімен тығыз байланысты.

Былшықтың әкесі Сейіт те сыйлылығымен, парасаттылығымен танылған, әрі дүйім қазаққа әйгілі Есет Көтібарұлының замандасы, сырласы болыпты. Ұлының өңірге атағы жайылатын дана болатындығын осы Есет батыр түс көріп айтса керек. 

Былшық бидің нақ аты – Құтаяқ. Оның Былшық аталып кетуінің  себебі көзі жасаурай беруінен екен. Би атауына бала жасынан ие болыпты. Ірі дауларға әділ төрелік айтып, ел аузына іліккен баланы күллі халық құрметтеп, ел ішіндегі жер, жесір, мал дауларын шешуде соған жүгінген деседі. Былшық бидің абыройын асқақтатып, атағын шығарған шалқарлық Мырзағұл мен Жағалбайлы Дербісәлі арасында болған бір жесір дауына айтқан төрелігі болса керек. 17 жасар бала би екі елдің іргесі шайқалмастай әділ төрелік айтып, көзге түскен. Осы төрелікке риза болған елдің игі жақсылары бата жасап, оған би атағын береді. Міне, осыдан барып, оған тек сол өңірдің ғана емес, күллі Кіші жүздің жұрты төрелік айтуды беріпті.

Былшық бидің шешендігі, даналығына қатысты әңгімелер ел арасында ауыздан ауызға тараған. Оған әділдік іздеп келушілер ризалықпен аттанып, еліне барғаннан кейін жыр қылып айтады екен.

Былшық би қазақ шежіресін де жақсы білген. Бұл турада 1990 жылы «Ақтөбе» газетінде жарық көрген Әнес Былшықбиұлы Төлегенов «Мен де бір бәйтеректің жапырағы» деп аталған мақаласында былай деп жазыпты: «Былшық би қазақтың шежіресін өте жетік білген. Жармола (Ырғыз), Қарабұтақ бекіністерінде өтетін дәстүрлі жәрмеңкелерде төбе би болған, ел арасындағы дау-жанжалдарды шешуге қатысқан. Байсайыс болысының бас биі болған. Төртқара руында өткен әйгілі тойбастарда дәстүрлі аталық сөздерді Былшық би бастаған».

Жоғарыда атап өткеніміздей, Былшық би патша үкіметі мен кеңестік жүйе билігі кезінде өмір сүрген. Ол Ресей империясының қазақ халқын отарлау мақсатында реформалар жариялап, орыстандыру, қоныстандыру, шоқындыру саясатын жүргізгендігін көзімен көрді. Рухани тұрғыда отарлауда миссионерлерді жіберу арқылы дінге, тілге, ділге тигізген қысымшылықты да байқады. Орыс шенеуніктері айтқанына көнетін, айдауында жүретін халық ретінде ұстау үшін түрлі амал-тәсілдерді қолданған. Ру басшыларына, елдегі атақты би-болыстарға шен-шекпен беру, сый-сияпат беру арқылы алдап, өз дегендерін солар арқылы жүзеге асыруға тырысқан.

Патша үкіметінің ұстанған бұл зымиян саясатына қарсы сол кездің өзінде қазақ даласының түкпірінде түрлі наразылықтардың болғандығын мұрағат құжаттары мен сол кездегі орыс әскерилері мен миссионерлерінің жазғандары дәлелдейді. Мәселен, ХІХ ғ. 60-жылдардағы реформалардың жүзеге асуына қарсылық білдірген шағын болса да бас көтерулер батыс өңірде орын алғандығына Н.Середа «О волнениях в киргизской степи в 1869-1870 годах» деген жазбасында тоқтап кетеді. Торғай облысының алғашқы əскери губернаторы генерал-майор Л.Ф.Баллюзек (1869-1877 жж.) реформа бойынша Торғай мен Ырғыз, Елек уездерінде қиыншылықтар кездесіп, оны тоқтатуға әскери отрядтарға жүгінуге тура келгендігін жазған.

Міне, осындай Ресей империясының қазақтың құқықтық жағдайын өзгерту арқылы ұлттық санасы мен ұлттық мәдениетін орыстандыруға бағытталған саясатын бала би өз көзімен көріп өсті. Ол сөйтіп, орыс үкіметінің елді тәуелділікте, кіріптарлықта ұстап, қоқан-лоқы көрсетіп, бас көтергендерді абақтыға қамап, жерін тартып алып, келімсектерге үлестіріп, қазақтың өзін құмды, тасты жерлерге қуып, әбден қорлағандығын білді. Орыс шенеуніктерінен бір, олардың қолшоқпары болған, жуан жұдырықтылардан екі қысым көрген қарапайым халыққа қорған болуға ұмтылған Былшық би жайында халық арасында әңгіме тарауы осыдан деуге болады.

Алматы қаласындағы Ғылым Ордасы кітапханасының сирек қорлар бөлімінде сақталған Құрманәлі ақын мен Қарасақал Мариям Қалманқызының айтысында Былшық бидің аты аталып кетеді. Қыз бен жігіт айтысында бірін-бірі қағытып әзілдескен кезде Құрманәлі ақын:

Балшықбай, Құламенде, Былшық биің,

Дұшпанды  қарсы келген қылған майып,

деуінен Былшық бидің атағы сол өңірге ғана емес, бүтін Кіші жүзге жайылып, оның сөзбен жеңбей қоймайтындығын дәлелдегендей. Бұл айтысты Сайыпназар Бекназарұлы Бисарин жазып алыпты. Әрине, бұл бидің өмірін анықтауда бірден-бір дерек десек те болады.

Былшық би еліне қамқор болып, әр қиын сәтті ақылымен, даналық сөзімен алып шыққандығын:

Алты Әлім, арқаңда өстім, шалықтадым,

Әділ ұл екенімді анықтадым.

Басқа күн, қиын-қыстау іс түскенде,

Күндіз-түн жұмысыңа жалықпадым.

Мұз балақ, қырау қабақ, болат тырнақ,

Бүркіттей аспанда ойнап қалықтадым.

Дұшпанның төбесінен бүріп едім,

Ерінбей еңбек етіп жүріп едім.

Күн туса қиын-қыстау ер басына,

«Өл» деген жерлеріңде тұрып едім —

дей келе, тілі мен билігін Жетіру, Әлім менен Шөмен мойындағандығын мақтан тұтқан.

Былшық бидің өмірінің соңы кеңестік жүйенің ірі байларды тәркілеу, жер аудару, ұжымдастыру кезеңімен тұспа-тұс келді. «Асыра сілтеу болмасын, аша тұяқ қалмасын» деген ұранға қарамастан, күш көрсетіп, таптық жіктеліске қарамай, белгіленген жоспарды орындау мақсатында кедей шаруаның да қолындағы бар малдарын тартып алып, отбасымен «итжеккенге» аударғандығын, күштеп ұжымдастырып,  мінер жалғыз атын немесе асырап отырған биесін алып, серіктестікке ортақтастырып, айтқанына көндіріп, айдауында жүргізген үкіметтің саясатын өз көзімен көрген би қарсылығын жасырмай, халық арасында ашық білдірген. Ол кеңес үкіметінің жүргізіп отырған саясаты Ресей империясының «бұратана» атанған халықтарға қатысты жүргізген отарлау, орыстандыру саясатының жалғасы екендігін халық арасынан суырылып шығып, жасқанбай сөйлеген екен. Осы әрекеті үшін «халық жауы» деген айыппен тәркілеу мен ұжымдастыру басталмай жатып, 1928 жылы Ақтөбе түрмесіне қамалды.

Тарих ғылымдарының докторы, профессор Төреғали Қаратаевтың 1999 жылы «Ақтөбе» газетіне жариялаған Былшық бидің түрмеден жазған өлең хатына сүйенсек, ол түрменің тар қапасында нақақтан қор болып отырғандығын байқау қиын емес.

Жүргенде біреу шалқып, біреу толқып,

Аларсың бауырыңа бәрін жиып.

Өмірді өкінішпен қапы өткізіп,

Отырмыз тар тұтқында іштен күйіп,

деп айтқан жыр жолдарынан-ақ оның ішкі жан күйзелісін аңғарасың.

Бидің бұл өлең хатынан үкіметке деген өкпе-назды да, өкінішті де байқауға болады. Қиын-қыстау кезде елмен бірдей еңбек етіп, барлық ауыртпалықты бастан өткізсе де, «халық жауы» деп танылып, ұзақ уақыт кеңестік жүйенің қолданған азабын тартты.

Биді жасы жетіп, қартайған шағында кеңес өкіметінің абақты қапасына салып, сағын сындырмақ болғандығы, біріншіден, оның халық арасында беделі зор, сөзін тыңдата алған әділ азамат екендігін айғақтап берсе, екіншіден, сол кезеңдегі билік саясатының ақ пен  қарасын ажырата отырып, халыққа жасаған қысымға қарсы уәж айта білген адам болғандығын танытып тұр. Үшіншіден, бидің ел арасындағы абыройынан жергілікті үкімет секем алып қалды. Бұл жерде бидің кеңестік жүйенің қарапайым халыққа жүргізіп отырған саяси науқандарының қолайсыздығын, әкімшілік бақылаудың зорлығын сынау арқылы халықтың көңілін демеп, түйіні шешілместей көрінген күрделі дау-шарларды бірауыз түйінді сөзбен    үкімге тоқтауды да білген.

Төртқара баласына еттім еңбек,

Мәпелеп, шаң тигізбей бақтым жемдеп.

Дегендей «өлдім-талдым сен болмасаң»,

Талайды өрге сүйреп, кеттім демдеп.

Бір кезде түбі қайран суат едім,

Қанғандай сансыз жылқы келсе шөлдеп,

деуінен-ақ, бастарына күн туған талайларға қамқор болғандығын сезуге болады.

Құтаяқ Сейітұлы – кеңестік қуғын-сүргіннің құрбаны. Ол қамалған жылы, яғни 20-жылдың соңында үкімет саясатын сынға алған қаншама қазақ азаматтары тұтқындалып, бірі лагерьлерге қамалса, екіншілері жер аударылды, тағы бірі өлім жазасына кесілді. Былшық бимен бірге жазалы болған азаматтардың көбі ел басына күн туған қиын тұстардың құрығына іліккендер. Олардың атын ұзақ жылдар бойы бұрмалаудың нәтижесінде атаудан қалдық. Сол кездердегі саяси айыптаулар мен заңсыздықтардың құрбаны болғандардың тағдырын қалпына келтірер уақыт келген сияқты.

Жазықсыздан қуғындалып, түрме торына қамалғанның өзінде сағы сынбаған, «Кіші жүздің кенже биі» атанған Былшық бидің  өмір жолдары мен дуалы сөздерін жинақтап, тарих бетіне жазып, тұлғалық  қасиетін халыққа танытар мезгіл жетті.

Ендігі тарихшылар мен өлкетанушылар мынадай міндеттерді шешуге тиіс деп ойлаймын:

1) Былшық бидің халық жадында сақталып қалған даналық, аталық сөздерін жинастыру үшін арнайы экспедиция ұйымдастыру;

2) Ақтөбе облысындағы мұрағаттардан бидің өмір жолдарын қалпына келтіретін құжаттық материалдарды іздестіру;

3) Жинақталған құжаттық материалдар мен экспедиция материалдары негізінде Былшық биге арналған  жинақ шығару;

4) Өлкетану музейіне биге арнап бұрыш ашу.

Бұл аталған іс-шаралар алдағы уақытта біртіндеп жүзеге асары даусыз.

Қорыта айтқанда, сөз билігімен күмәнді, даулы істерді шешіп, елге сыйлы, әділдігімен танымал болған Былшық бидің тарихтағы орны ерекше. Ол  ісімен,  көсем сөзімен, даналығымен танылған құрметті тұлға. Болашақ ұрпақты ізгілікке, адамгершілікке, елжандылыққа тәрбиелеуде елдің тұтқасы болған бидің өмірі мен мағынасы терең және аса мәнді нақыл сөздерін үлгі ету сіз бен біздің парызымыз деп білеміз.

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button