Қазақ хандығы-550

Қазаққа қымбат жыл

Белгілі ғалым, тарихшы Мәмбет Қойгелдінің: «Кеңестік дәуірде Қазақстан тарихы Москвада төрт рет талқыға түсіпті. Бірде-бір республиканың тарихы мұндай талқыға түскен емес. Талқыға түскен Қазақстан тарихы ғана» — дегені бар.

Ал тарихшылардың келесі тобы бұл пікірмен толық келіспейді, біз ғана емес, бағынышты халге түскен халықтардың қай-қайсысы да осындай қысымды бастан өткерген деп есептейді. «Жаулап алынған халықтың тарихи санасын жоюға ұмтылу — империялардың кәсібі. Ресей ғана емес, Қытай да, Англия  да, басқалар да өздері бағындырған халықтарға осыны істеген» — дейді. Сөйтсе де, мысалы, Бекмаханов көрген қуғынның тұсында КСРО-ның сол кездегі ең беделді тарихшы ғалымдарының бірі, академик Анна Панкратованың өзі: «Бірқатар тарихшылар қазақ халқының тарихын қалайда кемсітуге тырысады. Мен ұқсас тарихи жағдайдағы грузин патшалары мен өзбек хандарының прогрессивті тұлғалар саналып, ал қазақтар неге Абылай мен Кенесары Қасымовты қаралауы тиіс екенін мүлде түсінбеймін» — деп қынжылыпты.

Мұны еске алып отырған себебіміз, Қазақ Ордасының 550 жылдық мерейтойын атап өтетініміз белгілі болған тұста: «Тәуелсіздік алғанымызға  біраз уақыт болды. Осы кезге дейін неге Қазақ хандығының мерейтойлары атап өтілмеді?» — дегендер болды. Иә, неге? Мұның себебі — біздің тарихшыларымыздың осыған дейін Қазақ хандығының нақты қай жылы құрылғаны жөнінде ортақ шешімге келмегендігінде. Бұл тұрғыда бір емес, бірнеше нұсқа айтылады. Міне, осының өзінен Кеңес кезіндегі біздің тарихымызға деген қысастықтың салқыны, табы сезіледі.

Сонымен, тарихшыларымыз бірнеше нұсқаны алға тартып келді. Солардың ішінде басты үш нұсқа бар: 1465 жыл; 1456 жыл және 1470 жыл.

Қазақ хандығының құрылғанына 550 жыл толуын атап өтуге әзірлік қарсаңында да тарихшылар тарапынан осы нұсқаларға қатысты дау тағы бір бұрқ ете қалғандай болды. Ең алдымен, 1465 жыл деген дата қайдан алынды?

Бұл, бұрын да айтып жүргеніміздей, Мұхаммед Хайдар Дулатидің «Тарихи Рашиди» еңбегінен алыныпты. Мұхаммед Хайдар Дулати 1499-1551 жылдары өмір сүрген. Ал оның аталған еңбегі ХVІ ғасырдың 40-жылдарында жазылған. Осында Қазақ Ордасының тарихы хижраша 870 жылдан басталғаны айтылады.

Хижраша 870 жыл қазіргі біз қолданып жүрген күнтізбе бойынша — 1465 жылдың 24 тамызынан 1466 жылдың 11 тамызына дейінгі уақыт. Тарихшылардың айтуынша, Керей мен Жәнібек сұлтандар бастаған көш — 1465 жылдың күзінде болған оқиға. Орта ғасырдан қалған нақты еңбекте («Тарихи Рашиди») айтылған бұл датаға неге тоқтам жасалмайды? Мәселе мынада болып шықты: «870 жыл» деген датаны көрсете отырып, Мұхаммед Хайдар Дулати қасына жақша ішіне «Ақиқатын Алла біледі» деген сөз жазған. Бұл нұсқаны қолдамайтын ғалымдар осы сөзге байланысты: «Көрдіңіздер ме, автордың анық сенімі жоқ, бұл — оның күдіктеніп отырғанының белгісі» — дейді.

Осы орайда біз белгілі тарихшы Талас Омарбековтің пікірін ұсынғымыз келеді. Өткен жылы «Түркістан» газеті редакциясында ұйымдастырылған дөңгелек үстелде ол: «Дулатидің аталған еңбегінде: «Қазақ сұлтандарының билігі 870 жылдан басталды» деген де, сол сөйлемнен кейін «Ақиқатын Алла біледі» деп жазылған. Міне, тарихшылар осы сөзге жабысып қалады. Олар, міне, көрдіңіздер ме, Дулатидің өзі «Ақиқатын Алла біледі» деп сенімсіз, күдіктеніп айтып отыр дейді. Бұл сөз, бұдан кейін де талай айтылады. Орта ғасырлық барлық жазбаларда Құран сүресін қолдану қағида болған. Мәселен, Дулати тек бұл жерде ғана емес, «Ақиқатын Алла біледі» дегенді басқа тұстарда бірнеше жерде қолданады. Бұны тіпті Дулатиден бұрынғы Рашид-ад-Дин де жазбаларында жиі келтіріп отырған. Адам шындықты мойындағысы келмесе қиын ғой» — деп, тоқетерін айтыпты. («Түркістан». 19 қараша, 2014 жыл.)

Ал 1456 жыл деген дата да осы «Тарихи Рашидиден» алынған. Бірақ бұл жерде қате кеткенін тарих ғылымдарының докторы, профессор Берекет Кәрібаев «Қазақ хандығының құрылған уақытына байланысты пікірлер, оларды талдау» атты мақаласында түсіндіріп берді: «В.В.Вельяминов-Зернов 1864 жылы Санкт-Петербург қаласында жарыққа шыққан «Исследование о Касимовских царях и царевичах» атты зерттеуінің екінші кітабын қазақ сұлтаны, XVII ғасыр басындағы Қасым хандығының билеушісі Ораз Мұхаммедке арнайды. Автор Ораз Мұхаммедтің Орыс ханға дейінгі шығу тегін анықтау үшін көптеген шығыс деректерінің мәліметтерін қолданады. Кейбір дерек мәліметтері автордың пайдалануы арқасында алғаш рет ғылыми айналымға енгізіліп, ғылыми көпшілікке белгілі болады. Сондай деректердің біріне Мұхаммед Хайдар Дулатидің «Тарихи Рашиди» атты еңбегінің мәліметтері жатты…
В.Вельяминов-Зернов Әбілқайыр ханның Дешті Қыпшақта билеуші боп тұрғанын айта келе, оның қай кез, қай жылдар екенін оқырмандарға түсіндіре кету үшін «Бұл кезде» деген сөз тіркесінен кейін (шамамен 860-1456 ж.) деген датаны жақша ішінде өзі қолданады. XIX ғасырдағы тарихи зерттеулерде авторлар өзіндік түсіндірмелерін мәтіннің арасына кіргізіп, оларды жақшамен бөліп көрсету дәстүр болатын. В.Вельяминов-Зернов та осы әдісті қолданады. Сөйтіп ол, Әбілқайыр ханның хижра бойынша – 860 жыл шамасында, қазіргі жыл қайыру бойынша –1456 жылы Дешті Қыпшақта билеуші боп тұрғанын түсіндіре кетеді. Және де «шамамен, 860 жылы» деуі – хижраның 860 жылының төңірегін меңзейді. Ол жылдар –1455-1458 жылдар шамасы…
Шығыстанушы ғалымның сол кездегі ғылыми беделі, атақ-дәрежесі ол қолданған 1456 жылды – басқа зерттеушілер Керей мен Жәнібек хандардың Әбілқайыр ханнан бөлініп, Қазақ хандығын құрған жылы деп түсінеді. Кейіннен бұл датаны Ш.Құдайбердіұлы, А.Чулошников, М.Тынышбаев ең дәлелденген, дұрыс дата ретінде қолданады. Ал олардан кейін «1456 жыл» басқа тарихшыларға ауысады. Соңғы жылдары бұл датаны М.Мағауин «Қазақ тарихының әліппесі» атты кітабында қолданып, одан әрі жаңғыртып жібереді. Қазіргі күнде мерзімді басылым беттерінде журналист ағайындар, негізінен, М.Мағауиннің еңбегіндегі датаға негіздеп тұжырымдар жасап жүр».

(Бұған өз тарапымыздан қосарымыз: бұл үзіндіде айтылған Ораз Мұхаммед Онданұлы — қазақ сұлтаны, Мұхтар Мағауиннің «Аласапыран» романының бас кейіпкері. Ол 1588 жылы Сібір хандығының астанасына барған сапарында орыстардың қолына түсіп, Мәскеуге жөнелтіледі. 1600 жылы орыс патшасы Ораз Мұхаммедті Ресей құрамындағы Қасым хандығының ханы етіп тағайындаған. Қасым хандығы қазіргі Рязань облысының аумағында орналасқан.)

Ал Қазақ хандығының құрылуын 1470 жылға нұсқайтын тарихшылардың пікіріне келсек, олар Ақ Орда хандарының ұрпақтары болып табылатын «Керей мен Жәнібек Ақ Орда астанасы — Сығанақты нақ осы жылы қайтарып алған» дейді де, ата тағын жауларынан қайтарып алған соң ғана олардың хандық дәуірі басталған деген тұжырым ұсынғылары келеді.

Осылайша,  тарихшыларымыздың бірі анда, бірі мында тартуы себепті, бүгінге дейін Қазақ хандығының құрылған уақытына қатысты нақты тоқтам айтылмады. Дегенмен әр халық өз тарихына үлкен мән беріп, көршілеріміз өздерінің ежелгі мемлекеттерінің мерейтойларын атап өтіп жатқан бүгінгі тұста осы таласқа нүкте қойылуы біз үшін өте маңызды еді. Сондықтан Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың 2015 жылы Қазақ хандығының 550 жылдығы атап өтілетіні туралы мәлімдемесін қалың жұртшылық қуанышпен қабылдады.

Бүгінгі тарихшылар Бекмаханов секілді қазақтың ханын қараламауы себепті қудалауға ұшырамайды. Қайткенде халқыңның тарихын кемсіте жазуға итермелейтін қысым жоқ. Ендігі жерде тарихшыларымыздан күтеріміз — ауызбіршілік қана.

 

И.Жаймағамбетова.

 

Көрме: тарих және таным

С.Бәйішев  атындағы облыстық  әмбебап-ғылыми кітапханасында Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған «Ұлы дала төсіндегі Қазақ хандығы» тақырыбында кітап көрмесі ұйымдастырылды.

Тұрақты түрде өткізіліп тұратын кітап көрмесінің ашылу  рәсімінде кітапхана директоры  Несібелі  Жұмағұл оқырман қауымды төл тарихын оқып  білуге  шақырып,  кітапхананың маңызын  және  ондағы әдебиеттердің құндылығын сөз етті. Өз кезегінде тарих ғылымдарының докторы, профессор Нұртаза Абдуллаев  жиналғандарға бұл атаулы мерекенің Елбасы Жолдауында нақты аталып өтуінің маңызы мен қажеттілігін түсіндіріп, осыдан бес ғасырдан астам уақыт бұрын Көк Орда билеушісі Орыс ханның ұрпақтары  Керей мен Жәнібек сұлтандар Әбілқайыр ханға бағынудан бас тартып, Шу өзенінің бойындағы Қозыбасы атты қоныста дербес хандықтың туын көтергенін, сол кездегі қазақ батырларының тәуелсіздік жолындағы ерліктерін сөз етті.

Шарада облыстық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталықтың жастардың бастамаларын  іске  асыру  және ұйымдастыру  бөлімінің  кеңесшісі Айгүл Бисембина кітап көрмесінің жастарға тың деректер беріп, білімдерін толықтыруға ықпал ететінін жеткізді.

Қазақ хандығының  550 жылдығына арналған  «Ұлы дала төсіндегі Қазақ хандығы» атты көрмеде жасақталған  «Ұлы дала шежіресі», «Хандар кестесі», «Тарихи туынды және тарих», «Ұлы мақсаттың үлкен мәресі  — Мәңгілік Ел!»  атты бөлімдер бойынша қойылған әдебиеттерге оқу залы бөлімінің кітапханашысы Гүлзада Бейісова библиографиялық шолу жасады. Бұл күні студенттер ақын өлеңдерін оқып, ән-күймен шараның мазмұнын аша түсті.

Кітапхана директорының айтуынша, тақырыпқа байланысты жасақталған кітап көрмесі алдағы уақытта толықтырылып, жаңартылатын болады.

 

Гүлмайрам  АЛАТАЕВА, 

С.Бәйішев  атындағы  облыстық 

әмбебап-ғылыми кітапханасының

бөлім  меңгерушісі.

 

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button