Жарас мергеннің жолы

«Жарас бабаның екі дүниеде нұры шалқып,
аты арттағы ұрпақ жадында мәңгі өшпесін».
Әбіш Кекілбаев.
Жақында қазақ хандығына еңбегі сіңген адамдардың бірі Жарас Пұсырманұлына арнап ас берілді. Асқа Астанадан, Алматы шаһарынан, Қызылорда, Атырау, Батыс Қазақстан облыстарынан, Ақтөбе облысының түкпір-түкпірінен азаматтар жиналды. Жиналған жамағат тек қана Жарас туралы сөз қозғамай, оның өмір сүрген дәуірі, сол тұстағы тарихи-әлеуметтік жағдайлар, белгілі тұлғалар хақында пікір алысты.
Кеңес үкіметі тұсында, яғни отарлық езгі, құлдық бұғау тұсында атадан балаға жеткен тарихымыз бұрмалаушылыққа түсті. Коммунистік идеология өткен тарихыңды ұмыттырып, сол арқылы ұлтымыздың күре тамырына балта шапты. Әйтсе де, өткен замандарымыздағы қадау-қадау әйгілі тұлғаларымыз халық жадында сақталып қалды. Солардың бірі — Жарас мерген Пұсырманұлы. Жарастың Шекті руынан шыққандығы мәлім. Ал шектілер туралы орыс құжаттарында сақталған деректер баршылық.Соның бірінде: «Азия керуендерінің қауіпсіз жүруі үшін қазақтардың мықты руларының старшындары мен старшын балаларынан жылына төрт адамды, әсіресе, солардың ішінде Шекті руынан ұстап қалуы қажет… Өйткені Шектілер — бүкіл қазақ ордасындағы бірінші әрі ең мықты ру. Бүгінге дейін Орынборға тонауға ұшырамай келген керуендер болса, онда олар тек Шектілердің қорғауымен келгендер» делінген (РИССМ. 122қ., 122/2т., 1763-1775, 16 іс, 29-3п). Шектілердің саны сол тұста 15000 түтін деп көрсетіледі (Материалы по истории Казахской ССР.Т.ІҮ (1785-1828гг.). – Москва. Изд.АН КазССР, 1948. С.515). Мұндай көп ел ол заманда некен-саяқ ұшырасқан. Ал Жарастың әкесі Пұсырман осы шектілер ортасындағы ең беделді тұлғалардың бірі болған. Тарихи аңыздарға қарағанда Пұсырман Қызырды екі рет көрген. Әйгілі «Мың бала» киносына негіз болған Нұрмағанбеттің «Сартай батыр» тарихи дастанында батырлар қатарында Пұсырманның аты аталады. Пұсырманнан: Қалыбек, Қарабас, Жарас, Өмір, Сексен туған. Қазіргі күні Пұсырманнан тараған бес баланың ұрпағы өсіп-өнген, өз алдарына бір-бір ру. Мергеннің шешесі адайдың атақты батыры Атақозының туған апасы екен. Атақозы Жайық бойындағы казак-орыстардың озбырлығына қарсы талай рет қарсы күрескендерді бастаған батыр екендігі мұрағат қорларынан белгілі. Атақозы — Сырым басшылық жасаған ұлт-азаттық қозғалыстың қаһарманы. Аталары мұндай болғанда, бірге жүрген замандастары — әкесімен бірге туған әйгілі Қалдыбай хан, Мөңке би, ұранға шыққан Бақтыбай батыр.
Отарлық езгі, құлдық бұғау кезінде өткен тарихыңды, арғы арыстан туған аталарыңды айтпақ түгілі, өлген өз әкеңнің басын дұрыстап қарайтуға, жөндем ескерткіш қоюға қорқатынсың. Себебі талайлар осынысы үшін қызметтен кетіріліп, қуғын-сүргінге түсті. Не көрмедік, өз әкесінің моласын трактормен өзі құлатқан адамды да көрдік. Осындай қысымның салдарынан атаусыз қалған арыстарымыздың бірі — Қалдыбай Ханкелдіұлы. Айрықша бақ қонған, Алла Тағала алапасын артық жаратқан Қалдыбай өз өмірінде бір емес екі жерге хан болған. Соның бірі — Қоқан хандығы. Ежелгі астанамыз Түркістан қаласында бір көшеге Қалдыбай ханның есімі берілген. Кіші жүзде өткен бір дауда Мырзағұл би Шыманұлы ( ҚСЭ 12-т. 320-бет) айтқан екен:
Хан болған Әзберген, Қалдыбайым бар,
Ұранға шыққан Бақтыбайым бар
Үш жүз жылды болжаған Мөңке әулием бар,
Қызырды үш көреген Сәңкібайым бар,
Төрт құбылам тең емес пе?! — депті.
Қалдыбайдың хан болғандығы туралы 1992 жылы Алматыдан басылып шыққан «Алты ата Әлім» атты кітапта жазылған. (22-23-бет) Біз бұдан отарлық езгіден құтылып, тәуелсіздік алған бойда-ақ Қалдыбайдың есімі кітапқа түскенін, тасқа басылғанын аңдаймыз. Қалдыбайдың айрықша тұлға болғандығына тағы бір нақты айғақ 1994 жылы Алматыдағы «Ер-Дәулет» баспасынан жарық көрген «Кіші жүз рулары. Шежіресі мен тарихы» деген ғылыми танымдық кітапта аққа қарамен таңбаланған. Осы Қалдыбай Жарасқа айрықша ден қойып, өзі билеп отырған елге жылда шақыртып тұрған. Қазір Тараз қаласында тұратын 80 жастағы шежіреші Алмағамбет атаның куәландыруынша, хан Жарастың өнеріне риза болып, ол заманда қолға түсуі қиын от қару — Ақберен мылтық сыйлаған. Сол мылтық бүгінгі күнге көненің көзі ретінде жетіп отыр. Алмағамбет ақсақал Қалдыбай қаздырған арықтың ізі осы күнге шейін сақталғанын, оның «Хан арығы» деп аталатынын айтады.
Жарас – Маңғыстау түбегіне елді қайта қоныстандырған ер Қосайдың ұрпағы, тарихта аты қалған әйгілі Есек мергеннің күйеу баласы, бірге жорытқан үзеңгілес досы. Осыдан байқағанымыздай Жарастың өз жұрты да, нағашы жұрты да бірге өскен қатарластары да ел қамын жеген, оның тәуелсіздігін қорғаған жандар. Олай болса, Жарастың да даңқты батыр, көреген саясаткер болмауы мүмкін емес-ті.
Атадан балаға жеткен тарихи әңгімелер бойынша Жарастың туысы бөлек, тұрпаты өзгеше. Мергеннің шапшаңдығы сондай — қыста қораға түскен қасқырды құр қол барып тірілей ұстап ала беретін көрінеді. Сонда денесіне бір сызат түсірмеген. Көзінің өткірлігі сонша — ауыл көшкенде ат үстінде тұрып жұртта қалған иненің жасуын көріпті. Шапшаңдығы сондай — атқанда мылтықтың даусын даусына қосыпты.
Тұлғасы келісті, еңсегей бойлы, жүзі нұрлы аса сұлу жігіт әдемі киініп ортаға кіргенде тамсанған жұрт үлкені бар, кішісі бар жарылып жол бергенін аңдамай қалады екен. «Аруақты кісі екен» десетін үлкендер. Тек батыр ғана емес, ағайын-туғанға шапағаты мол, аса қайырымды, мейірбан жан екен, осыдан болса керек бұл күнде үрім бұтағы өсіп Жарас дейтін рулы елге айналып отырғаны. Әйтпесе Жараспен қатар талай қасқа-жайсаңдар өтті ғой. Рулы ел түгілі артында із қалмай.
Бір жылы жаз қуаң, қыс қатты болып, аяғы ұзаққа созылып, ел-жұрт жұтқа ұшырайды. Сонда Жарас мерген қырық үйді жалғыз оқпен аң атып асыраған көрінеді. Ол заманда бір кезде алюминийдің алтыннан қымбат болғаны сияқты қорғасын да қардар болса керек. Осы оқиғаны сол кездегі ақындар өлеңге айналдырып оның шет-жағасы қазіргі күнге жеткен.
… Және де бір баласы Пұсырман-ай,
Жар етем аруақ, пірді қысылғанда-ай.
Баласы Пұсырманның батыр Жарас,
Қараған оған жұрты тосылғанда-ай.
Қабақтың қырық үйі қиын кезде
Жарастың жалғыз оғы іске жарап,
Жүрек жалғап қатарға қосылғанды-ай (С.Мұхтаров.«Жарас Пұсырманұлы туралы кейбір тарихи-әдеби деректер») делінеді сол жырда.
Жарас Пұсырманұлы туралы тарих ғылымдарының докторы, профессорлар Ә.Мұқтар, Н.Абдоллаев, филология ғылымдарының докторы, профессор А.Алдашева, тарих ғылымдарының кандидаты С.Құрманалин, филология ғылымдарының кандидаты С.Мұхтаров т.б. ғалымдар зерттеу жұмыстарын жазды. Батырдың қазақ хандығын, әсіресе, әйгілі «Шаңды жорық» тұсында қорғауда айрықша қайрат қылғанын атап көрсетті.
Астың өту барысын ата ұрпақтары Нұрдәулет Алдашев, Әділгерей Әуелбаев жүйеге келтіріп отырды. «Жарас ата» атындағы қордың төрағасы Ислам Иманов сөз алып, қордың құрылғанына он жыл өткенін, осы уақыт аралығында атқарылған жұмыстардың есебін берді. Болашақта бұдан да ауқымды жұмыстар күтіп тұрғанын, соған Жарас ұрпақтарының қолдан келгенінше өз көмектерін беруін сұрады. Әуелгі кезекте сөз алған Нұрмашов Қалабай ақсақал астың жақсы өтуіне тілектестік білдіріп, өз батасын берді. «Ас берекелі, арты мерекелі болсын! Алла Тағала халқымызды тыныштықтан, ауызбірліктен айырмасын!» — деді батагөй қария. Ал Қалыбек ата ұрпақтары атынан сөйлеген жасы үлкен қария Орынбасар Оразов: «Өткен ғасырларда елге, жерге иелік еткен, ақылы кеніш аталарымыз болған. «Шешені бар – даудан, батыры бар жаудан қорықпайды» деген даналық сөз де аталардан қалған. Кім би болмайын, кім батыр болмайын, кім шешен болмайын дейді, бірақ құдайы қалағаны ғана болады. Солардың бірі – құрметіне осыншама халық жиналып жатқан Жарас атамыз. Бүгінгі ас осы кісіге берілуде. Мына біздің ізімізді басып келе жатқан жастар өз әке-шешесіне емес, даңқты атасы Жарасқа ас беруінің мәнісі осындай. Бұл бір жағынан адамдықтың қарызы. Ұлы Абайдан да қалған сөз бар: «Өзің үшін еңбек қылсаң, өзі үшін оттаған хайуанның бірі боласың; адамдықтың қарызы үшін еңбек қылсаң, Алланың сүйген құлы боласың» деген. Айналайындар, аталарыңа істеп жатқан қызметтерің Алладан қайтсын!». Мұнан соң Серікбай Жолаев «Қабақ ата» қорының төрағасы Аманғали Модиұлы жастарға сабақ боларлықтай өнегелі сөздер сөйледі. Жастарына қарай, алатын орындарына қарай лек-легімен пікір, тілек айтқандардың ара-арасы әуезді ән, тағылымды термемен көмкеріліп тұрылды.
Асты ұйымдастырушылар алқасы он жылдан бері атаның аруағын көтеріп, қызмет қылып жүрген адамдарды құрмет грамоталарымен, төсбелгілерімен, ордендермен марапаттады. Төсбелгісіне ие болған Мұратов Ақмырза ақсақал дәулескер күйші Қазанғаптың «Көкіл» күйін орындап, көпшілікті бір серпілтіп тастады. Ал Жарас атаның тікелей ұрпағы саналатын Әлима Қабылқызының «Әлиманың әні» атты шығармасы орындалғанда, ақжаулықты әжелер тегіс көзіне жас алды.
Ақ қандай, жерім қандай, елім қандай,
Керме қас, болып тудың жазық маңдай.
Салқын үй, сапырулы қымыз ішіп
Ішінде жатушы едік ұйқы қанбай.
Көшкенде мінуші едім сары керге,
Әсемдеп тоқым салып ақбас ерге.
Аққудай көл шайқаған сорлы басым,
Тап қылды-ау құдай айдап мұндай жерге.
Сары ойдың қамшым қалды қабағында,
Сұлудың бір белгісі тамағында.
Аққудай көл шайқаған Әлима едім,
Қор болдым Қоңыраттың шабағына…
Шараға қатысқан Қазақстанға танымал ақын һәм белгілі тележурналист Жақсылық Айжанов астың өз мәнінде өтуіне зор үлес қосқан еді. Жарас ата ұрпақтары оған өз алғыстарын білдірді.
Ас соңында көпшілікке үлкендер бата беріп, аруаққа құран бағышталды.
Жұбаназар АСАНОВ, Құндыз ӘСКЕРБЕК.
«Көкілді» тартып, көптің көңілінен шыққан Ақмырза Мұратов,
батагөй ақсақал Қалабай Нұрмашов,
астың өтуіне өлшеусіз үлес қосқан танымал тележурналист, ақын Жақсылық Айжанов.


