Қазақ хандығы-550

Қасым хан және оның заманы

Қазақтың арғы-бергі тарихындағы ең даңқты тұлғалардың бірі — Қасым хан. Биыл Қасым ханның туғанына — 570 жыл. Бұл мерейтой Қазақ хандығының құрылуына 550 жыл толуымен қатар келіп отыр.
Алмағайып заманда қалың жұртын елдікті, бірлікті сақтау жолындағы ұлы істерге жұмылдыра білген даңқты тұлға туралы әңгімеге біз Құдайберген Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университеті Отан тарихы және тарихи пәндер кафедрасының аға оқытушысы, тарих ғылымдарының кандидаты Нұрлыгүл Әліқұлованы шақырдық.

— Қазақ хандығының негізін қалаған тұлғалар — Керей мен Жәнібектен кейін таққа Бұрындық хан отырғаны белгілі. Бірақ Бұрындық хан көзінің тірісінде тақтан түсті. Халқымыздың тарихында мұндай жағдай өте сирек екен. Ал Қасым хан билікке қалай келді?
— Жәнібек ханнан кейін, Қазақ хандығындағы билік Бұрындыққа берілген болатын. Бұрындық — Керей ханның, Қасым — Жәнібек ханның ұлы. Бұрындық ханның тұсында Қасым сұлтан бүкіл қазақ әскерінің қолбасшысы міндетін атқарды. Қасым сұлтан сол кездің өзінде-ақ халыққа батыр ретінде, сөзге шешен, дана саясаткер ретінде танылды, өте ықпалды болды. Бірақ жеке билікке ұмтылмай, Бұрындық ханға қалтқысыз бағынды. Бұл туралы тарихшы Мұхаммед Хайдар Дулати: «Ол (Қасым) әкесінің үлгісі бойынша барлық жағдайда Бұрындыққа бағынды, соған тәуелді болды» — деп жазса, XVI ғасыр басында жазылған Камал-ад-дин Бинайдың «Шайбанинама» атты еңбегінде Қасым хан туралы: «Ол Бұрындық ханның әскерлері ішіндегі атақты баһадүрі және мықты сұлтанның бірі болды» — деп баяндалады.
Сыр бойы қалалары үшін Әбілқайыр хан ұрпақтарымен (шайбанилер) болған күресте Қасым сұлтан және оның бауырлары (Жәнібек ханның тоғыз ұлы да батыр болған) бастаған жасақтар шайбаниліктер әскерін бірнеше рет талқандап, Сыр бойындағы қалаларды Қазақ хандығының құрамына қосып алған еді.
Дегенмен кейбір билеуші топтар Жәнібек хан ұлдарының күшеюіне күдікпен қарады. Бұрындық хан да оларды өз билігіне қауіп төндіріп тұрғандай көрді. Жәнібек ханның ұлдарын әлсірету мақсатында ол Мұхаммед Шайбани ханмен тіл табысып, Шайбанидің Сыр өңірінде бекінуіне, бірнеше қаланы иеленуіне рұқсат берді. Яғни Жәнібек хан ұлдарына қарсы шайбаниліктермен одақтасуға дейін барды. Бірақ Қасым сұлтан бұған араласпай, Бұрындық ханнан алыста көшіп-қонып жүреді. Зерттеушілер, көне деректерге сүйене отырып, бастапқыда Қасымның үнемі Бұрындық ханның жанында болып, оған бағынып, бұйрықтарын орындап жүрсе, ХV ғасырдың 90-жылдарынан бастап, одан іргесін аулақ сала бастағанын айтады. Бұрындық ханмен одақтасу арқылы Сыр өңірінің бір шетіне қоныс тепкен Шайбани хан 1500-1504 жылдар аралығында Орта Азияның бірталай аймақтарын бағындырып, мемлекет құрды. Ал 1505-1509 жылдар аралығында Қазақ хандығына қарсы үш рет жорық ұйымдастырды. Бұл жорықтар кезінде Шайбани хан Сыр өңіріндегі қазақ сұлтандарының ұлыстарын талқандап, мыңдаған мал мен жанды олжаға түсірді. Талауға түскен, негізінен, Жәнібек хан ұлдарының ұлыстары болатын. Шайбани ханның кезекті, 1509 жылдың қысында болған жорығы, Бұрындық ханның беделіне нұсқан келтірді. Себебі Бұрындық хан жаудың шабуылын алдын ала білген, сөйте тұра Жәнібек ұлдарына хабар, көмек бермей, керісінше, өз ұлысымен шегініп кеткен. Бұл ісінен кейін, бүкіл қазақ жұрты алдында Бұрындық ханның беделі түсті. Енді билік айналасындағы барлық күштер Қасым хан төңірегінде топтаса бастады. Бұл уақытта бүкіл қазақ елін жауға қарсы жұмылдыра алатын жалғыз тұлға — Қасым болды. Қасым сұлтанның әскері 1510 жылы Сығанақ түбінде Шайбани хан әскерін талқандап, қазақ жерінен қуып шықты. Бұл жеңіс Қасымның халық алдындағы абырой-беделін одан әрі өсірді. Мұхаммед Хайдар Дулати бұл кезең туралы: «Қасым хан күшінің өскендігі соншалықты, Бұрындық хан туралы ешкім де ойламады, ол хандықты басқару мен ондағы бүкіл билікті қолына алды» — деп жазады.
Ал өз жұрты алдында беделден жұрдай болған Бұрындық хан тақты тастап, 1511 жылы Мауреннахрға, Самарқандағы қызына (Михр Сұлтан ханымға) кетуге мәжбүр болады. Кейін сол жақта қаза тапты. Бұрындық хан кеткеннен соң, хандық дәреже аз ғана уақыт Жәнібектің ұлы Әдікке көшкен деседі. Сосын халықтың қолдауымен Қасым хан сайланған. Міне, осы жылдан Қасым ханның ресми хандық дәуірі басталды. Қасым хан Қазақ хандығын 10 жыл —1511-1521 жылдар — басқарды.
— Қасым хан тұсындағы Қазақ хандығы мен көрші елдердің жай-күйі қандай еді? Яғни сол кезең туралы айтсаңыз?
— Бұл Орта Азияда дүрбелеңге, сан қилы оқиғаларға толы кезең болатын. Қасым хан саяси аренада Қазақ хандығының орнын сақтап қалуға тырысты, небір қиын жағдайларда түпкі нәтиженің Қазақ хандығының пайдасына шешілуіне күш салды. Қазақ хандығына қауіп ең алдымен шайбанилер тарапынан төніп тұрды. Әбілқайыр ұрпақтарының мақсаты біреу-ақ — Қазақ хандығына тиесілі аумақты жаулап алу. Әсіресе, Сыр бойындағы қалаларды жаулап алу маңызды саналды. Сондықтан барлық күш, ең алдымен, Шайбани хан әскерін талқандауға жұмылдырылды. 1510 жылғы Сығанақ түбіндегі жеңіс — соның нәтижесі. Шайбани хан өлгеннен кейін, 1510-1513 жылдары Орта Азияда саяси бытыраңқылық белең алып, шайбанилердің Сыр өңіріне ықпалы әлсіреді. Сондай-ақ, Жетісу мен Шығыс Түркістан жерінде бір жарым ғасырдан астам уақыт өмір сүрген Моғолстан мемлекеті де осы тұста ыдырады. Қасым хан бұл қолайлы сәтті пайдалана білді, сөйтіп, Жетісуда, тұтастай Сыр өңірінде Қазақ хандығының билігін орнатты.
Оңтүстік пен оңтүстік-шығыс бағыттарда осындай табыстарға қол жеткізгеннен кейін, 1517 жылдан бастап Қасым хан күш-жігерін батысқа — Еділ, Жайыққа бағыттады. XVI ғасырдың басында Еділ мен Жайық аралығындағы Ноғай Ордасы ауыр саяси дағдарысқа тап болды. Ноғай мырзаларының өзара күресінен әбден шаршаған ру-тайпалар өздерінің этникалық ортасы, этникалық кеңістіктегі құрамдас бөлігі — қазақ жұртына қосыла бастайды. Қазақ халқының этникалық аумағының қалыптасу үрдісі соғыссыз, бейбіт түрде жүзеге асырылды. Еділдің сол жағалауында Қазақ хандығының билігі жүре бастады да, енді шекара Астрахан хандығымен шектесті. Қасым хан Қазан, Қажы Тархан, Қырым хандықтары және Москва княздігімен дипломатиялық қатынастар орнатады. Москва княздігі Қасым ханды күшті одақтас ретінде таниды. Орыс деректерінде 1520 жылы Қырым хандығында қазақтардан елші келгендігі туралы баяндалады.
Осылайша, сыртқы саясатты шебер жүргізе білген Қасым хан хандық территориясын бейбіт жолмен кеңейтті, ішкі саясатта рулар арасындағы алауыздықты жойып, орталықтанған мықты мемлекет құрды.
— Қасым ханның тарихымыздан алатын орны, Мұхаммед Хайдар Дулатиден бастап, барлық тарихшылар тарапынан өте жоғары бағаланады. Ол атқарған ұлы істерге нақты тоқталсақ?
— Расында, Қасым ханның Қазақ хандығы тарихында алатын орны ерекше. Ең алдымен, ол — хан тағына отырмай-ақ, зор беделге ие болған сұлтан. Қазақ Ордасын ата қонысқа орнықтыру жолындағы қанды ұрыстарда қолбасшы ретінде де, жеке ерліктерімен де танылған ол «Қыпшақ жұртының белгілі сұлтаны, даңқты бахадұры» атанды. Қасым сұлтан бейбіт өмірде әділдігімен, жоғары адамгершілік қасиеттерімен халық құрметіне бөленді.
Ал билік басына келгеннен кейін атқарған нақты істеріне тоқталар болсақ, Қасым ханның басшылығымен он жылдың (1511-1521жылдар) ішінде қазақ халқы үшін бірнеше хан, бірнеше ұрпақ жасайтын ұлы істер жүзеге асырылды. Ең алдымен, Қазақ хандығының территориясы кеңейді. Қасым хан тұсында қазақ хандығының шекарасы солтүстік-шығыста Ұлытау қыраттары мен Балқаш өзенінің жағалауын қамтып, ал солтүстік-батыста Жайық өзеніне дейін жетті.
Екіншіден, қазақ халқының этникалық аумағының қалыптасуы бейбіт түрде және тез жүрді. Қасым тұсында Қазақ хандығындағы халық саны бір миллионнан асқан.
Үшіншіден, Қасым хан халқының қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін де бар күш-жігерін салды. Сыр өңірі мен Жетісу аймағындағы халық 1516-1517 жылдардан Қасым хан қайтыс болғанға дейін бейбіт өмір сүрді.
Төртіншіден, сыртқы саясатты шебер жүргізіп, көрші елдерге қазақ мемлекетін танытты. Қасым хан заманында Қазақ хандығы еуропалық аренада да белгілі болды. Яғни ол хандық құрған жылдарда қазақ елін, қазақ жұртын іргесіндегі көршіден алыстағы Еуропаға дейін танып-білген.
Бесіншіден, халық арасында бұрыннан қалыптасқан әдет-ғұрып ережелері негізінде заман ерекшелігіне, жаңа ортаға сәйкестендіріп, «Қасқа жол» деп аталатын заңдар жинағын енгізді. Бұл заңдар арқылы елде тәртіп орнатылды.
— Қасым хан туралы қандай құнды деректер сақталып, бізге жетті?
— Қасым ханның жеке өмірбаяны туралы арнайы жазылған ортағасырлық дерек жоқ. Бірақ Мұхаммед Хайдар Дулати, Бинай, Бабыр, Қадырғали Жалайыр, Шади, Рузбехан Исфахани, Махмуд бен Уәли, Хайдар Рази, Гафари, Абдаллах Балхи, Әбілғазы және тағы басқа авторлардың еңбектерінде оның Қазақ Ордасының атақты сұлтаны, одан соң хан болған кезінен мәліметтер кездеседі.
Олардың ішінде, ең құнды деректерді ХVІ ғасырдағы белгілі тарихшы Мұхаммед Хайдар Дулатидің «Тарихи Рашиди» атты шығармасынан табамыз. Бұл шығармада билеуші ретіндегі Қасым хан тұлғасына баға берілген, сондай-ақ, оның дүниеге келген уақыты айтылады. Абдаллах бен Мұхаммед (немесе Абдоллах Балхи; ХV ғ. аяғы мен ХVІ ғ. басы) жазған «Зубдат әл-сар» («Маңызды жылнамалар») шығармасында Қасым ханның Түркістан мен Ташкентке жорығына байланысты мәліметтер келтірілген. Тарихшы, ақын, билеуші — Үндістанда Ұлы Моғолдар империясының негізін салған Бабырдың «Бабырнама» атты еңбегінде қазақ сұлтандарының ішінде Қасымға ерекше баға беріліп және «оның әскерінің саны 300 мың адам болған» деген дерек келтірген. Ақын әрі ғалым Мұхаммед Салихтың «Шайбани наме» атты еңбегінде Шайбани ханның Қасым ханмен өзара қатынастары, Сыр бойы қалалары үшін 1470-1500 жылдардағы күресі баяндалады. Сонымен қатар, Қасым хан туралы орыс деректерінде де айтылады. Ал отандық зерттеушілерге келсек, Тұрсын Сұлтанов, Амантай Исин сынды ғалымдар еңбектерінде Қасым хан туралы тың деректер бар.
Белгілі ғалым Берекет Кәрібаев Қасым хан туралы бізге жеткен деректерді мұқият жинастырып, 2004 жылы «Қасым хан. Тарих, тұлға, уақыт» атты еңбегін жариялады.
Шетел кітапханаларындағы қолжазбалық дерек көздерінен Қасым хан туралы мәліметтер табылып жатыр. Солардың бірі — Тегерандағы Қажы Хусейн Малек кітапханасынан табылған «Тарих-и Сафавие» («Сефевидтер әулетінің тарихы») деп аталатын қолжазба. Ол 372 парақтан тұрады. Авторы — Исмаил Хусейни Мараши Табризи. «Тарих-и Сафавие» қолжазбасының бірнеше жерінде Қасым ханның есімі «Дешті Қыпшақ ханы», кейде «Дешті Қыпшақ патшасы» ретінде аталады.
Өмірінің соңғы 3-4 жылын Еділ-Жайық бойында өткізген Қасым хан қартайған шағында Сарайшық қаласында қайтыс болып, Алтын Орда хандарының ежелгі зиратына, жеке күмбезге жерленген. Қадырғали Жалайыри Қасым ханның атақты хан болғанын, оның даңқы көпке мәлім екенін айта келіп, «Ақырында Сарайшықта дүние салды. Бұл күндері оның қабірі Сарайшықта жатыр» — деп жазып қалдырған.
— «Қасым ханның қасқа жолы» туралы сөз?
— «Қасым ханның қасқа жолы» — әдет-ғұрыптық заң ережелерінің жиынтығы. Негізі орта ғасырларда Қыпшақ, Шағатай ұлыстары қолданған «ярғу» заңынан («жарғы»—хақиқат) алынған.
«Қасқа жол» — ақ жол, халықты адастырмайтын тура жол, бақытқа жетелейтін сара жол деген мағынаны білдіретін тіркес. Заң бес тараудан тұрды: мүлік заңы; қылмыс заңы; әскери заң; елшілік жоралары; жұртшылық заңы.
Заңның жазбаша мәтіні бізге жеткен жоқ. Дегенмен даңқының халық санасында жарты мың жыл бойы сақталуы «Қасқа жолдың» Құран талаптарына қайшы келмей, қазақи әдет-ғұрып ерекшеліктерін сақтап, қазақ жұртының тұрмыс-тіршілігіне, болмысына үйлесімді болғанын байқатады. Белгілі жазушы Мұхтар Мағауин атап өткендей: «Қасым ханның қасқа жолы» аталатын бұл көне жарғы сол кездегі қазақ қауымының қоғамдық және құқықтық заңдарын қалыптастырды, әдет-ғұрып, тұрмыс-салт ережелерін байыптады, жеке адамдар арасындағы, ру, тайпалар мен қоғамдық топтар арасындағы қатынас жүйесін тағайындады. Қазақ Ордасының мемлекеттік негіздері де осы заңда көрініс тапқан».

Сұхбаттасқан Индира ӨТЕМІС.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button