Қазақ хандығы-550

Жалаңтөс баһадүр

Қазақ — намысын таптатпаған өр халық. Ұлан-ғайыр атамекенін найзаның ұшымен, білектің күшімен қорғап қалған қаһарман, жауынгер жұрт. Бүгінгі қой айыруға шақ жарап жүрген шерменденің өзінің арғы атасы жау қайырған болып шығады. Өңшең батыр. Бұл рас та. Себебі осынау кең-байтақ сайын сахараны иеленіп қалу рухы мықты жұрттың ғана қолынан келетін.
Бүгінгі азат ұрпақтың, яғни біздің шалқып жүргеніміз де сол асыл текті аталарымыздың орасан ерлігінің арқасы. Осындай ерен ерлігімен тарих төрінен ойып орын алған қаһарманның бірі — Жалаңтөс Сейітқұлұлы.
Сейітқұлұлы Жалаңтөс баһадүр (1576-1656) — күллі түркі халқының мақтанышына айналған қазақтың әйгілі батыры, аса көрнекті қолбасшы, ерлік істері, даналық шешімдерімен тарих төрінен өшпес орын алған тұлға. XVI-XVII ғасырларда ғұмыр кешкен Жалаңтөсті қолбасшы ғана емес, көсем әмірші, көреген саясаткер, кемел ойлы, ел қамқоры, дара да ержүрек сардар ретінде көреміз. Турашыл би десек те жарасады. Қазақтың үш жүзінің Кіші жүзіндегі белді Әлім руынан өрбитін Төртқара аталығының перзенті.
Жалаңтөстің түп-тамырын қазақтың зиялы шоғырының зерделі бір өкілі Х. Досмұхамедұлы төмендегідей таратады: «Әлімнен — Жаманақ, Ұланақ, Қарамашақ, Айнық, Тегінболат; Қарамашақтан — Оразкелді, Ораз, Жаншоқыр, Қараш; Ораздан — Ақпан, Тоқпан; Тоқпаннан — Тоғамыс, Шобан, Сейітқұл; Сейітқұлдың Сары бәйбіше атты қатынынан — Сейтімбет, Төлес, Ақша би; Ақша биден — Байбек, Шалым; Байбектен — Әйтеке би; Қаракемпір атты қатынынан — Қожағұл, Жалаңтөс, Қалматай, Түрікпен, Дүйсеней (Дүйсекей болуы да мүмкін — авторлар.), Кенже, Семетей, – дей келіп былайша тұжырады: Қарамашақтан төрт ұл – Оразкелді, Ораз, Жаншоқыр, Қараш. Осы төрт ұл — «Төртқара» атанған» (Х. Досмұхамедов. «Аламан»).
Тарих беттерінде Төртқара руының таралуы, Жалаңтөстің шыққан тегі турасында түрлі пікірлер қозғаған мұндай деректер баршылық. Бәрінің өзегі бір-бірінен көп алысқа кетпейді.
Сырдарияның бойындағы Қазалы топырағында 1576 жылы дүниеге келген баһадүрдің азан шақырып қойған есімі Әбдікәрім екен. Оның «Жалаңтөс» атанып кетуі, бір жерде анасы Ақтұмардың көкжал қасқырдың етіне жерік болуына байланысты десе, бір мәліметте үстіндегі сауытын шешіп тастап жалаң төс жауға шабатынына қатысты дейді.
Қалай десек те, дана халық тегіннен-тегін «Жалаңтөс» атандырмағаны ақиқат.
Айтақырға шөп шықпайтыны секілді Жалаңтөстің арғы аталары да тегін кісілер емес еді. Өз әкесі Сейітқұл сегіз жүйелі қарадан шығып хан болған, 40 мың Алшынның басын біріктірген ел басы, ірі бай, ықпалды қажы әрі батыр, шешен адам екен. Бүкіл парсы, өзбек, қырғыз, қазақ құрама жұрты «Синесоф буа» (жаны пәк әулие) атаған, заманының дара әулиесі. Қарымды жазушы Әбіш бүй дейді: «…Алшын ішінде Әлімнен. Әлім ішінде Төртқарадан. Төртқараның қарашы. Қараштың Сейітқұлы.
Сейітқұл болғанда… Кәдімгі Әз Тәукенің төртінші атасы, атақты Қасымхан өлген соң біраз уақ қазақ билігін қолына алған Шығай Жәдікұлы 1581 жылы күллі ұлысымен Сырдарияның сағасындағы қонысын тастап, Самарқанның теріскейіндегі Нұрата тауына көшкенде, қасына төртқара Сейітқұл дегенді ерте кеТпейтін бе еді?!.. Сол Сейітқұлдың дәл өзі…» (Ә.Кекілбаев. «Заманмен сұхбат». Алматы, «Жазушы». 1996 ж.-88-б.).
Арғы атасы — әйгілі билеуші Әмір-Темірдің бас кеңесшісі болған Ораз қажы. Бұл туралы тарихшы-ғалымдар Темірдің Тұран мемлекетінің астанасын салуды ойлап, Самарқан, Үргеніш, Жизақ қалаларын таңдап жүргенінде, Ораздың кеңесін құп алып, Самарқанды астана етпекші болғанын келтіреді.
Жалаңтөс жас кезінен-ақ өзінің ерекше қабілетімен, ақыл-парасатымен, батылдық-табандылығымен көзге түсіп, атағы ерте шығады. Негізі, оның қырағы, қайсар болып қалыптасуына әкесі Сейітқұлдың көрегендігі ықпал етсе керек. Сезімтал әке баласын 5 жасынан Нұратадағы мешітке оқуға береді. 12 жасынан Тамды және Қызылқұм қазақтарының ханы Дінмұхамедке қызмет етіп, ел ісіне араласа бастаған Жалаңтөсті Сейітқұл 1590 жылы Бұхар ханы Абдулланың жоғары дәрежелі қолбасшылар даярлайтын әскери мектебіне оқуға жібереді. Бұл мектепте Шыңғыс ханның қолбасшылық өнерінен дәріс беретін Бақимұхаммедтің баласы Имамқұл Жалатөстің ерекше қабілетін байқап, өзімен бірге хан ордасында өтетін әртүрлі кеңестерге, шетелдерден келген елшілерді қабылдайтын салтанатты рәсімдерге қатыстырып отырады.
Бұхараның әскери мектебінде үш жыл оқып, түменбасылық лауазым алып қайтқан Жалаңтөс 1593 жылы Бұлаңғар, Лайыш, Қаттықорған жерлеріндегі Әлімұлы тайпасының бір бөліміне би болып сайланады. 1595 жылы Имамқұлдың шақыруымен Бұхараға келеді де, хан кеңесінің ұйғаруымен Бағдат қаласына оқуға жіберіледі. Онда білімнің әр саласынан дәріс тыңдап, 1598 жылы еліне оралады. Жалпы Бұхар хандығының нығаюына Жалаңтөс көп еңбек сіңіреді. 1612 жылы Имамқұл Түркістанға шабуыл жасап, қазақтар мен қарақалпақтарды қырғынға ұшыратады. Осыдан кейін баһадүр мен хан арасында қырғи-қабақтық оты тұтанады. Кейін өзара араздық тоқталады. Жалаңтөс бұл тұста Бұхарда 5000, Нұратада 5000 тұрақты жасақ ұстайды. 1648 жылы Имамқұл хан Жалаңтөсті хандығының бас қолбасшысы, хандықтың ішкі тәртібін қадағалайтын және шетелдермен қарым-қатынас жасау жөніндегі бас уәзірі етіп тағайындайды. «Имамқұл тақта отырған тұста екі адамнан жасқанатын: бірі — Жалаңтөс бахадүр, екіншісі — Бадахшан әмірі қатаған Махмұд би еді. Жалаңтөс баһадүр беделінен сескенген Имамқұл 1626 жылы Бұхар хандығынан тәуелсіз Самарқан аймағын құрып, оған Жалаңтөсті әмір етіп тағайындайды және бас қолбасшылықты қоса береді. Жалаңтөске Үндістан, Хорезм, Тибет, Ресей елдерінен сыйлықтар келіп тұратын» делінген «Қазақстан ұлттық энциклопедиясында», Алматы, (2001-489-б.).
1640 жылдары Жалаңтөс қазақ және өзбек жерлеріне шабуыл жасаған қалмақ ханы Батурға қарсы шығып, жеңіске жетеді. 1643 жылдары Жетісу аймағына басып кірген жоңғар қалмақтарымен соғысып жатқан Жәңгір ханға 20 мың әскерді көмекке жіберіп, басқыншыларды талқандауға қол созады.
Бұл шайқас оқиғасын тарихшы-ғалымдар егжей-тегжейлі төмендегіше баяндайды.
«Жалаңтөс, екі жүз жылдан астам мезгілге созылған қалмақтың сойқан жорығы кезінде де ерекше ерлік танытқан. 1643 жылы Есім ханның баласы, Әз Тәукенің әкесі, дарынды қолбасшы Жәңгір хан мен Жоңғар хандығының негізін қалаған Батур, яғни Ойраттың Шорос тайпасынан шыққан Эсен ханның баласы, Эмсун Дарханның ұрпағы арасында, тарихта «Орбұлақ шайқасы» деген атпен қалған айтулы қырғын болған.
Реті келгенде кеңеске салайық: Осы ұрыста Ақтөбедегі Бестамақта жатқан Тама Есет Көкіұлының әкесі Көкі батыр шеп бұзып, ерлігімен ерекше көзге түскенін жазады тарихшылар. Көкі Базарқұлұлы жауға тайсалмай тура шабатын болғасын оны «Таймас батыр» — деп атаған. Көкі батырдың ұлы — Аңырақай шайқасында кіші жүздің туын ұстаушы Тархан Есет батыр да, қызы Шолпан — орта жүздегі тарақты Байғозы батырдың шешесі (Ж.Мұқанов. «Әйтеке бидің ақ жолы». Алматы, 2009. 106б.).
1644 жылы Пәкістан, Ауғанстан, Үндістанды билеген, ұлы мағол империясының негізін қалаған атақты Бабырдың ұрпағы, әлемнің жеті ғажайыбының бірі Тәж-Махалды салдырған Шах-Жаһанның ұлы Рурензаб інісімен бірге Бұхар хандығына соғыс ашады. Сол кезде біріккен қазақ-өзбек жасағын бастаған Жалаңтөске 100 мың қолмен Салқам Жәңгір көмекке келеді. Екі айға созылған ауыр шайқастан соң, Шах-Жаһан қолы кейін шегінеді. Бұдан кейін Жалаңтөстің жауынгер сарбаздары ат тұяғы жететін Хорасан мен Балхты (1649) шапты, Кабул мен Мешхедті (1649) бағындырды. Сол кезеңдегі Орта Азиядағы Хорезм шахтары мен Әмір Темір астана еткен Самарқанда патшалық құру, бұл тек Жалаңтөс баһадүр секілді даңқты қолбасшыларға бұйырған жеңісті әмірлік еді.
Даңқы ерте жайылып, атағы алысқа кеткен баһадүр, сол дәуірдегі биік лауазымға, атақтарға ие болады. Түрлі жорықтарға қатысып үнемі жеңіске жетіп отырады. Жан-жағындағы ниеттес елдердің бәріне көмек қолын созып, мейлінше тура жолдан таймауға тырысқаны байқалады.
Баһадүрдің осынау ерлік істері мен тарихи орны туралы көптеген құнды деректер бар, соның бірі, Жалаңтөстің бар болмысын аша түсетін төмендегідей жолдар.
Академик М.Массонның айтуынша, жеңімпаз Жалаңтөс батырға сырттан келген сый-сияпаттардың мөлшері мемлекетке түскен қазына байлығынан асып түскен. Ол осы сыйлыққа әскер ұстаумен катар, сәулетті сарайлар, медреселер тұрғызған. Сөйтіп, Жалаңтөс қолбасшы Самарқан шаһарын, оның атырабын кырық жылдан астам билеген. Қазақ пен өзбек «өзіміздің қамқор баһадүріміз» деп құрмет көрсеткен. Ресей тарихшысы П.Иванов өзінің «Орта Азия тарихының очерктері» деген кітабында: «Абдуләзиз ханның аталығы Ялантуш би XVII ғасырда Ұлы Моғолдарға (Үндістан) қарасты болған Кабул каласының төңірегіне және Иранның Хорасан аймағына жойқын шабуылдар жасады. Көптеген тұтқындар алып қайтты. Оның иелігінде 3000-дай құл болды. Сол құлдардың күшімен Самарқанда медреселер тұрғызған».
Тірлігінде ел үшін, жер үшін болған шайқастардың бел ортасында жүріп, өзінің керемет қолбасшылығы арқасында талай жаудың бетін қайырған, ақыл-парасатымен жұртының іргесін сөкпей бүтін ұстаған, Самарқанның орталығы Регистанда «Ширдор» (Арыстан медресесі), «Тілла-Кәри» (Алтынмен апталған) медіреселерін салдырып, соңына өшпес мұра, өнегелі із тастаған қазақтың айбынды перзенті Жалаңтөс баһадүр Сейітқұлұлының ұлағатты істері бүгінгі ұрпаққа үлкен үлгі екені ақиқат. 1612 жылы Самарқан қаласы мен уәлаятының әмірі атанып, осы билікті өмірінің соңына дейін, яғни 1656 жылы бақилыққа аттанғанша уысында ұстайды. Ол өз өмірінде 42 рет жекпе-жекке шығып, соның бәрінде дұшпанын жер жастандырған.
Ел қорғап, жұртына деген адалдықпен ғұмыр кешіп, 80 жасына дейін қолынан қаруын тастамаған. 63 жасында бір соғыста 14 рет жекпе-жекке шыққан және жеңіс туын желбіреткен деп айтады ағаларымыз.
Жалаңтөс баһадүр 1656 жылы 80 жасында дүниеден өтті. Денесі Самарқан өңірі Дағбит қыстағындағы өзі пір тұтатын Мақтым ағзам әулие бейітінің жанына жерленген.
Бүгінде Баһадүрдің есімін жаңғыртып жатқан күндердің куәсіміз. Оған дәлел — туған өңірі Қызылорда қаласында Жалаңтөс баһадүрдің ескерткіші ашылғандығы (Мүсінші Н.Далбай мен сәулетші Қ.Жарылғаровтың жобасы), Қызылорда облысы, Қазалы ауданына қарасты бір ауылға Жалаңтөс баһадүр аты берілуі, т.т.
«Әр қазақ — менің жалғызым» (Сабыр Адай) деп аттан түспеген дана бабалардың даңғыл жолын дәріптеу бүгінгілердің ісі.
Биыл қазақ елінің ірге нықтағанына 550 жыл толғандығын күллі алаш жұрты бас қосып тойлағалы жатқанымыздың өзі бірлігіміздің айғағы.
Игі бастаманы қолдап белгілі азаматтар жарты әлемге даңқы кеткен Жалаңтөс бабамыздың көмескі тартып бара жатқан есімін ұрпақтар санасында жаңғырту мақсатында Ақтөбе облыстық Әмбебап ұрыс федерациясы Ақтөбе облысының әкімдігі және дене шынықтыру және спорт басқармасымен тізе қоса отырып, Жалаңтөс батырға арналған қоян-қолтық ұрыс жекпе-жегінен Қазақстан Республикасының бірінші чемпионатын өткізгелі жатыр. Өнегелі істің ұйымдастырушысы «КазПромСтройГрупп» ЖШС директоры Бақытжан Олжабайұлы Ержанов батыр бабаның өмір жолы, ерлік істері жинақталған «Жалаңтөс Баһадүр» атты кітап шығарып, алыс-жақындағы ағайынның басын құрап, баһадүрдің есімін жаңғырта түсті. Ақтөбе облысының ғана емес Қазақстандағы кикбокс өнерінің дамуына бір адамдай атсалысып жүрген, ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысы С.Қапин секілді азаматтар да ата аруағы алдында аянып жатқан жоқ.
Сонымен, ақпан айының 19-21-і күндері аралығында Ақтөбе қаласындағы «Қоныс» спорт сарайында Жалаңтөс баһадүрге арналған қоян-қолтық ұрыстан Қазақстан Республикасының бірінші чемпионаты өтеді.
Күллі қазақ жұрты ардақ тұтып, белгілі ғалымдар мен жазушылар толғана қолға алып, Жалаңтөстей ерлердің есімін насихаттай түссе, қанекей. Бүгінгі жалпы елдің ұлттық рухы әлсіреген тұста осындай нарқасқа бабалардың өрлігін қандарына дарыта түссек дейміз.

Бердібай КЕМАЛ,
Есен-Түгел ӘЗИ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button