Қазақ хандығы-550

БҰРЫНДЫҚ ХАН

 Берекет КӘРІБАЕВ,

тарих ғылымдарының докторы, ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ профессоры.

Керей ханның ұлы Бұрындық XV-XVI ғасырлардағы Қазақ хандығының құрылуы мен күшеюі процесіндегі маңызды оқиғаларға тікелей араласып, өз үлесін қосты және хандықты 40 жылдай басқарды.
Ержеткеннен билікке қолы жеткен ол қазақ халқының этникалық территориясының қалыптасуы жолында үлкен еңбек сіңіреді, хандықтың батысында ноғай мырзаларымен, оңтүстігінде шайбанилық сұлтандармен ұзаққа созылған күресті бастан кешіреді. Билік құрған жылдарының алғашқы кезеңінде атақ-даңқы алысқа таралып, лаулап жанған оттай жарқыраса, билігінің соңғы кезеңінде барлық жинаған беделінен айырылып, бүкіл атақ-даңқы сөнген шоқтай бірте-бірте өшеді. Оның есімі XV-XVI ғасырлардағы қазақ хандары — Керей мен Жәнібек, Қасым, Хақназар, Тәуекел хандардай халыққа кең танымал болмаса да, осы кезеңдегі Мамаш, Тақыр, Бұйдаш, Ахмет (Қожахмет), Тоғым, Шығай хандарға қарағанда жақсы таныс. Қазақ хандығының құрылғаннан кейінгі алғашқы саяси дамуы мен тарихи кезеңі тікелей Бұрындық ханның есімімен байланысты. Міне, сол себепті де біз, төменде Бұрындық ханның өмірі мен қазақ тарихындағы алатын орны туралы өз ойларымыз бен пікірлерімізді қалың оқырманға таныстыруды жөн көріп отырмыз.
Бұрындық хан — Шыңғыс ханның ұрпағы, оның үлкен ұлы Жошы ханнан таралады. Оның шығу тегін қысқаша былай көрсетуге болады: Шыңғыс хан — Жошы хан —  Орда Ежен — Сартақтай — Қоныша — Баян хан —    Сасыбұқа —  Ерзен — Шымтай және Орыс хан. Төртінші атасы — Орыс хан. Орыс ханның XIV ғасырдың 60-70 жылдары Ақ Орда мен Алтын Ордада билік құрғаны баршаға мәлім. Орыс ханнан жеті ұл болды. Үлкені — Тоқтақия. Ортағасырлық жазба дерек мәліметтерінде Тоқтақия Орыс хан­нан кейін таққа отырған. Бірақ оның билігі ұзаққа созылмай, 2 айдан соң қайтыс бола­ды. 1426 жылы жазылған, авторы белгісіз «Муизз ал-ансаб фи шаджарат салатин могул» атты деректе Тоқтақияның алты ұлы болды делінеді. Ал XVI ғасыр басында жазылған  «Тауарихи гузидай нусрат намада» Тоқтақияның үш ұл, үш қызы болған делінген. Болат — Тоқтақияның ұлдарының бірі, оның Дешті Қыпшақ тарихында қандай рөл атқарғаны белгісіз. Болаттың ұлы — Керей хан. Алғашқы қазақ ханы Ке­рей туысы Жәнібек ханмен бірге Қазақ хандығын құрғандығы баршаға мәлім.
Керей хан туралы өз кезегінде айтамыз. Біз қарастырып отырған — Бұрындық хан — Керей ханның үш ұлының үлкені. Бұрындықтың қашан дүниеге келгені белгісіз. Орта ғасырлардағы жазба деректердің үзік-үзік мәліметтеріне сүйене отырып, оның өмірінің 40-50 жылдық кезеңін қалпына келтіруге болады.
Бұрындық ханның өмірі Қазақ хандығы тарихының алғашқы кезеңімен тығыз байланысты. Сондықтан да хандық тарихындағы ірі оқиғалар мен дамулар оның өміріндегі маңызды белестер болып есептеледі. Жазба деректердің өте тапшылығына қарамастан, Бұрындық хан өмірінен бірнеше белесті айқын көруге бо­лады.
Бірінші кезеңге  Қазақ хандығы құрылуының соңғы кезеңіндегі атқарған рөлі жатады, бұл шамамен 1469-1471 жылдарда болған;
Екінші кезеңге 1473-74 жылдардан XV ғасырдың 90 жылдарының ортасына дейінгі, яғни  Қазақ хандығының батыста ноғай мырзаларымен және оңтүстікте Сыр бойы қалалары мен өңірлері үшін күресте атқарған рөлі жатады.
Үшінші кезеңге  XV ғасырдың 90 жылдарының ортасынан XVI ғасырдың алғашқы он жылдығы ішіндегі Қасым сұлтанмен арадағы қайшылықтар, Шайбани ханмен одақтасу, қазақ қоғамындағы беделін жоғалтып, елден кетуі жатады.
Бұрындықтың хандықтың құрылу үрдісіндегі оқиғаларға қатынасуы 1469-1472 жылдардағы оқиғаларда көрінеді. Осы жылдары Қазақ хандығына қатысты мынадай оқиғалар болған еді. 1469 жылы Әбілқайыр хан Моғолстанның батыс жағындағы Қазақ хандығына қарсы жорық ұйымдастырып, сол жылдың қараша-желтоқсан айларында орта жолда қайтыс болады. Орнына екінші ұлы Шайх Хайдар таққа отырады. Оның билігі туралы деректердің бәрі оң баға бермейді. «Тарих-и Кипчакидің» авторы Ходжамқұлы-бек Балхи оның жеке басына мынадай сипаттама береді. «Ол жұмсақ мінезді және жігерсіз адам болатын, басқару ісінде өз бетінше қадамдар жасауға қабілетсіз еді». Осыны пайдаланып Әбілқайырдың кешегі жаулары әр тараптан жорықтар жасай бастайды. Қазақ хандығы тарапынан да бірнеше жорықтар жасалады. «Тауарих-и гузида-ий нусрат-намадан» басқа «Шайбани нама», «Фатх-нама», «Бахр ал-асрар фи манакиб ал ахиар» шығармаларының мәліметтері  бойынша «көшпелі өзбектер» мемлекетін талқандауда Қазақ хандығы жағынан тек Жәнібек ханның есімі ғана аталады. Ал Керей хан есімінің  аталмауын, біз, ол 1469 жылға дейін қайтыс болған дейміз. Бұрындық Керейдің үлкен ұлы болғандықтан, әкесінің ұлысын басқаратыны өзінен-өзі түсінікті жайт. Керейдің қашан қайтыс болғандығы жөнінде аңыз дерегі былай дейді: «Шудың бойында он жылдай хандық құрған Керей хан «Хан тауына» жерленіпті». Бұл аңызды ел ауызынан жинап, жариялаған — белгілі археолог Мадияр Елеуов. Керейден соң хандық билік Жәнібек ханға өтеді. Ал Бұрындық болса ұлыс басқарып, Жәнібек ханның жарлықтарын орындап жүреді. Дәл осы жылдарда алғаш рет Бұрындық есімі «хан» деген лауазыммен жазба дерек мәліметіне енеді. Шайх-Хайдарға қарсы Қазақ хандығы тарапынан күресті басқарушы Жәнібек хан болса, ал оны іске асырушы Бұрындық болған. Бұл жөнінде дерек мәліметі: «Жәнібек хан адамдары ішінен Бұрындық хан өз ұлысын жиып, Әбілқайыр хан ұлдарына тарпа бас салды. Олардың қарсыласуға күштері келмей,  жан-жаққа бытырай қашты. Бұрындық кейін қайтқан соң, олар қайта жиналып бас қосты» — деп баяндайды. Дерек мәліметінен көріп отырғанымыздай, Бұрындық Жәнібек хан тапсырмасын орындаушы, ал жорықтың мақсаты — Дешті Қыпшақтағы шайбанилық сұлтандардың билігін жою болған. Жорық біршама сәтті аяқталғанымен, негізгі түпкі мақсат орындалмаған секілді. Бұрындықтың кейін оралуымен, бас сауғалап қашқан Әбілқайыр ұлдары қайта жиналады. Соған қарамастан Бұрындықтың бұл жорығы оны тарихта қалдырды. Сөйтіп, ол Қазақ хандығының құрылу кезеңіне, әсіресе оның соңғы кезеңіне өз үлесін қосады.
Бұрындық ханның қазақ тарихында аты жарқырап көрінген тұсы — XV ғасырдың 70-90 жылдары болды. Бұл жылдар Қазақ хандығы үшін күшею, нығаю жылдары және қазақ халқының этникалық территориясын біріктіру жолындағы күрес кезеңі  еді. Кезеңнің ең басты оқиғаларына  көрсетілген жылдар ішіндегі Қазақ хандығының Сырдария өзенінің орта ағысы бойындағы қалалар мен өңірлер үшін алғашында Мауреннахрдағы темірлік  билеушілермен, кейіннен шайбанилық сұлтандармен және Моғолстан хандарымен жүргізген күрестері жатты. Осы күрестер барысында тарих сахнасына қазақ хандарының екінші буыны өкілдері: Бұрындық, Қасым хандар шығып, қазақ мемлекеттілігінің одан әрі күшейіп, нығаюына өз үлестерін қосады.
Сыр өңірі үшін болған күрес жылдары Қазақ хандығын Бұрындық хан билеп тұрады. Жәнібек ханның қашан қайтыс бо­лып, Бұрындықтың қай жылдардан бастап билік құра бастағаны бізге белгісіз. Ол ту­ралы ешбір дерек жазбайды.
Тұрсын Сұлтановтың пікірі бойынша, Бұрындық хан 1473-74 жылдардан билік құра бастаған. Біз де осы пікірді жөн деп санаймыз, өйткені дәл осы жылдардан бастап Сыр бойы үшін күресте қазақ ханы ретінде Бұрындықтың есімі айтылып, Жәнібек хан ұлдарының бәрі «сұлтан» лауазымымен жазылады.
Сыр бойы деп отырғанымыз — Сырдария өзенінің орта ағысы бойындағы жерлер. XIV-XVI ғғ. жазба деректер өңірді Түркістан аймағы деп атайды. Аймақ — XI ғасырдан бері Дешті Қыпшақтың ажырамас, құрамдас бөлігі және онымен бірге біртұтас шаруашылық, мәдени, этникалық, діни, тілдік кеңістікті құраған. Тек кейбір та­рихи кезеңдерде Сыр өңірі саяси жағынан Мауреннахрға уақытша қараған. Дешті Қыпшақ пен Мауреннахр билеушілері арасындағы XI-XV ғғ. қарым-қатынастың негізгі нысаны Түркістан аймағы болып саналады. Ойымыз дәлелді болуы үшін ХІ-ХІІ ғасырлардағы Қыпшақ хандығы мен Хо­резм мемлекеті, ХІІІ ғасырдағы Орда Ежен ұлысы мен Шағатай ұлысы, Орыс хан мен Ақсақ Темір, Тоқтамыс хан мен Ақсақ Темір, Барақ хан мен Ұлықбек, Әбілқайыр хан мен Ақсақ Темір ұрпақтары арасындағы саяси қатынастарды айтсақ та жетіп жатыр. Саяси қатынастар Қазақ хандығы құрылғаннан кейін де жалғасын тапты. Аймақ үшін күрестің басталуы Бұрындық ханның билігі тұсына сай келеді. Оның қазақ тарихында алатын рөлі де осы Сыр бойы үшін күресте көрініс береді.
Сыр бойы үшін жүргізілген күрестің себебін айттық, ал басталуына түрткі болған оқиғаға Әбілқайыр ханның немересі Мұхаммед Шайбани ханның Мауреннахрдың қол астындағы Түркістан аймағындағы қалалардың біріне  келіп, бекінуі жатады. Осы жылдары өзара феодалдық соғыстарды бастан өткеріп жатқан Мауреннахрдағы Темір әулетінің  билеушілерінде Түркістан аймағын қорғайтындай күш жоқ болатын. Сондықтан оларға Қазақ хандығының негізгі жауы — шибанилық сұлтандарды қазақтарға қарсы қою өте тиімді еді.
Қазақ хандығы Мауреннахр билеушілерінің бұл әрекетіне бірден қарсы шығады. Қыс мезгіліне қарамастан Бұрындық хан бастаған қазақ әскерлері Мұхаммед Шайбани хан бекінген Сығанақ, Сауран және Созақ өңірлерінде ұрысқа түседі. Бірнеше рет болған ұрыстарда жеңілген Шайбани хан қашуға мәжбүр болады. Аймақтың басқа да өңірлерінен айырылып қалу қаупін сезген аймақтың әкімі Мұхаммед Мазид-тархан Шайбани ханды Самарқанға кетуге көндіреді. Осылайша күрестің алғашқы кезеңі Қазақ хандығы үшін сәтті басталып, аймақтың солтүстік өңірлерінде  Қазақ хандығының саяси билігі орнығады. Орны келгенде айта кету керек, бүкіл хандықтың әскерін Бұрындық басқарып, алғашқы жеңістерге қол жетті, бірақ деректерде атап өтілгендей, Жәнібек ханның ұлдары Қасым, Жиренше, Махмұд сұлтандар ерекше көзге түседі. Бұл ұрыстар шамамен алғанда, 1470 жылдардың ортасында өтеді.
Ал XV ғасырдың 80 жылдарында Мұхаммед Шайбани хан Мауреннахр билеушілеріне арқа сүйеп, аймаққа тағы да енеді де,  солтүстік өңірдегі қалаларды басып ала бастайды. Бұрындық хан және Жәнібек хан ұлдарының қарсы қолданған әрекеттері нәтижесінде Әбілқайыр ханның немересі Түркістан аймағынан қашуға мәжбір болады. Ал Қазақ хандығы болса аймақтың солтүстік өңірін қорғап қана қоймай, аймақтың орталық және оңтүстік өңірлерінде өз ықпалын күшейте бастайды. Негізінен аймақта Жәнібек ханның 9 ұлының ықпалы мен әсері өсе бастайды. Олардың ұлыстарының аумағы кеңейіп, қалалар мен елді мекендер,  жақсы қысқы жайылымдар солардың иелігіне көшеді.
XV ғасырдың 80-90 жылдары Мауреннахрда феодалдық бытыраңқылықтың одан әрі тереңдеуі Қазақ хандығына өте тиімді болды. Қазақ хандығының  аумақта саяси-экономикалық ықпалының күшеюіне енді  сол кездегі көршілес мемлекеттердің бірі — Моғолстан қарсылық білдіре бастайды. Моғол ханы Сұлтан Махмұт тікелей ашық соғысқа бара алмай, Шайбани ханды қазақтарға қарсы қолданады. Сұлтан Махмұт хан Мауреннахрдан аймақтың бір бөлігін тартып алып, онда Шайбани ханды билеуші етіп қояды. Деректерде, моғол ханының бұл ісіне қарсы Қазақ хандығы наразылық білдіреді және осыған байланысты екі жақ арасында екі рет ұрыс болады, екеуінде де қазақтар жеңіске жетті деп жазылады. Осы кездердегі сыртқы саясаттағы жеңістердің барлығында да Бұрындық ханның үлесі өте зор. Оның беделінің және атақ-даңқының әбден өскен кезі де осы тұс.
XV ғасырдың 90 жылдарында Бұрындық хан мен Жәнібек хан ұлдары арасында қайшылықтар туа бастайды. Біздің ойымызша, қайшылықтың негізіне Сыр өңірінде Жәнібек хан ұлдары ықпалының өсуі мен нығаюы жатыр. Ішкі саяси өмірдегі осы қайшылық сыртқы саясатқа да өз салқынын тигізеді. Сол себепті де 1493-96 жылдары Түркістан аймағы үшін болған ұрыстар қиын да ұзақ болады. Шайбани хан бірде Моғол ханы жағына, бірде мауреннахрлық билеушілер жағына шығып, өз бағытын өзгертіп отырады. Тіпті ол негізгі қарсыласы — Бұрындық ханмен де жақындасуға ұмтылады. Жәнібек хан ұлдарымен арадағы қайшылықтың одан әрі шиеленісуі Бұрындықты Шайбани ханмен одақтас еткізеді. Сөйтіп, 1496 жылы үш жылға созылған ұзақ ұрыстар мен шайқастардан соң соғысушы жақтар келісімге келеді. Келісімнің қорытындысы бойынша Түркістан аймағы үшке бөлініп, оның солтүстігінде Қазақ хандығы, оңтүстігінде Моғолстан, орталығында  Мұхаммед Шайбани хан билік жүргізуге тиіс болады.
Сонымен бірге Бұрындық хан кешегі қарсыласы Шайбани ханмен  екеуара одақтастықты тереңдету үшін екі қызын шибанилық екі сұлтанға ұзатады. Мұндай одақтастыққа қарсы Жәнібек хан ұлдары да Моғолстан ханымен жақындасып, оларға қарсы одақ құрады. Қасым сұлтанның ағасы Әдік сұлтан Моғол ханының қарындасына үйленеді. Осылайша, қазақ қоғамындағы хандық әулет ішінде бір-біріне қарама-қарсы күштер қалыптасады. Көріп отырғанымыздай, Бұрындық ханның билігі тұсында, XV ғасыр соңында Қазақ хандығындағы жетекші саяси күштер екіге бөлініп, ол хандықтың сыртқы саяси жағдайына әсерін тигізбей қоймайды. Бірақ қалыптасқан жағдай Бұрындық ханға  абырой әкелмейді. Хан ретінде мемлекеттегі барлық саяси күштердің басын қосудың орнына, керісінше, олардың бір-біріне қарсы тұруына себепкер боп, ол күштердің бірінде өзінің болуы — оның беделінің құлдырауының басы болды. Бұрындық хан өмірінің қайғылы жағы да осында еді.
XVI ғасырдың алғашқы он жылдығында Бұрындық хан өміріне түбегейлі бетбұрыс әкелген ірі күрделі оқиғалар болып етті. Ол оқиға тағы да Мұхаммед Шайбани хан есімімен байланысты еді. 1500 жылдың жазында Самарқан тағына келген шайбанилық сұлтан айналасы 3-4 жыл ішінде бүкіл Мауреннахрды біріктіріп, Моғолстанның қол астындағы Ташкентті моғол ханынан тартып алады. Шайбани моғол хандары Сұлтан Махмұт пен Сұлтан Ахметті қолға түсіріп, бірақ босатып жібереді. Әбден күшейген Мұхаммед Шай­бани 1505 жылдан 1510 жылға дейінгі аралықта Қазақ хандығына қарсы төрт рет жорық ұйымдастырады. Жорықтардың алдына қойған саяси және экономикалық мақсаттарына: Қазақ хандығын бағындыру не әлсірету, Түркістан аймағын Мауреннахрға қосу жатты. Бұрындық хан дәл осы жорықтар кезінде үлкен қателіктер жіберді деп есептейміз. Оған дәлеліміз: Мұхаммед Шайбани ханның алғашқы үш жорығы кезінде Бұрындық хан оған қарсы ешқандай шара қолданбайды. Шайбани хан емін-еркін Жәнібек хан ұлдары: Жаныш сұлтанның және Тыныш сұлтанның ұлыстарын ойрандап, мыңдаған мал-жанын олжалайды. Тіпті 1509 жыл­дын қысында болған үшінші жорық кезінде, өз ұлысына қарай жау әскерінің келе жатқанынан хабардар болып, оған қарсы ешқандай қарсылық көрсетпейді де, қашуға  мәжбүр болады. Оның бұл іс-әрекеттері хан беделінің құлдырай бастағанын, оның атақ-абыройының түсе бастағанын көрсетеді.
Бұрындық ханның шарасыздық ісін, оның әдейі жасаған жоспарлы ойы деп түсінеміз. Жәнібек хан ұлдары неғұрлым әлсіресе, соғұрлым оның күші өсуі тиіс еді. Бірақ көп ұзамай бәрі керісінше болып шықты.
1510 жылдың қысында Мұхаммед Шайбани хан тағы да қазақтарға жорық жасайды. Бұл оның қазақтарға қарсы жасаған соңғы жорығы болды. Жорық бағыты Қасым сұлтан ұлысына қарсы бағытталады. Қасым ресми хан болмаса да, осы жылдары оның беделі Бұрындық ханнан күшті еді. Ол жөнінде Мұхаммед Хайдар Дулати «Тарих-и Рашиди» еңбегінде былай деп жазады:
«…Бұл кезде Бұрындық ресми хан болып саналғанымен, хандықты басқару  ісі және толық билік Қасым ханның қолында болды». Осы жорығында Шайбани хан Қасым ханнан  тас-талқан боп жеңіледі.  Қасым ханның жеңісі Дешті Қыпшаққа түгел тарап, оның атағын өсіреді.
Қасым ханның осы жеңісінен кейін Бұрындықтың тағдыры өте қайғылы жағдайда өтеді. Ол жөнінде тағы да Мұхаммед Хайдар Дулати: «…Қасым ханның атақ-абыройының өскендігі соншалық, ол Бұрындық ханды қуып жіберді», — деп баяндайды. Бұл шамамен алғанда, 1510 жылдың соңында немесе 1511 жылдың басында болады.
Осылайша, Қазақ хандығының құрылуы кезіндегі оқиғаларға белсене араласып, одан кейінгі кезеңдерде хандықтың күшеюіне өз үлесін қосқан Бұрындық хан XVI ғасырдың алғашқы жылдарында үлкен, мемлекеттік дәрежеде көрегендік көрсете алмайды. Елдік мүддеден жеке, тар мүддеге көшу оның беделін түсіріп, атақ- абыройын жойды. Бұрындық ханның тағдыры әркімге де тарихи сабақ бола алады.
Енді бірер сөз Бұрындық ханның өмірінің соңғы кезеңі туралы. Тарихи дерек мәліметтерінде баяндалғанындай, Бұрындық хан Дешті Қыпшақтан кетіп, Самарқанға келеді. Қай жылдары екені белгісіз, сонда жүріп ол қайтыс болады. Ол Үргеніш қаласы маңындағы Бақырған ата қабірінің жанына жерленеді. Кейбір тарихшылар ешбір дерек мәліметіне  негіздемей, Бұрындықтың соңғы өмірі жөнінде қисынсыз пікірлер айтады. Мысалы, А. П. Чулошников Қасым хан мен Бұрындық хан арасында ұрыс болды да, жеңілген Бұрындық өз Отанын тастап, Мауреннахрға кетті деген ойлар айтады. Сол сияқты, Бұрындық хан Самарқан жақта жоқшылықтан, кедейшіліктен қайтыс болды деп жазады. Мұндай пікірден кейін Бұрындық ханның өміріне қатысты мәліметтер беретін деректермен танысқанымызда, А. П. Чулошниковтың пікірлері дәлелденбеді.
XVI ғасыр басында жазылған «Хандар шежіресінде» Бұрындық ханның  ұлдары жөнінде айтылады, бірақ олардың ешқайсысы Қазақстан аумағындағы саяси билікке келмейді. Соған қарағанда Бұрындық хан Қасым ханнан ығысып Хорезмге қарай жылжығанда, өзінің жақтастарымен, әсіресе, ұлдарымен бірге кеткен. Осылайша, Бұрындық ханға қатысты жоғарыда айтқан ойларымызды түйіндей келе, оның өмірі 40 жылдай Қазақ хандығының тарихымен тікелей байланысты болғандықтан, хандықтың құрылуы мен күшеюінде өзіндік рөлі, алатын орны, қосқан үлесі  бар дейміз.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button