Қазақ хандығы-550

«ҚАЗІР ТАРИХТЫҢ РӨЛІ АРТЫП ОТЫР…»

Қазақ хандығы Керей мен Жәнібек сұлтандардың сол кездегі Алтын Орда орнындағы мемлекет — Әбілқайыр хандығынан бөлініп шығуынан пайда болды. Тарих осылай дейді. Ал бұл Әбілқайыр кім? Ол билікке қалай келді? Шибан ұлысының иелігіндегі жерлер қай аймақта орналасты?

ҚР Ұлттық Ғылым Академиясының корреспондент-мүшесі, Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университетінің профессоры, тарих ғылымдарының докторы Берекет Кәрібаевпен сұхбатымызды осы сауалдардан бастағанды жөн көрдік.

 

ОРДАЕЖЕНДІКТЕР, МАҢҒЫТТАР ЖӘНЕ ШИБАНДЫҚТАР

 

— Жалпы алғанда, Жошы Ұлысы, оның негізінде құрылған Алтын Орда мемлекеті XIII-XV ғасырлардағы Еуразия аумағының саяси тарихында басты рөл атқарды, — дейді Берекет Бақытжанұлы. — Алтын Орданың ыдырауы барысында оның сол қанатында — Ақ Орда, оң қанатында Қазан, Қырым, Астрахан хандықтары дүниеге келеді. Ал 1428 жылы Ақ Орданың күйреуі салдарынан Әбілқайыр хандығы, Сібір хандығы және Маңғыт ұлысы (кейіннен Ноғай Ордасы) құрылады. Әбілқайыр хандығы дегеніміз — Жошының бесінші ұлы Шибанның ұлысы негізінде 1428-1470/1471 жылдары өмір сүрген мемлекеттік құрылым. Оның аумағына қазіргі Қазақстанның басым бөлігі енді. Бұл мемлекеттің алғашқы билеушісі Әбілқайыр хан болғандықтан, тарихшылар «Әбілқайыр хандығы» деп атап кеткен. «Көшпелі өзбектер» мемлекеті деген аты да бар. Әбілқайыр ханның шығу тегіне келсек, Шыңғыс хан, одан Жошы хан, одан Шибан (деректерде түрліше аталады: Шабан, Сибан, Шайбан. Мамандар «Шибан» деп жазады), одан Бахадүр, одан Жошы Бұқа, одан Бадағұл, одан Мыңтемір хан, одан Болат, Болаттан Ибрагим, одан Даулетшайх, ал одан — Әбілқайыр хан. Яғни Шыңғыс ханның он бірінші ұрпағы.

Әбілқайырдың арғы атасы Шибан туралы мәліметтер біршама бар. 1226 жылы әкесі Жошы қайтыс болғаннан кейін, ол атасы Шыңғыстан Қазақстанның батыс аймағынан үлеске жер алған. 1236-1242 жылдары Батыйдың батысқа жасаған жеті жылдық жорығында моңғол әскерінің бір бөлігіне басшылық жасап, ерлігімен көзге түседі де, Батыйдың жарлығымен ұлыс жерін кеңейтеді. Шамамен айтқанда, оның ұлысының аумағына Сырдың төменгі ағысы бойынан солтүстікке қарай Ырғыз, Тобыл, одан әрі Батыс Сібір жерлері және батысқа қарай Жайыққа дейінгі жерлер енген. Осы аумақ «Шибан ұлысы» аталып, Жошы ұлысының сол қанатын құраған, кейіннен Ақ Орда мемлекетінің құрамында болған.

Шибан қайтыс болғаннан кейін, осы аумақта оның ұрпақтары ұлыс билеушілері болды. Деректерге сай, жоғарыда айтылған Бахадүрден Әбілқайырдың әкесі Даулетшайхқа дейін ұлыс билеушілері болған. 1428 жылы Ақ Орданың соңғы ханы — Барақ хан қаза тапқаннан кейін, оның құрамындағы ұлыстарда дағдарыс басталды. Шибан ұлысы аумағында да бір-біріне бағынбайтын 5-6 кішігірім шибанилық ұлыстар қалыптасады. 1428-1429 жылдары 16-17 жасар Әбілқайырды жергілікті жердегі ру-тайпа көсемдері мен бектері, Алаш есімді батыр әрі әулие адамның қолдауымен, кішігірім ұлыстардың бірінде хан көтереді. Неге жас жеткіншекті хан көтерген? Мұның себебі де жоқ емес.

Алтын Орда тарихында «қыпшақтану үдерісі» деген ұғым бар. Бұл ұғым бір ғасырдай уақыт ішінде моңғолдық факторлардың моңғол тілінің, моңғол мәдениетінің, моңғол дәстүрінің, моңғолдық билік пен оны мұраланудың және т.с.с.) қыпшақтық ортаға сіңісіп кетуін білдіреді. Осы үдеріс әсерімен жергілікті ру-тайпа көсемдері мен бектерінің, дін басыларының билікке ықпалы артқан. Сөйтіп, олар билікке тәжірибесі мол тұлғаны емес, керісінше, тегі мықты болса да, жас тұлғаны отырғызуға күш сала бастайды. Моғолстан тарихындағы — Тоғылық Темір ханның, Алтын Ордадағы Кіші Мұхаммед ханның билікке келуін осыған мысал ретінде айтуға болады.

Әбілқайыр хан 3-4 жыл ішінде бүкіл Шибан ұлысын біріктіруге қол жеткізді. Ал 1446 жылы Сырдың орта ағысы бойындағы қалаларды  бағындырды, сөйтіп, бұрынғы Ақ Орданың аумағына билік жүргізе бастады. Сығанақ қаласын өзінің саяси орталығы етті.

1446 жылдан бастап Әбілқайыр хандығының шартты түрдегі екінші атауы пайда болады, яғни «көшпелі өзбектер» мемлекеті деген атау. «Көшпелі өзбектер» дегеніміз — осы кезде Шығыс Дешті Қыпшақ аумағын жайлаған ру – тайпалардың жиынтық атауы. Бұны этноқауымдастық деуге де болады. Рузбихан есімді ортағасырлық автор 1509 жылы «көшпелі өзбектердің» үш топтан тұратынын жазып кеткен. Олар — маңғыттар, шибандықтар және қазақтар. Рузбихан үшінші топтағы тайпалар тобын «қазақтар» деп Қазақ хандығы құрылып, қазақ атауы этникалық мәнге ие болғаннан кейін жазып отыр. Ал 1440-1460 жылдары бұл тайпалар бірлестігі әлі қазақтар деген атауға ие болмаған еді. Бұл тұста олар қалай аталған? Мен өз еңбектерімде бұл тайпалар бірлестігінің Қазақ хандығы құрылғанға дейінгі атауын «ордаежендіктер» деп жазып жүрмін. Өйткені Маңғыт ұлысының тайпалары — маңғыттар, Шибан ұлысының тайпалары шибандықтар деп аталса, Орда Ежен ұлысының тайпаларын «ордаежендіктер» деп атау әбден орынды.

«Көшпелі өзбектер» қауымдастығынан алдымен маңғыттар бөлініп кетіп, Еділ мен Жайық аралығында Ноғай Ордасының негізін қалайды. 1457 жылы шибандықтардың өзі екіге бөлінеді. Іле-шала-ақ ордаежендік тайпалар да Керей мен Жәнібек хандардың басшылығымен «көшпелі өзбектерден» бөлініп шығып, Моғолстанның батыс аумағындағы Шу өзені мен Қозыбасы тауы аралығында Қазақ хандығының негізін қалады.

Әбілқайыр хан болса, 1468-1469 жылы Қазақ хандығына бағытталған жорығы барысында ауырып, қайтыс болды. Орнына екінші ұлы Шайх Хайдар таққа отырды. Оған қарсы Әбілқайыр ханның қарсыластары — Сібір хандығы, Үлкен Орда (Алтын Орданың орнында қалған мемлекет осылай аталады), Ноғай Ордасы, Қазақ хандығы күрес жүргізеді. Ақыры Шайх Хайдарды Сібір ханы Ибақ хан өлтіреді. Шибанилық әулеттің қалған өкілдері жан-жаққа тарап, бас сауғалап қашып кетеді.

 

«ҚАЗАҚ ХАНДАРЫНЫҢ БЕДЕЛІН ТӨМЕНДЕТУДІ КӨЗДЕДІ»

 

— Ал Қазақтың хандығының алғашқы хандары Керей мен Жәнібектің ата-тегі туралы тарихшылар бір шешімге келмеген сияқты: біреулері — Орда Еженнің, екіншілері Тұқай Темірдің ұрпақтары санайды. Сіздің пікіріңіз қалай?

— Орда Ежен де, Тұқай Темір де — Жошы ханның ұлдары. Орда Ежен — үлкен ұлы, ал Тұқай Темір — ең кенже ұлы. Бұл жерде мәселені дұрыс шешу үшін, тек дерекке сүйену ғана емес, сонымен бірге қолдағы мәліметке деректанулық тұрғыдан қарау қажет. Қазақ хандары Тұқай Темірден тарайды деген пікірді ұстанатын ғалымдар XVI-XVII ғасырлардағы шибанилық деректерге және нақ осы мәліметтер негіз болған басқа дерек көздеріне сүйенеді. Айталық, XVI ғасырдың алғашқы жылдарында Әбілқайыр ханның немересі — Мұхаммед Шайбани ханның тікелей араласуымен жазылған «Тауарих–и гузидайи нусрат-наме» атты шығармадағы шежірелік материалдар. Бұл шығарма, біріншіден, Орта Азияда жаңадан орныға бастаған шайбанилық әулетті дәріптеу, ал екіншіден, олардың басты қарсыласы — қазақ хандарының беделін төмендетіп, билігін «заңсыз» деп көрсету сынды жымысқы мақсатта жазылған. 1504-1506 жылдары жазылған осы кітапта қазақ хандары мен сұлтандарының «соғыса алмайтыны» туралы баяндалады. Сондай-ақ, Шыңғыс хан ұрпақтарының шежіресі жазылып, онда қазақ хандары Тұқай Темірден өрбіген деп көрсетілді. Ел арасына шибанилық сұлтандардың тұқайтемірлік сұлтандардан артықшылығын, «мәртебесі жоғары» екенін «дәріптейтін» аңыз-әңгімелер таратылады. Шибани әулетінің тарихшысы Өтеміс қажы өз кітабында мынадай аңызды баяндайды: «Жошы хан қайтыс болғаннан кейін, оның ұлдарының ешқайсысы билікті иеленбей, «атамыз шешсін» деп, Шыңғыс ханға келіпті. Шыңғыс хан немерелерінің сөзін тыңдап болған соң, үш киіз үй тіктіріпті де, «алтын босағалы Ақ ордаға» — Батыйды, «күміс босағалы Көк ордаға» — Орда Еженді, «болат босағалы Боз ордаға» Шибанды кіргізіпті. Ал Тұқай Темірге арба да бермепті. Содан бері шибанилықтар тұқайтемірліктерге: «Біз сендерден артықпыз» — дейтін болған». Міне, осылай, қазақ хандары мен сұлтандарының арғы тегін Тұқай Темірден тарату арқылы олардың халық арасындағы абырой-беделін төмендетіп, Дешті Қыпшақты «заңсыз» билеп отырғанын «дәлелдеу» көзделді. Қазақ хандығының тарихы бойынша қазіргі жетекші маман — Тұрсын Сұлтановтың пікіріне сай, Тұқай Темір алғашында Маңғыстауда иелік құрса, оның ұрпақтары кейіннен Қырымда, Қазанда, Алтын Ордада билік ете бастайды. Ал Орда Еженнің ұрпақтары Қазақстан аумағында XIII ғасырдан бері билікте болып, бұл Барақ ханға дейін жалғасқан. Тек Әбілқайыр хан тұсында ғана сәл уақытқа үзіліп, Керей, Жәнібек хандардың таққа келуімен ордаежендік әулеттің билігі қайта жалғасын тапты.

— Керей, Жәнібек бастаған жұрттың Моғолстанға көшуіндегі басты мақсат жөнінде де әртүрлі пікірлер айтылады?..

— Керей мен Жәнібек хандар бастаған ордаежендік тайпалардың «көшпелі өзбектерден» бөлініп, Моғолстанға көшуі — Қазақ хандығының құрылуы барысындағы ең басты оқиға және алғашқы қадам. Ал көшуге негіз болған себептер, түрткі болған оқиғалар туралы айтар болсақ, онда біздің әңгімеміз өте ұзаққа созылады. Тек қысқаша тоқталайын.

Бөлінуге қатысты оқиғаларды талдасақ, олардың әлеуметтік, экономикалық, этникалық, рухани, сондай-ақ, саяси себептері болған. Осындай кешенді себептер жиынтығы ғана халықтың бір бөлігінің бөліне көшуіне әкелді.

Ал түрткі болған оқиға — 1457 жылы Сығанақ түбінде қалмақтардан жеңіліс тапқан Әбілқайыр ханның өзіне қолдау көрсетпеген сұлтандар мен ру-тайпалар басшыларын жазаламақ ниеті еді. Қалмақтардың жорығы туралы естіген Әбілқайыр қарауындағы елге жасақ жию туралы жарлық шашады. Бірақ Керей мен Жәнібек, олардың қарамағындағы жұрт бұл соғысқа қатыспаған. Осы себепті Әбілқайырмен арада қақтығыс болатынын білгендіктен, Сыр бойындағы өз қыстауларына емес, Шу бойына көшкен.

 

ШЫҢҒЫС ХАННЫҢ ОНЫНШЫ ҰРПАҒЫ

 

— Қазақ хандығының алғашқы ханы Керей туралы деректерге үңілсек?

— Махмуд бен Уәлидің жазуы бойынша алғашқы қазақ ханы Керей хан болған. Ал жазба деректер мен тарихи зерттеулерде алғашқы қазақ ханының есімі — Гирей, Герей, Кирай, Керей түрінде кездеседі. Керей сөзі көне моңғолдың «гарай» сөзінен шыққан, оның екі мағынасы бар: бір жағынан, «биік», «еңселі», «алып» дегенді білдірсе, екіншіден, «ержүрек», «батыл», «еркін», «берік» деген мағынада да қолданылады. «Керей» деген есім Алтын Орда дәуіріне дейінгі араб, парсы тілдеріндегі шығармаларда кездеспейді және тек осы дәуірде ғана Шыңғыс ұрпақтары мен көшпелі қоғамның жоғарғы тобы арасындағы тұлғалардың есімі ретінде жиі ұшыраса бастайды.

Керей ханның шығу тегі, бұған дейін айтылғандай, Орда Еженнен бастау алады. Орда Ежен, оның ұлы — Сасы Бұқа, оның ұлы — Ерзен, оның ұлы — Шымтай және оның ұлы Орыс хан болып жалғасады. Ал Орыс ханнан Керейге дейінгі шежіре ортағасырлық деректерде жақсы сақталған: Орыс ханның ұлы — Тоқтақия, одан Анике Болат, одан — Керей хан. Керей қай жылы дүниеге келген? Деректер мұны айтпайды, бірақ салыстыру әдісі арқылы, болжап айтуға болады. Орыс ханның үлкен ұлы — Тоқтақия да, кіші ұлы — Қойыршақ, олардың жас арасын шамамен 15-20 жыл деуге болады. Тоқтақияның ұлы — Болат болса, Қойыршақтың ұлы — Барақ. Барақтың 1428 жылы қайтыс болғаны белгілі. Барақтың үш ұлының үлкені — Жәнібек хан. Ал Жәнібек хан мен Болаттың ұлы Керейдің бір тарихи кезеңде өмір сүргені және белгілі. Олардың арасындағы жас айырмашылығын да 10-20 жыл деп санауға болады. Керейдің есімі ХV ғасырдың 60-жылдарының соңынан, ал Жәнібектің есімі ХV ғасырдың 70-жылдарының ортасынан бастап жазба дерек мәліметтерінде кездеспейді. Соған қарап оларды 60-70 жыл өмір сүрген деп есептесек, демек, олар XV ғасырдың басында дүниеге келген болып шығады.

ХV ғасырдың 50-жылдарында, яғни Қазақ хандығы құрылар қарсаңда, Орыс ханнан тараған Керей мен Жәнібек секілді шөберелерді санағанымызда, Темір Мәліктің ұрпақтарынсыз, олардың саны 20-ға жуықтаған. Ішіндегі жасы жағынан ең үлкені Керей болған. Сондай-ақ, Орыс ханның үлкен ұлы — Тоқтақия, ал оның үлкен ұлы — Анике Болат, ал оның жалғыз ұлы Керей болғандықтан, ХV ғасыр ортасында Шығыс Дешті Қыпшақтағы Орда Ежен әулетінің, Орыс хан ұрпақтарының арасында ата жолы жағынан Керейдің мәртебесі жоғары болған.

Сол себепті Керей, Махмуд бен Уәли айтқандай, жасы мен жолына қарай хан болып сайланды. Ол он шақты жылдай тақта отырған. Жазба деректер оның нақты қай жылы қайтыс болғанын айтпаса да, жанама мәліметтер арқылы мұны да анықтауға болады. Әбілқайыр ханның  орнына отырған Шайх Хайдардың қарсыластарын шайбанилық деректер нақтылай атайды. «Тауарих-и гузида-йи нусрат-намада» Шайх Хайдардың жауларына: «Қажы Мұхаммед ханның ұлы Сейтек, Қажы Мұхаммед ханның немересі, Махмудектің ұлы Ибақ, Барақ ханның ұлдары Жәнібек пен Керей, Арабшахтың ұрпағы Буреке сұлтан, маңғыттан Аббас, Мұса, Жаңбыршы билер» жатқызылады. Ал «Фатх-наме» мен «Шайбани-наме» деректерінде Керейдің есімі аталмай, басқалармен бірге, тек Барақтың ұлы Жәнібек ханның есімі айтылады. Соңғы екі деректі негізге ала отыра, біз Керей хан есімінің бұларда кездеспеуін, сол тұста, яғни «1469-1471 жылдары Керей хан өмірде болмаған» деп ой түйеміз.

Керей ханның артында Бұрындық, Қожа Мұхаммед және Сұлтанәлі атты үш ұл қалады. Cоңғы екеуінің ұрпақтары жөнінде ешқандай мәлімет жоқ, ал Бұрындық хан XV ғасырдың соңғы ширегі мен XVІ ғасырдың басында Қазақ хандығын 30 жылдан аса уақыт билейді. Бұрындық ханның Шайхим, Санжаржахан, Жаханбақты атты үш ұлы, Шайхимның Жармұхаммед атты ұлы болғаны деректерде сақталған.  Керей ханның басқа ұрпақтары жөнінде мәліметтер кездеспейді.

 

 

КЕРЕЙ ХАНДЫ ЗИЯРАТ ЕТЕ АЛАМЫЗ БА?

 

— Бір еңбегіңізден Керей ханның Хантауына жерленгені туралы оқыдық.  Осы тау жөнінде нақтырақ айтсаңыз?

— Мен бұл тұжырымды қайдан алдым? Елімізге белгілі тарихшы-археолог ғалымдар, әрі өзімнің ұстаздарым — Сәйден Жолдасбайұлы мен Мадияр Елеуұлы Жамбыл облысының Шу, Мойынқұм аудандарында қазба жұмыстарын жүргізумен қатар, ел арасынан халық ауыз әдебиеті үлгілерін жиып, жариялады. Мен осы материалдарға сүйендім. Хантау — Жамбыл облысының Шу, Мойынқұм аудандары аумағында орналасқан тау сілемі. Ұзындығы — 40-45 шақырым, ені 10 шақырымдай. Ең биік жері — Сұңқар тауы. Сәйден Жолдасбайұлы осы тауда Хан тағы, Хан қорасы, Хан моласы деген жерлер кездесетінін жазады. Аңыз бойынша Керей хан осында жерленген.

 

АЗ ЗЕРТТЕЛГЕН ТАРАУ…

 

— Тарихшы ғалымдар арасында Қазақ хандығының тарихын зерттеушілер аз. Өйткені бұл кезеңге байланысты деректер жоқтың қасы, сондықтан зерттеушілер ол тұсқа тәуекел ете бермейтін секілді. Ал сіздің кандидаттық та, докторлық та диссертацияларыңыз Қазақ хандығы тарихына арналған екен?

— 1993 жылы «Қазақ хандығының нығаюы» атты тақырыпта кандидаттық диссертация тақырыбын бекіттірмек болдым. Сол жылдардағы еліміздің экономикалық жағдайының қандай екенін айтып жату артық болар. Менің ойым — Қазақ хандығының құрылуы мен Қазақстан Республикасының құрылуы арасында іштей байланыс, сабақтастық бар дегенді меңзеу, бүгініміз қиын болғанмен, болашағымыздың жарқын екенін, еліміздің нығаятынын айту еді. Бірақ ақылдаса келе, кандидаттық диссертациямның тақырыбы  «XV ғасырдың соңғы — XVI алғашқы ширектеріндегі Қазақ хандығының Мауереннахр билеушілерімен жүргізген саяси қарым-қатынастары» боп бекітілді. Ал докторлық диссертациям «Қазақ хандығының құрылу тарихы» деген тақырыпта қорғалды. Зерттеу жұмыстарымның алға жылжуына академик Болат Көмековтің қосқан үлесі ұшан-теңіз екенін ризашылық сезіммен атап өткім келеді.

Иә, ортағасырлық Қазақстан тарихына қатысты жазба деректер өте аз. Соған байланысты зерттеушілердің ортағасырлық тақырыптарға өте сирек баратыны да рас. Ортағасырлық тарихпен айналысқан қазақ тарихшылары санаулы ғана. Болат Көмеков, Тұрсын Сұлтанов, Сержан Ақынжанов, Меруерт Әбусейітова және басқа тарихшы-зерттеушілер кеңестік кезеңде ленинградтық, мәскеулік ғалымдардың жетекшілік етуімен кандидаттық, докторлық диссертациялар қорғады.

— Кеңестік кезең демекші, ол уақытта Қазақ хандығын зерттеушілерге жоғары жақ оң қабақ танытпаған ғой?

— Кеңес заманында Қазақ хандығының тарихын шынайы түрде зерттеу ісіне біршама кедергілер қойылғаны рас. «Тақырыптың өзектілігі жоқ» деген сылтаумен зерттемек тақырыбың бекітілмей қалуы әбден мүмкін болатын. Сондай-ақ, хандардың, сұлтандардың, билердің, батырлардың тұлғалық рөлдеріне таптық тұрғыдан қарау оларды мақтауға емес, даттауға алып келетін. Қазақ хандығының тарихын зерттеуге ұлт мүддесі тұрғысынан келу мүмкін болмады. Әрине, еліміз егемендік алғаннан кейін, ондай кедергілер жойылды.

— Тәуелсіздік алғаннан кейін тарихшыларымыз орыс архивтерін көп ақтарып, деректер жинады. Бірақ бұл деректер, негізінен, — Қазақ хандығының «бытыраңқылық кезең» саналатын екінші кезеңіне қатысты дүниелер. Ал алғашқы, яғни орталықтан басқарылған кезеңге қатысты деректер, біздіңше, өзбек архивтерінен табылса керек. Осы деректерді жинау бағытында қандай жұмыстар жүргізіліп жатыр?

— Қазақ хандығы тарихының қай кезеңі болмасын, оларға қатысты жазба деректер өз елімізде, өз қолымызда жоқ. Олар Өзбекстан мен Тәжікстандағы қолжазба қорларында, Петербург, Мәскеу қалаларындағы архивтерде сақтаулы. Тың деректер іздестірілсе, Иран, Түркия, Ирак елдерінен табылары анық. Кеңестік кезеңде Қазақ хандығының тарихына қатысты шығыс деректерінің бірқатары орыс тіліне аударылып, жарыққа шыққан. Ал қазір қоғамдық өмірде тарихтың рөлі артып отыр. Сондықтан әр ел әртүрлі сылтаулар айтып, өз архивіне, қолжазбалар қорларына өзге елдің азаматтарын жақындатпауға тырысады, тіпті рұқсат бермей қояды. «Мәдени мұра» бағдарламасының арқасында біздің тарихшылар алыс-жақын шетелдерден том-том материалдар әкеле алды. Ол материалдар алдымен деректанулық тұрғыда сараптамадан өтіп, сосын ғылыми айналысқа түссе, зерттеушілеріміз үшін бұрынғыдан гөрі әлдеқайда зор мүмкіндіктерге жол ашылған болар еді.

 

Сұхбаттасқан Индира ӨТЕМІС.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button