Билік

Дағдарыстан шығу кілті

«Российская газета» басылымының 2009 жылғы 2 ақпандағы санында Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Дағдарыстан шығу кілті» атты мақаласы жарияланды, онда Мемлекет басшысының әлемдік экономикалық дағдарысты еңсеру жөніндегі ұсыныстары атап көрсетілген.

Дағдарыстан шығу кілті

Нұрсұлтан  НАЗАРБАЕВ, Қазақстан  Республикасының  Президенті

Бүгінде елдер мен континенттерді тіті­рен­тіп тұрған жаһан­дық әлемдік дағдарыс – бұл адамзат әлі біліп болмаған айрық­ша құбылыс. Ол әлем тарихында теңдесі жоқ және әлемдік тәр­тіп­ті, барлық экономикалық бастауларды түбе­гейлі өзгертетін құ­былыстар санатына жататыны анық. Сондықтан да оны тал­дауға, ой-елегінен өткізуге және еңсеруге барлық ескі дог­ма­лар мен стереотиптерді қайта қарастыратын жаңаша көзқарас қажет.

Осыған байланысты айыптылар мен кінәлілерді іздеу қажетсіз іс. Қазір осындайлық қуатты әлемдік катаклизмді туындатқан жүйенің терең ақаулықтарын анықтауға, ең бас­тысы – оларды толық жою жол­дарын іздестіруге жұмылу ма­ңыз­дырақ. Бұл үшін біздің түбе­гей­лі жаңа, әлемдік экономиканың, сая­саттың және жаһандық қауіп­сіз­діктің басқаша құрылған моделін жасау шебінде тұрғанымызды мой­ындаудың батылдығы болуы керек.

Егер біз Ескі әлемнің жетіл­меу­шілігін еңсерудің бірегей мүм­кін­дігін тиімді пайдаланып, Жаңа әлем құрудың шынайы ниетінде болсақ, басқаша жол жоқ. Бұл үшін бүкіл әлемдік қоғамдастықтың ора­сан зор күш-жігерін, интеллектуал­дық және материалдық ресурстар­ды жұмылдыру және көп уақыт қа­жет болатыны түсінікті. Бізге түбе­гейлі жаңа қисынды құру және әзір­ге шартты түрде жаһандық (не­месе ұлы) Транзит әлемі деп атауға болатын осы өткел бойынша ортақ жаңа «қозғалыс ережесін» әзірлеу қажет болады. Бірақ та алдымен осынау жаһандық дағдарыстың, оның бастауларының алғашқы себептерін белгілеп көрейік.

Терең әлемдік ақау

Еуразияның ұлы бір ойшылы бұдан бір жарым ғасыр бұрын бы­лай деген екен: «Сыртқы күш де­ге­німіз – ішкі күштің туындысы». Бұл ойды басқаша айтсақ, «Сырт­қы дағдарыс дегеніміз – ішкі дағ­дарыстың туындысы» екенін әбден анық пайымдауға болады.

Сондықтан да қазіргі жаһандық дағдарыс – бұл мүлде қандай да бір табиғи апат емес және жағ­дай­лардың кездейсоқ қиылысының нә­­тижесі емес, бәзбір терең ішкі ақау­лықтың заңды сыртқы салдары.

Содан да біз оны нақты айқын­дап, белгілемейінше, дағдарыстың өзі бастау алған әлемдік валюта-қаржы жүйесін жөндеу жөніндегі біз­дің бүкіл күш-жігеріміз тек кос­метикалық сипатта ғана болады. Бұл жағдайда біз жоймаған ақау кейін де жиілей түсетін және сал­да­ры әлдеқайда ауыр болатын жаңа дағдарыстарды туындата береді.

Солай болып отыр, бүкіл біздің әлеміміз күтпеген ретте және бай­қаусызда жаһандық дағдарыс тун­нелінің «кіре берісінен» өтіп кеткен, ал одан «шығар есік» бүгінде еш­кімге дерлік көрінбей тұр.

Бұл, бәлкім, біз бүгінгі әлемге, сол секілді болашақ Жаңа әлемге бұрынғыша ескі ойлау құралдары­ның оптикасы арқылы қарайты­ны­мыз­дан орын алған болар. Бірақ та түбегейлі жаңаруды бастау үшін бізге бүкіл ойлау жүйемізді жаңарту керек. Тиісінше барлық ұғымдарды, категорияларды, теорияларды, кес­телерді, ойлау тұжырымдарын және жаңа дүниенің деректері мен құ­бы­лыстарын белгілейтін терминдерді жаңарту керек.

Әлемдік дамудың негізіне не алынған? Оның дамуының ядросы мен моторы – бұл туындаған әлем­дік байлық ретіндегі әлемдік ка­пи­тал. Ал бұл капиталдың негізіне не алынған? Жауап – әлемдік валюта жүйесі. Ал әлемдік валюта жүйе­сінің негізіне не алынған? Оның не­гізінде туындату және айналу те­тіктері – заңдар, ресімдер, эми­тент­тер, арналар, пайдаланушылар және с.с. жатыр.

Жеті қарапайым сұрақ

Біздің ойлануымызды түбегейлі жаңартуды, мәселен, әлемдік валю­та жүйесін сауықтырудың мәнін барынша айқын және түбегейлі түсіндіретін мына жеті қарапайым сұ­раққа адал жауап беруден бас­тауға болар еді.

1. Қазіргі де-факто бар әлемдік ва­люта заңды де-юре болып табыла ма?

Әлемдік валюта туралы әлемнің көптеген елдерінің басшылары қол қойған және әлемнің көптеген пар­ла­менттері бекіткен әлемдік заң­ның жоқ жағдайында заңдылықтың мұндай деңгейі туралы айтуға әзірге тура келмейтіні белгілі.

Қазіргі бар әлемдік валюта әлем­дік заң тұрғысынан оның заң­дылығы де-юре анықтала алатын әлемдік заң пайда болғанға дейін де-факто туындағандықтан, оны «заңға дейінгі» ретінде анықтаған дәлірек болар еді.

Сондықтан Жаңа әлемнің ва­лю­тасы әлемнің көптеген елдерінің басшылары қол қойып, әлемнің көп­теген парламенттері ратифи­ка­циялайтын Әлемдік валюта туралы бүкіләлемдік заңның негізінде жүзе­ге асуы тиіс. Бұл ретте әлемдік валюта ретінде әлемнің кез келген мемлекетінің ұлттық валютасын пайдалану нәтижесіз болады. Бұл заң оның қағидаттық тұрғыда ұлт­тықтан жоғары мемлекетаралық мәртебесін және арнайы құрылған бүкіләлемдік Эмиссия орталығы оның эмиссиясы қағидаттарын нақты да бір мәнді анықтай алар еді. Мұндай жүйе адамзат тари­хын­дағы алғашқы абсолюттік тұрғыда заңды және жария әлемдік валю­та­ның негізі бола алар еді.

2. Әлемдік валюта эмитентінің қызмет ресімі шынайы демокра­тия­лық болып табыла ма?

Әлемнің бірде-бір халқы әлем­­дік валюта эмитентінің ше­шім­­дерін қабылдауға да, қызме­ті­не де қа­тыс­пайтыны айдан анық. Сон­дықтан да ескі әлемнің әлем­дік валютасы эмитентінің қызмет ресімдері қай жағынан да немесе қай тұрғыдан да демократиялық болып табылмайды.

Осыған байланысты жаңа әлем­дік валютаны пайдаланушылар – барлық негізгі субъектілер әлемдік валюта туралы заңға сәйкес оның эмиссиясын және қатаң демокра­тия­лық ресімдер бойынша әрекет ететін эмитенттерін басқарудың де­мократиялық органдарын құра алар еді.

3. Әлемдік валютаның сұраны­сы мен ұсынысының баланс тетігі бәсекеге қабілетті және еркін бо­лып табыла ма?

Осынау рыноктың барлық қа­тысушыларының бәсекелі қызмет ережелерін белгілейтін және ба­қы­лайтын әлемдік институттар құрыл­ғанға дейін әлемдік валютаның әлемдік рыногы бәсекелі бола ал­майтыны және ондай деп мойын­далмайтыны анық.

Ал енді осынау міндетті бәсе­ке­лестікті арнаулы қадағалау органы, мәселен, Бүкіләлемдік моно­по­лия­ға қарсы валюта комитеті қам­та­масыз етіп, қатаң бақылай алар еді.

Әлемдік валютаның қазіргі бар рыногы оның мүмкін болатын бар­лық эмитенттеріне тең құқықты қам­тамасыз ете алмайды.

Еркін рынокта қандай да бір са­ту­шылар тобы үшін қандай да бір ар­тықшылықтарға, сондай-ақ әлем­дік валюта ретінде қызмет ететін валютаның сатып алу қабілеті мен тауар айырбастау қызметіне жария және жария емес шектеулерге үзілді-кесілді тыйым салынатыны белгілі. Мұндайдың байқалмай­ты­ны және мұндай рынок еркін емес болып табылатыны айқын. Әлемдік валюта рыногы шартты түрде ал­ғанда Бүкіләлемдік рынок еркіндігі комитетінің заңы бойынша бағам­да­ла алар еді. Осынау абсолютті түр­де еркін рынокта әлемдік валю­таның кез келген эмитенттер не­ме­се сатушылар тобы үшін кез келген артықшылықтарға үзілді-кесілді тыйым салынуы тиіс.

4. Әлемдік валюта рыногы өркениетті болып табыла ма?

Өркениетті рынокта ойын ережесі оған қатысушылардың барлығының (сатушылар мен сатып алушылардың) ешкімнің жеке мүддесіне нұқсан келтірмейтін ортақ шарты негізінде белгіленеді және сақталады. Әлемдік валюта ры­ногында мұнда ештеңе байқал­май­тыны анық. Демек, бүгінде әлемдік валюта рыногы өркениетті болып табылмайды.

Жаңа әлемдік валюта рыно­гын­да ойын ережесі заң бойынша бел­гі­леніп, оның барлық қатысушы­лары­ның (сатушылар мен сатып алушылардың) ортақ шарты негі­зінде сақталуы тиіс.

5. Әлемдік валютаның туындату жүйесі және эмиссиясы оның не­гізгі пайдаланушы субъектілерінің (елдердің, компаниялардың және азаматтардың) және тұтастай алғанда, әлемдік қоғамдастықтың бақылауында болып табыла ма?

Жоқ, оны негізгі пайдаланушы субъектілердің қандай да бір топ­тары, тұтастай алғанда, әлемдік қо­ғамдастық ешқандай бақыла­май­ды.

Бұл тұрғыда әлемдік валютаның эмиссия жүйесі мүлдем бақылаусыз болып табылады. Жаңа әлемдік ва­лютаның барлық негізгі субъекті­ле­рін­де – пайдаланушыларында (ел­дерде, компаниялар мен азамат­тар­да) оның туындатылуын эмиссиясы мен айналымын аталған заңмен арнайы көзделген тұрақты әрекет ете­тін бақылаушы құралдарын жа­сауға құқығы болуы тиіс. Эми­тент­тің қызметі сондай-ақ биліктің барлық үш тармағының: заң шы­ғарушы да, атқарушы да, сот та тар­мақтарының бақылау шегінде болуы тиіс.

6. Әлемдік валютаның туын­да­тушы жүйесі және эмиссиясы оның негізгі пайдаланушы субъекті­лері­нің (елдердің, компаниялар мен азаматтардың) және бүкіләлемдік қоғамдастықтың алдында жауапты болып табыла ма?

Әлемдік валютаның эмитенттері оның негізгі пайдаланушы субъек­ті­лерінің алдында да, тұтастай әлем­дік қоғамдастықтың алдында да ешқандай жауапты емес. Бұл тұр­ғыда әлемдік валюта эмитент­тері мүлдем жауапсыз, мұның өзі жаһандық дағдарысты туғызды да.

Әлемдік валютаның барлық жа­рия және заңды эмитенттері оның негізгі пайдаланушы субъектілері­нің (елдердің, компаниялар мен аза­маттардың) алдында және бүкіл­әлемдік қоғамдастықтың алдында өз әрекеттері (немесе әрекетсіздігі) үшін толық мәнінде жауапты болуы тиіс, оны заң бойынша іс жүзінде, мәселен, Бүкіләлемдік валюта арбитражы қамтамасыз ете алар еді.

7. Әлемдік валюта жүйесі тиімді де нәтижелі болып табыла ма, яғни оның жұмысының нәтижелері адамзатты және тұтастай әлемді дамыту мақсаттарына қаншалықты сай келеді?

Әлемдік валюта жүйесі жұмы­сы­ның іс жүзіндегі нәтижелері өр­кендеу үстіндегі әлемдік капитал­дың және тұрақты әлемдік дамудың (бірыңғай әлемдік валютаның да) болуының өзі бүгінде қатерлі бо­лып отырған жағдайға жеткізді. Бұл оның толық тиімсіздігінің айқын дәлелі.

Жаңа әлемдік валюта эмитент­тері­нің іс-әрекеті әлем мен адам­затты дамытудың шешуші мақсат­тары мен құндылықтарына әбден сай келуі тиіс. Жаңа әлемдік ва­люта жұмысының іс жүзіндегі нә­ти­жесі де толық мәнінде тұрақты даму мен өркендеудің жоғары мақ­саттары мен міндеттеріне сай келуі тиіс. Бұл қағидаттар заң бойынша жаңа әлемдік валютаның бүкіл жүйе­сінің негізіне де, сонымен бір­ге оның тиімділігін жүйелі өлшеу мен түзетудің жүйесіне де алынуы тиіс.

Осынау жеті қарапайым сұраққа адал жауаптар жаңа ғасырдың сы­нақтарына қазіргі бар әлемдік валютаның барабарлығы туралы мәселені таза риторикалық тұрғыға салады.

Өткен ғасырдың ортасынан бастап біздің әлем түбегейлі өзгерді және бұл өзгерістердің қарқыны күн өткен сайын өсіп барады. Тек әлемдік валюта ретінде пайда­ла­нылатын валютаның туындату және айналым тетіктері ғана өзгер­мей қалып отыр, оның жаңару қар­қыны әлемнің өзгеру қарқынынан апаттық жағдайда қалып қойған. Яғни әлемдік валюта жүйесі әл­де­қашан және қайтпастай болып ескір­ген, мұны жаһандық әлемдік дағдарыс та қуаттайды.

Жаңа әлемдік валюта жүйесінің бүкіл тетіктері ғасырдың, әлемнің және адамзаттың алда болатын сы­нақтарын озық мониторингтеудің арнаулы негізінің жүйесінде және жоғарыда аталған қарапайым жеті қағидаттың негізінде құрылуы тиіс. Тек осылай ғана әлемдік валюта­ның жаңа жүйесі әрдайым за­манауи және ақаусыз бола алады, жа­һандық әлемдік дағдарыстардың емес, әлемнің тұрақты дамуы мен бү­кіл адамзаттың өркендеуінің же­місті бастауы бола алады.

Біз қайдан келеміз және қайда барамыз

Алдымен осы кезге дейін Ескі дүниенің моторы және жан-жүрегі жаһандық жеті есе генетикалық ақауы бар әлемдік валютаға негіз­делген әлемдік капитал болып келгенін еске салып өтейік.

Бұл әлемді әдет бойынша біз әлемдік капитализм дейміз. Ақаулы валютаға негізделген жаңағы ақау­лы капиталды шынайы атымен, мәселен «дефектал» деп атау дұ­ры­сырақ әрі адалырақ болатынын түсінсек те, әлемдік капитализм деп келеміз.

Жуырда бүкіл әлем бойынша жүздеген миллиардерлер санаулы айлардың ішінде олардың бүкіл «ақаулы капиталы» кенеттен бір­қыдыру дерлік құлап түскенде өз­дерінің қиялдағы капиталдарының бүкіл нақты ақаулығын іс жүзінде бастан кешірді. Енді олардың өздері де бұл нағыз «дефектал» екенін айқын көріп отыр.

Алдағы Жаңа әлемнің даму моторы мен жан-жүрегі басқа бір түбегейлі жаңа әлемдік капитал болады. Дәлірек айтсақ – жаңа ақау­сыз әлемдік валютаға негіздел­ген өздігінен өсуші әлемдік байлық болады. Осынау түбегейлі жаңа әлемдік байлықты анықтау үшін басқа бір, әлдеқайда баламалы белгіні тапқан дұрыс болар еді.

Ертедегі гректер дамудың жо­ға­ры кезеңін «акме» деген әдемі сөз­бен белгілепті. Біздің ұрпақтары­мыз бір кездері осынау жаңа ақау­сыз және жоғары «ендігі жерде капи­тал емеске» дұрыс атау таңдап алатын болады.

Бірақ та қазірдің өзінде өз бой­ына осынау жоғары сапаны – «акмені» қамти алатыны түсінікті: мәселен, акме-капитал немесе «акметал». Сол кезде мұндай түбе­гейлі жаңа әлемдік «акметал» қоз­ғалысқа келтіретін түбегейлі Жаңа әлемнің осынау болашақ укладын ендігі жерде капитализм деп емес, «акметализм» деп атау дұрыс болар еді.

Болашақ әлемнің жаңа даму кезеңі үшін жаңа белгінің енгі­зілуімен байланысты мұндай кә­дуілгі емес көзқарас бізге оның бас­талуына жақсырақ әзірленудің, әлем­ді болашақ жаңартудың шы­найы мәні неде екенін тереңірек айқындап түсінудің іс жүзіндегі мүмкіндігін береді. Ең бастысы, біздің қолымызға жаңаруымыз бен жүруіміздің жаңа құралын береді, сол арқылы біз Жаңа әлемде сенім­ді әрекет ету үшін оны іс жүзінде анықтап, тани аламыз.

Біз болашаққа не арқылы өтеміз

Жаңа әлемнің біз енді ғана қадам басқан өсу кезеңінің жаңа қасиетін айқындайтын шешуші сөз ретінде «транзит» сөзін алуға әбден болады. Онда ішінара ақаусыз әлем­дік валютаға негізделген тран­зиттік әлемдік байлықтың осынау жаңа түрін біз әзірше «акметал» деп емес, «транзитал» деуімізге келеді.

Соған сәйкес транзит уақыты укла­дының өзін әзірше «акме­та­лизм» деп емес, жаңа тұрпаттағы жаңа сападағы әлемдік қаржы ин­фра­құрылымымен бірге «транзи­тализм» деп белгілеуге болар еді. Бұл транзиттің басты міндеті мен миссиясы – бүкіл әлемнің ескі жеті есе залалды валютадан әлемдік акме-валютаның жаңа жеті есе ақаусыз жүйесіне экологиялық көшу үшін жағдай әзірлеу.

Ең бастысы – әлемдік сал­мақты өңірлік ұлтүстілік мемлекет­аралық валюталық-есептік бірлік­тер үшін өңірлік және континен­тал­дық Эмиссиялық орталықтар жүйесіне бөле отырып, бұл сал­мақ­ты әлемдік валютаның ескі ақаулы жүйесінен алып тастау (немесе ең болмағанда қайта бөлу).

Өңірлік және континенталдық деңгейде, тұтастай алғанда, әлемдегі заң­дар әрекет етеді. Ендігі жерде әлемде ешқандай да ұлттық валюта әлемдік валюта функцияларын тиім­ді алып жүре алмайтыны се­кілді өңірлік деңгейде де ешқандай ұлттық валюта ұлтүстілік мем­лекет­аралық эмиссиялық орталық эми­тенттейтін ұлтүстілік мемлекетара­лық валюталық-есептік бірлік бе­ре­тіндей тиімділікті бере алмайды.

Айта кетейік, Қазақстан 2003 жылдың өзінде ЕурАзЭҚ аясында бірыңғай ұлтүстілік мемлекет­аралық валюталық-есептік бірлік енгізудің бастамасын көтерген, ол кезде оны «алтын» деп атау ұсы­нылған.

Өңірлік ұлтүстілік мемлекет­ара­лық есептік бірлікті әзірлеу мен құру үдерісі әлемде жүріп жатқалы бірнеше онжылдықтар өтті. Мұн­дағы алғашқы қарлығаш еуропалық валюталық-есептік бірлік экю (ecu – European Currency Unіt) болды, ол уақыт өте келе толық мәнді еуро­палық ұлтүстілік валюта – еуро­ға айналды. Біз осындай үдерістер қазір барлық жерде – Азия­да (acu – Asіan Currency Unіt), Парсы шығанағы ауданында (динара немесе, бәлкім, халиджи не­месе джуман), Латын Амери­ка­сын­да (sucre есепті бірлігі бар ALBA ұйымы, испанша Sіstema Unіtarіo de Compensacіon Regіonal-дан) жүріп жатқанын байқап отырмыз.

Мұндай үрдіс Африка конти­нентінде де дамып келеді, мұнда әлдеқашаннан бері афроны енгізуге әзірлік жүргізілуде.

Өңірлік валюталық интеграция­ның осынау барлық үдерістері өз мәні жағынан бүкіл әлем бойынша өңірлік «транзитал» орталықтарын дамытудың маңызды кезеңдері бо­лып табылады. Өңірлік ұлтүстілік есептік бірліктерді енгізуге әзірлік әлемнің түрлі өңірлерінде жаһан­дық әлемдік дағдарыс басталғаннан әлдеқашан бұрын өрістей түскен. Іс жүзінде бұл – ұлтүстілік транзиттік валюталардың өңірлік эмиссиялық орталықтарын қалыптастыру негі­зінде өңірлік-континенталдық «транзиталдың» даму ядроларын құрудың басталуы. Яғни біздің әлем өзінің жаһандық дағдарысқа енуінен әлдеқашан бұрын ұлтүс­тілік транзиттік валюталардың өңір­лік эмиссия орталықтарын қа­лыптастыру жолымен өзін-өзі жаңартудың кезекті кезеңіне ойламаған жерден дайындалуда.

Капиталдың Нұх кемесі

Бұл әлемдегі өз ұстанымы мен өз жағдайын кез келген субъект және ескі «ақаулы» капиталға иелік етуші мынадай әсіре көзқарас көмегімен тез түсіне алады: бүгінде біздің бүкіл әлем жаһандық дағдарыстың бүкіләлемдік топан суына жайлап, бірақ тікелей батып барады. Ал «транзитал» – бұл жаһан­дық дағдарыстың бүкіләлем­дік топан суынан активтерді құтқару үшін капиталдың өзіндік бір Нұх кемесі. Сондықтан баршаға өз активтерін дер кезінде «транзи­талға» конвертациялауды ойлас­ты­ру артық болмас еді.

Сол ғана, капиталдың осынау Нұх кемесі ғана активтерді құт­қарып, оларды толық әрі сақталған күйінде «акметалдың» Жаңа дүниесіне жеткізе алады.

Қазақстан өңірлік және конти­ненталдық интеграция бойынша өз әріптестерімен бірге (ТМД, ЕурАзЭҚ, ОАҚ және ШЫҰ) әлдеқашаннан бері ХХІ ғасырдың бірінші ширегінің жаһандық тренд арнасында – өңірлік интеграция­лық бірлестіктер қалыптастырудың арнасында келеді. Олардың бәрі, алайда әрқилы әзірлік деңгейінде мемлекетаралық ұлтүстілік есептік-валюталық бірліктердің өз эмис­сиялық орталықтары бар өңірлік транзитал аймағы болу мүмкін­дігіне ие.

Қазақстан, әлбетте, ЕурАзЭҚ және ШЫҰ бойынша әріптестері­мен бірге жаңа сападағы валюта­ның өңірлік эмиссиялық орталы­ғын құру үшін біртіндеп қолайлы жағдайлар жасауға әзір, бұл валюта өзіне Еуразиялық ұлтүстілік есептік бірлік қызметін ала алар еді, оны осынау сөз тіркесінің аббревиа­турасы бойынша ЕҰЕБ деп атауға болар еді.

Мұндай бірлік өз эмитенттері­нің ерекше де бірегей құрамы бойынша (ЕурАзЭҚ және ШЫҰ елдері және оларға жақын Үндістан мен Пәкістан) бір мезгілде еуроның еуропалық аймағы секілді ұлтүсті­лік валюталық есептік бірліктің басқа да өңірлік аймақтарына ты­ғыз да табиғи түрде қиылыса алар еді. Өңірдің айрықша география­лық қолайлы орналасуы өңірлік және континенталдық транзитал­дардың мүдделерін дұрыс ескерген жағдайда болашақта, ЕҰЕБ негі­зінде бізді болашақ әлемдік «акме-валютаға» жақындататын конти­нент­аралық жаңа транзиттік валю­та­ны жасау үшін объективті алғы­шарттар болған кезде бірегей мүмкіндіктер бере алар еді.

Алайда қазір, жаһандық әлемдік дағдарыс жағдайында, біз үшін бұл да мүлде жетімсіз. Өйткені өңірлік-континенталдық Транзит орталық­тарының бүкіләлемдік желісін (өзіне ескі әлемдік валютаның ақау­лы жүйесінің салмағын алатын) қалыптастырумен қатар әлемнің барлық лидерлері бүкіл әлемді жаңа әлемдік акме-валютаның жаңа ақаусыз жүйесіне болашақ көшіруге қатарласқан әзірлікті жүргізуі тиіс, әлемдік жаңа валюта болашақ «акметализмнің» ядросы мен жан-жүрегіне айналады.

Түбегейлі жаңару жоспары (ТЖЖ)

Біздің Транзит әлемінде осы­нау тарихи көшуге әзірлікке сон­дайлық та көп уақыт және ре­сурстар қалған жоқ. Капиталдар­дың – «транзи­тал­дың» жаңа Нұх кемесін жобалау мен құруды кеше бастау керек еді. Егер әлемнің барлық лидерлері бүгіннің өзінде бүкіл әлемді «тран­зитализмнің» ішінара ақаулы дәуі­рінен «акме­тализм­нің» болашақ әлеміне іс жүзінде көшіруді баста­маса, онда тұрақты даму мен өр­кен­деу туралы мәселе ондаған жылдарға кейінге қалуы мүмкін.

Бұл мәселелер барлық аса ірі саяси және экономикалық орган­дардың, саммиттер мен әлемдік форумдардың – БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің, БҰҰ арнаулы сессия­сының, «үлкен сегіздіктің» (G8), «үлкен жиырмалықтың» (G20), Да­востағы Бүкіләлемдік экономика­лық форумның және басқалары­ның күн тәртібіне кіруі тиіс.

Бұл мәселені практикалық ше­шуді бастау үшін түбегейлі жаңар­ту­дың нақты жоспарын қалып­тас­тыру керек, оның негізіне жоға­рыда келтірілген барлық көз­қарас­тар алына алар еді. Ешқандай ор­гандар, ұйымдар немесе саммиттер, егер олар түбегейлі жаңарту жос­па­рын әзірлемесе және іске асыр­ма­са, жемісті әрі тиімді деп санала ал­майтынын түсіну керек. Және ескі әлемдік «дефекталдан» жаңа әлем­дік «транзиталға» көшу секілді осы­нау жаңарту ХХІ ғасырдың бірін­ші ширегінің жаһандық тренді болуы тиіс.

Бұл ретте кез келген деңгейдегі және өңірдегі субъектінің, тұтастай ал­ғанда, әлемнің осындай Жаңару жоспары егер онда әлемдік (сон­дай-ақ өңірлік) валютаның ескі ахуал­ды жүйесінен жаңа тұрақты және тиімді транзиттік валютаға көшудің шешуші тармақтары жоқ болса, тиімді бола алмайды.

Ол сондай-ақ ескі тұрлаусыз және ақаулы валютаны «тран­зитал­дың» жаңа жүйесіне, ұлтүстілік өңірлік транзиттік валюталардың өңірлік эмиссиялық орталықтарын құру мен дамыту сценарийлеріне конвертациялаудың шешуші техно­логияларын ұсынуы тиіс. Жаңару жоспары, егер ол ұлттардың, ха­лық­тар мен елдердің ақаулы капи­тализмнің ескі укладынан «транзи­тализмнің» жаңа укладына көшу жөнінде барлық шешуші саяси және барлық деңгейдегі әлеуметтік субъектілерге көмектесудің нақты шараларын көздемейтін болса, ол тиімді бола алмайды.

Жаһандық дағдарыс дәуірінде жоғарыда аталған әлемді талдауға, түсінуге және іс жүзінде өзін-өзі жа­ңартуға деген түбегейлі жаңа көз­қарастар барлық деңгейлерде және түрлі органдарда мұндай мә­се­лелерді біртұтас жүйелі, сындар­лы және оң тұрғыда қою, талқылау және іс жүзінде шешу үшін бірың­ғай негіз қызметін атқарады.

Осындай концептуалдық үлес­пен қатар Қазақстан бұл мәселе­лерді шешудің басқа да ең әрқилы ұйымдық формаларын ұсына алады.

Біз бүкіл әлем «транзиталы­ның» өңірлік және континентал­дық барлық орталықтары мен субъектілерінің күш-жігерін ба­рынша жоғары деңгейде үйлестіру жөніндегі халықаралық форумдар­ды практикалық өткізуге қатысуға әзірміз. Біз бірлесіп өзіміз ең бастауында болып отырған әлемдік «транзитализмнің» табысты да дер уақытында аяқталу кезеңінің жа­һан­дық және қолданбалы сце­нарийлерін және «акметализмнің» болашақ әлеміне іс жүзінде көшу траекториясының есептерін зерттеу және жобалау жөніндегі жұмыс­тарды жүргізе аламыз.

ЕурАзЭҚ және ШЫҰ елдері Еуразиялық транзит орталығын құра отырып, Еуразияда, басқа кон­тиненттерде ғана емес, сонымен бірге бүкіл әлемде транзиттік валю­талар мен «транзиталды» табысты дамытудың бастамашылары бола алар еді. ТЖЖ-ның жаһандық бас­тамасын бірлесе ұсынып және ха­лықаралық, әлемдік және бүкіл­әлемдік органдарда, ұйымдар мен форумдарда ілгерілетуді, мәселен, ЕурАзЭҚ елдері, бәлкім, ШЫҰ елдері де жүзеге асыра алар еді.

Осы жылғы қаңтардың басында Парижде «Жаңа Әлем, Жаңа Ка­питализм» саммитінде Еуроодақ­тың лидерлері осыған ұқсас проб­лемаларды, алайда басқаша кате­горияларда талқылағаны белгілі.

Неліктен бізге ТЖЖ бастама­ларын әлемдік талқылау мен ілгерілету мүмкіндіктерін ЕурАзЭҚ, ШЫҰ және ЕО құрамындағы үштік күшімен қарастырмасқа? Парижде өткен пікірталас материалдары бойынша, сондай-ақ басқа елдер­дегі осындай форумдарда тақы­рыпты талқылаулар бойынша ой түйсек, біз бәріміз түрлі конти­ненттерде бола отырып, шамамен бір тілде және бір проблемалар туралы айтып жатамыз.

Жаңарудың бірегей тәжірибесі

Өсе түскен жаһандық дағдарыс әр ай және күндер өткен сайын біздің алдымыздан өзін-өзі жаңар­тудың барған сайын бірегей де таңғажайып мүмкіндіктерін ашып, осынау аса сирек мүмкіндіктерді іс жүзіне асыруға барған сайын аз уақыт қалдыруда.

Бұрын біздің әлемнің ешқашан өз болашағын іс жүзіне асыру се­кілді өзін-өзі жаңарту үдерісінің мұндай қайталанбас мүмкіндіктері болған емес.

Өңірлік интеграциялық бірлес­тік­тердің жаһандық дағдарысты еңсерудегі мүмкіндіктері туралы айтқанда, біздің осы алаңдағы жұмыстан және тиімділік үшін жауапкершіліктен өзіміздің ұлттық үкіметтерімізді босатуға құқымыз жоқ екендігі сөзсіз. ТМД елдері соң­ғы 20 жылда транзит пен жа­ңа­рудың бірегей тәжірибесін жинақ­тады, мұндай тәжірибе әлемнің басқа ешқандай мемлекетінде жоқ. Олар өздерінің бұрынғы «дағда­рыс­тық тәжірибесін», анығырақ айт­қанда, дағдарысқа қарсы басқару тәжірибесін толық пайдалануы тиіс. Барлық жаңа тәуелсіз мемлекеттер секілді Қазақстан да аса қиын ке­зеңдерді талай рет еңсерді. Кеңес Одағы ыдырағаннан кейін біз іс жүзінде жаңару қиындықтарын бастан кештік, күрделі де қиын ре­фор­малардан өттік. Ол кезде ше­шілуі мүмкін емес көрінген мін­деттер шешілді. Сөйтіп, біз жеңіп шықтық. Қазір тағы да жеңіп шығу үшін неге соны қайта істемеске?

Оның үстіне, қазір бұл үшін үлкен ресурстар мен мүмкіндіктер бар. Бұдан он жылдан астам бұрын біз шикізат экспортынан түскен табыстардың елеулі бөлігін жи­нақтай отырып, арнаулы резервтік Ұлттық қор жасақтауды бастадық. Ол адами өлшемдерді дамыту, болашақ ұрпақтар үшін қорлану үшін де, сол секілді дағдарыстар бола қалса, тұрақтандырушы қыз­метін атқару үшін де құрылған болатын. Қазіргі уақытта ол негізгі экономикалық және әлеуметтік бағдарламаларды іске асыруды айтарлықтай тұрлаулы серпінде ұстап тұруға мүмкіндік беріп, толық мәнінде жұмыс істеуде.

Осы заманғы жаһандық проб­лемаларды жалғыз жүріп шешу өте қиынға түсетіні, тіпті, мүмкін бол­май­тыны айдан анық. Сондықтан да біз жаһандық та, сондай-ақ өңір­лік те интеграцияның жақтаушысы болып табыламыз. Және бұл – біздің дағдарысқа қарсы шараларымыз­дың басым бағыттарының бірі.

Нақ сондықтан да біз қазір түбегейлі жаңару жоспарларын жаһандық, өңірлік және басқа бар­лық деңгейлерде әзірлеу жөніндегі бастаманы іс жүзінде толымды ету тұрғысында жұмыс істеудеміз.

Бұл бүкіл әлемге транзит ке­зеңі­нен тезірек және тиімдірек өту­ге мүмкіндік береді. Және бұл ретте адамзат үшін болмай қоймайтын «акметализмнің», тіпті, сайып кел­генде, оның қалай аталатынына қарамастан, Жаңа әлеміне аяқ басуға сай келетін әзірлікті бастауға мүмкіндік береді.

Бұл кімге керек және кімге тиімді

ТЖЖ-ның жаһандық бастамасы негізінде Біріккен Ұлттар Ұйымы Үшінші мыңжылдықтың күн тәр­тібін қайта қарау және елеулі түзету жөніндегі жұмысты бастауына болар еді. Бұл әлем мен адамзаттың ескі әлемдік «дефектализм» укла­дынан «транзитализмнің» жаңа укла­ды арқылы «акметализмнің» түбегейлі жаңа укладына дер уақы­тында және сапалы көшуін қам­тамасыз етудің мүддесі тұрғысынан айрықша маңызды.

ТЖЖ баршаға дағдарыстан шығу жолындағы іс жүзіндегі нави­гатор ретінде төтенше қажет. Мұн­дай жоспарлау әлемдік дамудың барлық субъектілеріне – елдерге, трансұлттық корпорациялар мен халықаралық ұйымдарға – өзінің тиімді өзін-өзі жаңартуын жоспар­лау мен іске асыру үшін қажет. Мұны нақты экономиканың бар­лық субъектілері де – мемлекеттік және жеке меншік кәсіпорындар, фирмалар мен ұйымдар жаңа әлем­дік транзиттік валютаға негізделген әлемдік «транзиталдың» қағидат­та­рын іс жүзінде игеру үшін қажет етеді.

Транзит әлеміне ғылым мен өнеркәсіпте ғана емес, сонымен бірге әлемдік қаржы және валюта саласында түбегейлі инновациялар талап етіледі. ТЖЖ әлемдік валю­та-қаржы жүйесінің барлық субъек­тілеріне жаңа әлемдік ва­люта-қаржы инфрақұрылымы мен архи­тектурасын инновациялық дамыту жөніндегі күш-жігерді үйлестірудің практикалық құра­лын береді.

ТЖЖ елдер мен халықтарды жа­қындастырып, оларды өркен­деу­дің ортақ мүдделері негізінде топ­тастыра алады, қауіпсіз әлемнің жаңа тетіктерін құруға жәрдем­десетін болады. Ақаулығы аз жаңа әлемдік валютаға құрылған берік қаржы-экономикалық іргетас оның негізі болады.

Әлемнің жаңа шешуші рыногы

Міне, жарты жыл дерліктей бар­лық калибрдегі, деңгей мен сапа­дағы аса ірі әлемдік субъек­тілер дағдарыстан шығудың түрлі дауасын іздеп, тұжырымдауға тырысуда. Олардың күш-жігерімен жаңа жаһандық, алайда өте ерекше рынок қалыптасып қалды. Бұл – әлемдік дағдарыстан шығудың жа­һандық дауалары мен жоспарлары­ның рыногы, дағдарыстан шығу «кілттерінің» рыногы. Ондағы сұра­ныс әзірге ұсыныстан әлде­қайда артық. Онда екі сектор – кең де тар секторлар айқын қалып­тасқан.

Бірінші, кеңі – бұл әлемдік валюта-қаржы жүйесін ат үсті, кос­метикалық жөндеудің ше­шімдері мен дауаларының секторы. Екінші, тары – бұл біздің әлемнің терең генетикалық ақауларын түбегейлі емдеу мен түзетудің жаһандық дауалар секторы. Біз ұсынған түбе­гейлі жаңару жоспары – бұл жа­һандық әлемдік ақауды түбегейлі емдеудің нақ сол жаһандық дауасы. ТЖЖ – бұл екінші, әлемдік «кілттер» рыногының тар сек­торының жаңа тауары.

Сөйтіп, түбегейлі жаңару бағ­дар­ламасы, бәлкім, әлемдік дағ­дарыс біздің алдымызға қойып отыр­ған түбегейлі жаңару пробле­ма­сын шешудің алғашқы жаһандық кілті болар. Егер қалыптасу үстін­дегі әлемдік «транзитал» – бұл шын мәнінде капиталдың Нұх кемесі болса, онда біз ұсынған ТЖЖ – бұл жаңа Нұх кемесін жасау жоспарының алғашқы нұс­қасы. Ал егер Еуразиялық «транзитал» орталығы құрылатын болса, ол осынау құтқарушы құры­лыстың алғашқы орталығы болуы әбден мүмкін.

Мұндай көзқарас бүкіл әлемге барынша тиімді. Біз жаһандық әлемдік дағдарысқа бүкіл әлем болып кірдік және дағдарыстан шығудың осынау жаһандық кілтін бұрауды да біз бүкіл әлем болып қана істей аламыз.

Бәрі де бізге байланысты.

(«Российская газета», 2009 жылғы 2 ақпан).

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button