Жаңалықтар

«Қара алтындағы» құрмет

 

Соғыстың соңғы оғы атылған күн алыстаған сайын майдангерлер қатары да сиреп, еліміздің тыныштығы үшін күрескен сол аяулы жандардың қадірі арта түсуде. Жеңіс күні қарсаңында облыс әкімі Архимед Мұхамбетов Ақтөбе қаласындағы «Қара алтын» мейрамханасында бір топ ардагерлерге қошемет көрсетті.

Отан қорғаушылар күні мен Жеңістің 68 жылдығына орайластырылған бұл қабылдауға келгендер алдында облыс басшысы сөз сөйледі.

Елбасымыздың тікелей тапсырмасымен Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне жүйелі түрде қамқорлықтар жасалуда. Бүгінгі күні жергілікті атқарушы билік тарапынан майдангерлер мен тыл еңбеккерлерін қолдау бойынша ауқымды жұмыстар жүзеге асырылып отыр,деді Архимед Бегежанұлы, бізде республикада алғашқы болып 2005 жылдан бастап оларға коммуналдық төлмедерден жеңілдік жасалды, биыл бұл мақсатқа 600,0 млн. теңге қаражат қарастырылды. Сондай-ақ соғыс ардагерлері мен мүгедектеріне және оларға теңестірілген тұлғаларға, тыл еңбеккерлеріне қалада және қала сыртына көлік тасымалдауы бойынша тегін жол ақысына 2013 жылға облыстық бюджеттен 7 млн. теңгедей қаржы бөлінді. Ардагерлерді дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету үшін 9 млн. теңге шамасындағы қаражат мәселесі және шешілді.

Облыс басшысы өз сөзінде жақындап келе жатқан Жеңіс тойының 70 жылдығы лайықты аталып өтуі тиістігіне назар аударды. «Біз өз өткенімізді, тарихымызды қадірлей білуіміз керек. Сондықтан да бұл мереке тұсында ақтөбелік майдангерлердің есімдерін, ерлік істерін жаңғырту жүйелі түрде қолға алынуы тиіс. Осы өңірде құрылымдалған 312 және 101-ші атқыштар дивизиясы құрамаларының жауынгерлік жолдары жас ұрпаққа жеткізілген жөн. Сонымен бірге біз Ақтөбе қаласындағы батырлардың есіміндегі көшелерді қалпына келтіріп, көркейтеміз, басқа да шаралар жүзеге асатын болады»,деді ол.

Мерекелік сәтте жеті соғыс ардагері — Артығали Дәулетов, Алмат Ермағамбетов, Сұлтан Жақсыбаев, Ұштап Жұмағалиева, Шайдулла Қажығалиев, Жапақ Мырзабеков, Федор Саварин облыс әкімінің қолынан жаңа пәтердің кілтін алды. Сондай-ақ соғыс ардагерлерінің жесірлері Жаңылдық Боранбаева, Тамара Кузнецова, Қанымжан Шоқырақова да осындай құрметке ие болды.   

Майдангерлерге деген ілтипат мұнымен шектелген жоқ. Олардан өзге тағы да он бес ардагерге сыйлыққа радиотелефон ұсынылды.

Соғыстан елге оралған соң Хромтау өңірінде ұзақ жыл еңбек еткен «Қызыл жұлдыз» орденінің иегері Алмат Ермағамбетов майдангерлер атынан Елбасы атына, облыс басшылығына алғыс сезімін білдірді.

 

Нұрмұханбет ДИЯРОВ.  

 

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button