Денсаулық

Екпе ем бе?

Биылдан бастап еліміздегі 11-12 жастағы қыз балалар жатыр мойыны қатерлі ісікке қарсы егілмек.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұй­ымының мә­­­­­лі­­метіне сүйенсек, әлемде әйелдер арасындағы гинекологиялық аурулардың ішінде жатыр мойыны қатерлі ісігі бірінші орында тұр. Бүгінгі таңда Қазақстанда аталған дертке  шалдыққан әйелдер саны он мыңнан асса, өткен жылы осы дерттің салдарынан 655 қыз-келіншек көз жұмыпты. Жатыр мойыны қатерлі ісігіне шалдыққан әйелдердің 16 пайызы бір, ал 40 пайызы бес жылдан артық өмір сүрмейді екен. Қазір дамыған елдер осы дертпен күресуді жолға қойған. Біздің елімізде  аталған аурудың алдын алу мақсатындағы  шараларды жүзеге асыра бастады. Биылдан бастап еліміздегі 11-12 жастағы қыз балалар жатыр мойыны қатерлі ісігіне қарсы егілмек.  Осы ауруға, яғни адам папилломы вирусына қарсы вакцинация шараларына республикалық бюджеттен 2,7 миллиард теңге бөлініпті. Біздің облысқа бөлінген 480 миллион теңге  осы жастағы он мың қыз баланы егуге жұмсалмақ. Осы орайда  облыстық денсаулық сақтау басқармасының бас гинекологы, медицина ғылымының кандидаты Әлия Шаңғараевамен тілдескен едік.  

Вакцинаның сапасы талапқа сай

Қазір тұрғындар арасында вакцинаға қатысты екіұдай пікір қалыптасқан.  Бірі вакцинаның ағзаның аурумен күресу қабіле­тін күшейтетініне сенсе, екіншісі күдікпен қарайды.  Себебі соңғы жылдары полиомилитке қарсы вакцинадан кейін кейбір балалардың науқасқа ұшырап, тіпті қосымша ауру жамап алғандары айтылып жүр.  Сондықтан бұл жолғы вакцинаға да жұртшылықтың күдікпен қарайтыны рас.  Ал облыстың бас гинекологы Әлия Шаңғараева тұрғындардың алаңдауына негіз жоқ екенін айтты.

—  Егу жұмыстары наурыз-сәуір айларынан басталуы мүмкін. Әзірге нақты уақыты белгіленген жоқ. Бірақ бұның барлығы ата-аналардың келісімі бойынша жүзеге асырылады. Және бір айта кетерлігі, бұл вакцинадан күдіктенудің ешқандай себебі жоқ.

Қазір әлемде жатыр мойыны қатерлі ісігіне қарсы екі түрлі, яғни бірі АҚШ өндіретін гардасил, екіншісі Германияда шығарылатын церварикс вакцинасы кеңінен қолданылады.  Біздің елімізде церварикс вакцинасы пайдаланылады. Аталған вакцина нанотехнологияның соңғы жетістігі бойынша дайындалған. Адам ағзасына кері әсерін тигізіп, аллергия тудырмайды, ДНҚ-ға, ағзаның иммундық жүйесіне әсерін тигізбейді.  2008 жылы осы дәріні шығарушы ғалымдар  Нобель сыйлығына ие болды. Әрі бұл еліміздің Денсаулық сақтау министрлігі жанындағы медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті тарапынан тексеруден өткізілген. Себебі сырттан келетін дәрі-дәрмектердің барлығы қатаң қадағаланады. Егер өнімнің сапасы талапқа сай болмаса, кері қайтарылады, — деді Әлия Шаңғараева.

Церварикс вакцинасы  елімізде 2009 жылы тіркеліп, 2010 жылдан бастап қолданысқа енгізіле бастады. Аталған вакцинаның құны қымбат. Мәселен, осы екпені алуы үшін барлық медициналық қызметті қосқанда бір адам алты жүз АҚШ долларын жұмсауы керек. Себебі кесте бойынша вакцина үш рет жасалады. Алғашқы екпеден соң екіншісі бір айдан,  үшіншісі алты айдан кейін салынады. Бұл вакцинаны 10 жастағы қыз балалардан бастап 55 жасқа дейінгі  әйелдерге егуге болады.  Екпе жасалмас бұрын олар арнайы тексеруден өткізіледі. Еліміздегі 11-12 жастағы қыз балалардан өзге азаматшалардың барлығы вакцинаны ақылы түрде алады.

Жалпы әлемде жатыр мойыны қатерлі ісігіне қарсы вакцина салу сексенінші жылдардан басталыпты. Қазір әлемнің жиырма бір елінде ауруға қарсы осы әдіс қолданылады. Көрші Ресейде вакцинациялау  2010 жылы басталған көрінеді.

Неге жасөспірім қыздар егіледі?

 Әлия Шаңғараеваның айтуынша, өткен жылы жатыр мойыны қатерлі ісігінің алдын алу мақсатында облыстағы жиырма бес мың әйелге скринингтік тексеру жүргізіліпті. Оның ішінде алты жүз әйел қатерлі және қатерсіз ісік түрлерінің белгілері бойынша тіркеуге алынған.

Тіркеуге алынған әйелдердің барлығының бұған дейін гинеколог дәрігерге шағымы болмаған. Барлығы тексеру кезінде анықталды. Жалпы жатыр мойыны қатерлі ісігін адам сезбейді. Бұны дәрігерлер ғана колпоскопияның көмегімен анықтай алады. Егер сүт безі қатерлі ісігі болса, әйел оны түйін немесе өзге ауырсынулар арқылы алғашқы сатысында байқар еді. Ал бұл қатерлі ісіктің белгілері асқынған уақытта көрінеді. Бұндай кезде дәрігерге қаралғанымен, кеш болады.  Сондықтан кез келген әйел алты ай сайын денсаулығында ешқандай кінәрат болмаса да, гинеколог дәрігерге қаралып тұруы тиіс.

Жатыр мойыны қатерлі ісігін тудыратын вирус көп бұтақты ағаш тәрізді, оның  екі жүзге тарта түрі бар. Соның ішінде аталған ісіктің  төрт түрі, яғни 16,18, 31, 45-ші түрлері тудырады. Аталған вакцина вирустың осы түрлеріне  арналған. Яғни вакцина сол нақты вирусқа қарсы  бағытталатын болғандықтан,  ағзаның иммундық жүйесіне ешқандай әсерін тигізбейді. Сондай-ақ вакцинаны жасөспірім қыздарға қолданудың өзіндік себебі бар. Егер екпе алғашқы жыныстық қатынасқа дейін жасалса,  жүз пайыз қатерлі ісікті болдырмауға кепілдік береді. Ал жыныстық қатынастан кейін салынса, тиімділігі алғашқыдай болмауы мүмкін. Сондықтан дәрігерлер қазір жастардың жыныстық қатынасқа ерте түсуіне байланысты 11-12 жастағы қыздарға тоқталып отыр.

Дәрігер ретінде ата-аналардың вакцинадан бас тартпауларына кеңес беремін. Менің өзім де осы екпені алдым. Сәтін салса,  он бес жастағы қызымды да ектірмек ойым бар. Өз баласының денсаулығына алаңдаған әрбір ата-ана бұл вакцинадан бас тартпайды деп ойлаймын. Өйткені мемлекет бізге қаржы бөліп, екпені алуға мүмкіндік жасап отыр. Ал қаражаты жоқ елдерде бұндай жағдай жасалынбайды, — деді Әлия Шаңғараева.

Қатерлі ісік жас талғамайды. Облыстағы тіркеуде тұрған алты жүз әйелдің ішінде он сегіз жастағы жас қыздар да бар. Сондықтан бас гинеколог мүмкіндікті пайдаланып қалу керектігін айтты.

Дін және вакцина 

Соңғы уақытта облыста балаларына екпе салдырудан бас тартатын ата-аналардың қатары көбейді. Дәрігерлердің айтуынша, бас тартудың бір себебі  діни көзқарасқа байланысты. Осы орайда облыстық «Нұр Ғасыр» мешітінің найб имамы Серікжан Еншібайұлының  пікірін білген едік.

Ислам дінінде аурудың алдын алып, түрлі дәрі-дәрмекті қабылдауға тыйым салынбайды. Дәрінің құрамында доңыз етінен немесе майынан алынған қоспалар болса ғана қабылдауға болмайды. Егер басқа дәрі болмаса, бұндай дәрілерді де пайдалануға рұқсат. Өйткені ислам дінінде адамның жанын сақтап қалу барлығынан жоғары тұрады. Науқасқа шалдыққан адамдарға оның себебін іздеуге, аурудан айығуға үндейді. Қазір діни сауаты аз, құран мен аяттарды қате түсінетін кейбір  адамдардың арасында «Алла өзі берген баласын өзі алады» деген пікір бар. Бұл — өте қате түсінік. Алла аурумен қоса оның шипасын да береді. Бірақ ол үшін адам өзінің денсаулығын күтіп, аурудың пайда болу себебін іздеуі керек. Пайғамбарымыз Мұхаммед салла Аллаһу алейһи уә сәлламның  өзі медицинаны қолдаған. Мұсылман мемлекеттерінің барлығында вакцинаға қатысты қарсылық жоқ. Мәселен, Араб әмірлігіне қажылыққа баратындарға минингитке қарсы вакцина алу міндеттелген. Сондықтан екпеден бас тартудың ешқандай себебі жоқ. Қазір осындай вакциналар  арқылы ғана оба, тырысқақ, шешек секілді аурулардың алдын алып отырмыз, — деді найб имам.

Екпе туралы ел не дейді?

 Ботагөз НАУРЫЗБАЕВА, Қазанғап атындағы Шалқар қалалық саз мектебінің іс қағаздарын жүргізуші:

— Жатыр мойыны қатерлі ісігіне қарсы екпе туралы алғаш естігенде ойланып қалғаным рас. Бірақ қазір аурудың түрі көбейіп кетті. Әсіресе, жас балалардың арасында аты жаман аурудан көз жұмып жатқандарды күнделікті бұқаралық ақпарат құралдарынан біліп отырмыз. Сондықтан вакцинадан бас тартпаймын. Егер егілу жұмыстары басталса екі қызымды ектіремін.

Нұрша БИДАНОВА, «Ақтөбе» газетінің компьютер бөлімінің жетекшісі:

— Шет елдерден сатып алынатын вакциналарға күмәнмен қараймын. Өйткені осыдан біраз уақыт бұрын мектепте қызым  тұмауға қарсы екпе алды. Бір аптадан кейін сау жүрген баламның қызуы көтеріліп, тұмау тиіп ауырды. Ал осындай жағдайдан кейін вакцинаға қалай сенемін? Бұған қоса жуырда теледидардан аты-жөні есімде жоқ,  бір медицина ғылымының докторы «егер балаңызды 5 жасқа дейін кез келген вакцинациядан қорғай алсаңыз, балаңыздың денсаулығы вакцина алған балалардан әлдеқайда жақсы болады. Себебі вакцина баланың ауруға қарсы күресетін иммунитетін жояды» деген пікірін естіп қалдым. Осыдан кейін вакцинаға деген күдігім тіпті күшейе түсті. Сондықтан мен қызымды ектіруге қарсымын.

Сара ӘКІМЖАНҚЫЗЫ, Ақтөбе қаласының тұрғыны:

—  Біздің елімізге медициналық өнімдердің көпшілігі сырттан әкелінеді. Олардың сапасы да әртүрлі. Мәселен, өзім Үндістаннан келетін дәрілердің сапасына күдікпен қараймын. Олардың қарсы көрсетілімдері өте көп. Бір жеріңді емдегенмен, өзге жеріңді зақымдауы мүмкін. Сондықтан  сырттан келетін вакциналарға да аса сенбеймін. Бірақ денсаулықтан артық ештеңе жоқ. Егер дәрінің сапасы жақсы болса, қыздарымды ектіруден бас тартпаймын.

Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button