Жаңалықтар

Жігерлі жандардың жарысы

Ал жұма күні облыстық мәдениет орталығы алдында тірек-қимыл қозғалысында ақауы бар жандар арасында мүгедек арбамен жарысудан қалалық жеке біріншілік өтті.

Әуелі облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы бастығы Серік Орынбаев, облыстық ардагерлер мен мүгедектер қоғамының төрағасы Федор Чемоданов 10 жасқа толып отырған қоғам мүшелерін құттықтап, оларға мықты жігер мен зор денсаулық тіледі. «Ақтөбе қаласындағы сал ауруына ұшыраған азаматтарды қорғау қоғамы» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Құралай Бәйменова: «Әр кез осындай батыл да мықты болыңдар!» – деп жарысқа қатысушыларға сәттілік тіледі. Осы жарысты өткізуге демеушілік жасап отырған «Қазақстан Халық банкі» АҚ Ақтөбе филиалы директорының орынбасары Торғын Бейісова да құттықтау сөз сөйледі.

Осыдан он жыл бұрын қаланың 130 жылдығына орай алғаш ұйымдастырылған осы жарысқа сол кезде 30 мүгедек арбамен шыққан екен. Содан бері бұл жарыс дәстүрлі түрде өтіп келеді. Жарыстың бас төрешісі Николай Коваленко әуелі ортаға 200 метрлік қашықтыққа жарысатын ер-азаматтарды шақырды. Мұнда тұтқалы арба мінгендер арасында Темірбек Матаев бірінші орынды жеңіп алды. Ал екінші әмбебап арбамен сынға түскендер арасында 24 жастағы Михайл Холостенко жеңімпаз атанды. «Мүгедек арбасына отырғаныма 5 жыл болды. Бұған дейін спортпен айналысқан жоқпын. Бірақ осы бес жыл ішінде көптеген жарыстарда жүлделі орындардан көрініп жүрмін. Менің жанкүйерлерім – келіншегім мен қызым және достарым», – дейді Николай.

100 метр қашықтықта бақ сынасқан әйелдер арасында Гүлнар Жәнібекова бірінші боп келді. «Жасым 44-те. Арбаға отырғаныма 23 жыл болды. Осындай жарыстарға қатысып жүргеніме 15 жылдай болды. Үнемі бірінші келемін. Спортпен айналысқан жақсы, үнемі көңілің көтеріңкі жүреді», – деді ол.

Ал арбада отырғанына екі жыл болған 43 жастағы Ерболат Қасымбеков бұл жарысқа бірінші рет қатысыпты. Осы жарысқа қатысушы Мейрам Смағұлов алдағы күндері бір топ ақтөбеліктің Украинадағы санаторийде бір ай демалып қайтатындарын жеткізді.

Бұл күні қалалық Мәдениет үйінің әншісі Асхат Жиенғазин ән айтып, шараны «Әлия гүлі» халықтық би ансамблі қазақ билерімен өрнектей түсті.

Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button