Аудан тарихының тамыры

Музей
Теміржолшылардың ғибратты ғұмырын насихаттауға бағытталған «Теміржол — уақыт пен тағдырды жалғаған жол» атты танымдықіс-шара Қарғалы аудандық музейінде ұйымдастырылды. Оған аудан әкімінің орынбасары Ержан Есімбаев, аудандық ақсақалдар кеңесінің төрағасы Зинелғабдин Дербіспаев, теміржолшылардың ұрпақтары және ауыл тұрғындары қатысты.
Кеш барысында аудан аумағында теміржолдың салыну тарихы және осы салада адал еңбек еткен азаматтардың өнегелі жолы кеңінен насихатталды. Жиында сөз алғандар теміржолдың қатынас құралы ғана емес, тұтас бір ұрпақтың маңдай тері мен тағдыры тоғысқан өмір мектебі екенін атап өтті.
— Естеріңізде болар, бір кездері Қарғалы ауданы кен өндірісіне байланысты «Рудник» деп аталған. Бұл атау кен қазу, руданы өңдеу жұмыстары арқылы қалыптасқан өңіріміздің өндірістік тарихын айғақтайды. Сол кезеңде бұл аумақта бір ғана шойын жол болған. Алайда оны нақты кімдер салғаны жөнінде тарихта толық мәлімет сақталмаған. Бүгінде сол теміржолдың салынуына үлес қосқан елімізден шыққан азаматтардың ұрпақтары мен музей қызметкерлері архивтік құжаттарды жинақтап, тың зерттеулер жүргізіп жатыр. Соның нәтижесінде музейдің басқарма залында тарихтан сыр шертетін арнайы көрме экспозиция жасақталып, көпшілікке ұсынылғалы отыр. Бұл — өткенге құрметтің, тарихқа деген жанашырлықтың жемісі, — дейді ақсақалдар кеңесінің төрағасы Зинелғабдин Дербіспаев.
Кеш барысында аудандық музейде қайта жасақталған экспозиция залыныңсалтанатты ашылуы өтті. Экспозиция барысында көпшіліктің назарын аударған ерекше жәдігердің бірі ағаштан жасалған келі мен келсап болды. Аталған тұрмыстық бұйым 1948 жылдан бері сақталып, жылдар бойы қолданылған. Кейін бұл жәдігер ұрпақтан-ұрпаққа аманат ретінде беріліп, бертін келе аудандық музейге тарихи экспонат ретінде тапсырылған.
Іс-шара соңында теміржолшылардың ұрпақтары ауыл тұрғындарына арнайы дастарқан жайып, Құран оқытып, ас берді.
Гүлжазира МЫРЗАБЕКОВА,
Қарғалы ауданы.



