Пікір

Халықтың қалауы болады

Кәмшат ТӨЛЕУОВА,
облыстық мәслихат депутаты, «Нұралы» шаруа қожалығының басшысы

Бұл жолғы Ұлттық құрылтай қоғамның ең өзекті мәселелерін ашық талқылайтын, мемлекет пен халық арасындағы байланысқа жаңа серпін беретін маңызды алаң екенін тағы бір мәрте дәлелдеді. Құрылтайда көтерілген ұсыныстар елдің басқару жүйесін жетілдіру, мемлекеттік институттарды нығайту және реформаларды қоғаммен бірге жүзеге асыру бағытында нақты көзқарастың қалыптасқанын көрсетті.
Әсіресе мемлекеттік басқарудағы өзгерістер, оның ішінде Вице-президент институтын енгізу ұсынысы жауапкершілікті нақты бөлісуге, басқару жүйесінің сабақтастығын күшейтуге бағытталған маңызды бастама деп бағалауға болады. Бұл қоғам үшін тек жаңа лауазым емес, мемлекеттік жүйенің тұрақтылығы мен тиімділігін арттыру тетігі болуы мүмкін.
Сонымен қатар Парламент құрылымын реформалау, бір палаталы жүйеге көшу мәселесінің талқылануы мемлекет қызметінің ашықтығын күшейту және шешім қабылдау процесін жеделдету мақсатындағы маңызды қадам дер едім. Мұндай өзгерістердің қоғамдық және өңірлік тепе-теңдікке әсері жан-жақты сарапталып, халыққа түсінікті түрде жеткізілуге тиіс. Ең маңыздысы, мұндай түбегейлі реформалар референдум арқылы шешілмек. Бұл — халықтың дауысын, таңдауын бірінші орынға қоятын әділетті тәсіл. Өйткені елдік мәселелерді ел болып шешу — нағыз демократиялық мәдениеттің белгісі.
Ұлттық құрылтайдың басты құндылығы — ол бір күндік жиын емес, қоғамды біріктіретін ортақ ой алаңы. Ендігі міндет — құрылтайда көтерілген бастамалар өңірлерде де нақты іске асып, халық күнделікті өмірінде шынайы өзгерісті сезінетін нәтижеге айналуы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button