Президент «Ұлттық цифрлық мұра» қорын құру идеясын қолдады

ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM – Цифрландыру және жасанды интеллект жылы аясындағы мұндай бастама тарихи мұрамызды сақтап, оны терең зерделеуге жол ашады. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қызылорда қаласында өтіп жатқан Ұлттық құрылтайдың V отырысында айтты.
– Цифрлық технологиялар мен жасанды интеллект қарқынды дамыған сайын ұлттық бірегейлігімізді нығайту өзекті бола түседі. Төл тарихы мен мәдениетін электронды форматқа көшіріп, оны жаһандық цифрлық өркениетке қосқан елдер ғана ұлттық болмысын сақтап қалады. Мұны жаңа дәуірдің талабы деуге болады. Түптеп келгенде, бұл – жұртымыздың идеологиялық дербестігіне және болашағына тікелей қатысты мәселе. Мен халықтың жады мен ғылым-білімін жинақтайтын «Ұлттық цифрлық мұра» қорын құру идеясын қолдаймын. Цифрландыру және жасанды интеллект жылы аясындағы мұндай бастама тарихи мұрамызды сақтап, оны терең зерделеуге жол ашады, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Осы орайда Президент былтырғы Құрылтайда ғылыми еңбектерді, мұрағат материалдарын, мұражай қорларын және өнер туындыларын жүйелеу қажеттігін ерекше атап өткенін еске салды.
– «Ұлттық цифрлық мұра» бұл шаруаны заман талабына сай жүргізуге мүмкіндік береді, – деді Мемлекетр басшысы.
https://kaz.inform.kz/news/prezident-ulttik-tsifrlik-mura-korin-kuru-ideyasin-koldadi-6ed288/



