Қазақстан еңбексүйгіш азаматтар елі, Әділет, Заң және Тәртіп аумағы болуы керек — Президент

ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM – Қазақстан патриоты болу — үлкен азаматтық жауапкершілік. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың V отырысында мәлім етті.
— Бізге ұлттық мүдде туралы тек ұранмен сөйлейтіндер, Отанға деген сүйіспеншілікті саясат үшін пайдаланып, жеке пайда табуға тырысатын адамдардың қажеті жоқ. Жауапты және жасампаз патриотизм — әр азаматтың әр салада, зауыттар мен ауыл шаруашылығында, медицина мекемелерінде, мектептер мен университеттерде, ғылыми зертханаларда, мемлекеттік органдар мен жеке компанияларда адал, қажырлы, кәсіби еңбек етуі. Сондай-ақ бұл әскери қызметте немесе қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуде Отанға адал болу, — деді Президент.
Сонымен бірге, Мемлекет басшысы Қазақстан еңбексүйгіш азаматтар елі, Әділет, Заң және Тәртіп орнаған аумақ болуы керегін жеткізді.
— Жасампаз еңбек пен заң пәрмені жоғары мәдени дәстүрлермен үйлесіп отыруы да маңызды. Себебі көптеген елде бұл қағидалар табыс пен әл-ауқат формуласына айналған. Осындай негізгі өмірлік қағидалар мен моральдық бағдарлар отбасы мен мектепте қалыптасады. Сондықтан бұл негізгі институттар әрдайым ерекше назарда болуы қажет, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Айта кетейік, Ұлттық құрылтайдың V отырысының мәтін трансляциясын Kazinform сайтынан оқуға болады.



