Пікір

Ортақ мақсат пен келелі істердің бастауы

Абай ДҮЙСЕНБАЕВ,
Педагогика ғылымдарының кандидаты, доцент.

Ұлттық құрылтай — Президенттің консультативті-кеңесші орган ретінде қоғамның стратегиялық проблемаларын ашық талқылауға арналған алаң. Елімізде Ұлттық құрылтай жанданғалы әлеуметтік-экономикалық мәселелер шешім тауып келеді. Жыл өткен сайын тақырып аясы кеңіді, айтылатын салмақты ой ұлғайды. Алқалы жиында назарда болған кемшілікті түзету заң шеңберінде бекіп, қоғамның оң бағытқа бет алғанын байқаймыз.
Сондай-ақ әлеуметтік саясат, аймақтардың дамуы, жастардың қоғамдық өмірге қатысуы, мәдениет пен ұлттық құндылықтарды сақтау, сондай-ақ білім беру саласындағы түйткілдерге басымдық берілді. Қоғам өкілдері нақты ұсыныстарын ортаға салып, мемлекеттік органдармен ашық диалог жүргізу тәжірибесі қалыптасты.
Құрылтай мүшелері ұлттық құндылықтарды одан әрі нығайту қажет екеніне назар аударды. «Былтыр еліміздің ішкі саясатының негізгі қағидаттары, құндылықтары мен бағыттары бекітілді. Енді осы құжатты басымдық ретінде қарап, белсенді түрде іске асыруымыз керек», — деді Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент өз сөзінде қоғамдағы рухани мәселелерге де айрықша тоқталды. «Қоғамның санасы жаңғырмаса, реформалар ойдағыдай нәтиже бермейді. Бұл — ақиқат. Сондықтан руханият мәселесіне айрықша мән береміз» — деді.
Жалпы, Ұлттық құрылтай — тиімді диалог алаңы ғана емес, сондай-ақ қоғамдағы өзекті мәселелерді көтеретін негізгі идеяларды талқылауға және нақты стратегиялық қадамдарды тұжырымдауға арналған негізгі институт. Биылғы құрылтайда көтерілген проблемалар құрғақ сөз емес, ел болашағын елең еткізетін өткір мәселелер мен ұлт болашағына арналған жоспар деуге болады. Биылғы Ұлттық құрылтай отырысында азаматтық қоғамды күшейту, әлеуметтік-мәдени даму, экономикалық прогресті жеделдету, білім және ғылым саласындағы проблемалар, сондай-ақ саяси жүйені, әсіресе Парламентті қайта қарау және жаңа Конституция мәселелері талқыланды. Бұл талқылаулар — елдің ұзақ мерзімді стратегиялық даму мақсаттарын айқындауға бағытталған маңызды қоғамдық диалогтың бір бөлігі.
Біздің ендігі міндетіміз — жемісті еңбек етіп, Ұлттық құрылтайда айтылған тапсырмалардың орындалуына үлес қосу. Айқын мақсат пен мазмұнды жобаларды жүзеге асыруға бірлесе атсалысайық!

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button