Ақтөбеде студент жастармен құқықтық сауаттылыққа арналған кездесу өтті


Ақтөбе облысында «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында жастарға арналған кезекті түсіндіру кездесуі ұйымдастырылды. Облыстық жастар ресурстық орталығының бастамасымен Ақтөбе автожол колледжінің студенттерімен «Жастарға кеңес» жобасы шеңберінде арнайы кездесу өтті.
Іс-шараға Ақтөбе қаласы прокуратурасының прокуроры Темірлан Сапақов, қалалық полиция басқармасының полиция лейтенанты Айнара Егізбаева, жедел уәкіл, полиция аға лейтенанты Орынбасар Утаралинов, сондай-ақ Облыстық жастар ресурстық орталығы басшысының орынбасары Заманай Қайнарұлы қатысты.
💬Кездесу барысында спикерлер жастар арасында құқықтық сауаттылықты арттыру, заң талаптарын сақтау, жеке жауапкершілік, сондай-ақ білім мен спорттың қоғамдағы рөлі туралы кеңінен баяндады. Студенттер өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, ашық форматта пікір алмасты.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай кездесулер жастардың құқықтық мәдениетін қалыптастыруға, заңға құрметпен қарауға және саналы азаматтық ұстанымын нығайтуға бағытталған.



