Жаңалықтар

Шалқар ауданындағы Шілікті ауылында дене шынықтыру-сауықтыру кешені ашылды

Шалқар ауданы Кішіқұм ауылдық округіне қарасты Шілікті ауылында жаңа дене шынықтыру-сауықтыру кешені халық игілігіне берілді.

«Ауылымызда спорт кешені ашылып жатыр. Бұл жастарға уақыттарын бос өткізбеуге үлкен мүмкіндік береді, яғни спортпен айалысады. Осы спорт кешенінен чемпиондар шығады деп ойлаймын. Ауылымызды көркейтіп жатқан барлық азаматқа рахмет», – деді жас спортшы Қуаныш Сағитов.

Спорт нысанының құрылысы Президенттің бұқаралық спортты дамыту туралы тапсырмасы аясында жүзеге асырылды. Жоба Ұлттық қор, республикалық, облыстық және жергілікті бюджет қаражаттары есебінен қаржыландырылды. Нысанның мердігері – «BASPANA BUILD» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі.

Ашылу рәсімінде сөйлеген аудан әкімі Жанболат Жидеханов ауылдық жерлерде спорт инфрақұрылымын дамыту мемлекет саясатының басым бағыттарының бірі екенін атап өтті.

«Бұл дене шынықтыру-сауықтыру кешені ауыл тұрғындарының, әсіресе жастардың салауатты өмір салтын қалыптастыруына мүмкіндік береді. Мемлекет қолдауының арқасында шалғай елді мекендерде де заманауи спортпен айналысуға қажетті жағдай жасалуда», – деді аудан әкімі.

Өз кезегінде облыстық басқарма басшысы Мейрамбек Махамбетов жаңа нысанның әлеуметтік маңыздылығына тоқталды.

«Ауылдарда осындай спорт кешендерінің ашылуы бұқаралық спортты дамытуға және халық денсаулығын нығайтуға нақты серпін береді. Бұл нысан алдағы уақытта аудан спортының дамуына оң әсер етеді», – деді ол.

«Ауылымызда жаңадан спорт кешені ашылып жатыр. Құтты болсын, болашақ чемпиондар шықсын. Қуаныштымыз, осында балаларымыз, немерелеріміз спортпен айналысу үшін келеді. Жақсы істелген, ішінің бәрі әдемі, жылы. Ылғи чемпиондар шыға берсін», – дейді Шілікті ауылының тұрғыны, Ардагерлер кеңесінің төрағасы Аққайыр Малкешұлы.

Жаңа дене шынықтыру-сауықтыру кешені Шілікті ауылы тұрғындарының тұрақты түрде спортпен шұғылдануына, жастар мен жасөспірімдердің бос уақытын тиімді өткізуіне және ауылда салауатты өмір салтын нығайтуға мүмкіндік береді.

А.ІЛИЯС.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button