Жаңалықтар

Облыс әкімі Есет батыр шағынауданындағы қар тазалау жұмыстарын тексерді

Облыс әкімі Асхат Шахаров «Алматы» ауданына қарасты Есет батыр шағынауданындағы аумақтарда қысқы күтіп-ұстау бойынша көшпелі тексеру жүргізді. Бағамдау жұмыстарына тұрғындардың 109 нөміріне келіп түскен көптеген өтініші, соның ішінде тротуарларды, аялдамаларды тазалау және қар шығару мәселелері себеп болды.

«Алматы» ауданында тротуарлардың жалпы ұзындығы 241 шақырым, 557 аялдама пункті бар. Мұндағы аумақтардың санитарлық жағдайы мен жолдарды қысқы күтіп-ұстауға жеті мердігер ұйым жауапты.

Аралау кезінде облыс әкімі тайғақ жаяу серуендеу жолдары мен жол жиегіндегі қар үйінділеріне назар аударды. Әсіресе алты учаскеге қызмет көрсететін «Өтес Ақтөбе» ЖШС-нің жұмысына қатысты елеулі ескертулер айтылды. Аталған компания теміржол вокзалы маңы, «Қурайлы», «Өрлеу» тұрғын алаптары мен Уәлиханов көшесін қоса алғанда бірнеше аумаққа жауапты. Қажетті ресурстардың болуына қарамастан, мердігер өзіне жүктелген міндеттерді тиісінше орындамай отыр.

«Сіздер бірнеше лотты алғансыздар, алайда жұмыстың сапасы көңіл көншітпейді. Бұл мәселеге қатаң бақылау орнатамыз», – деп облыс әкімі мердігерді ескертті.

Сондай-ақ өңір басшысы құм-тұз қоспасын себуге қатысты тұрғындардан түскен өтініштерге назар аударды. Шағымдар негізінен Богослов трассасы бойында, сондай-ақ Ақжар бағытына апаратын жолда, Жаңа-Әлжан комбинаты, Қалалық сүт зауыты және Орталық базар аумағында тіркелген.

Жалпы, мердігер ұйымдар шамамен 5 млн шаршы метр аумаққа қызмет көрсетеді. Бұл аумаққа 711 көше мен тұрғын алаптардың айналма жолдары қарасты. Тайғаққа қарсы материалдар қоры 1 650 тонна тұз және 1 410 тонна тұз қоспалы құмды құрайды.

Тексеру қорытындысы бойынша облыс әкімі мердігерлерге тротуарларды, аялдамаларды тазалау және қар шығаруды күшейтуді тапсырды. Ол жаяу жүргіншілердің қауіпсіздігі мен қоғамдық көліктің үздіксіз жұмысы басты басымдық болып қала беретінін атап өтті.

«Өз міндеттерін орындамайтын мердігер ұйымдар қатаң бақылауда болуы тиіс. Тұрғындардың қауіпсіздігі – басты басымдық. Қар тазалау мен жолдарды өңдеуге бөлінген қаражат тиімді жұмсалып, жұмыстар сапалы атқарылуы қажет. Тайғаққа қарсы материалдардың қорына және оларды уақытылы қолдануға ерекше көңіл бөлу керек. Тұрғындардан түскен әрбір шағым тіркеліп, талданып, кідіріссіз шешілуі тиіс. Жолдар мен тротуарларды тазалау жұмыстары тұрақты әрі жүйелі түрде жүргізіліп, бірде-бір аудан немесе тұрғын алап назардан тыс қалмауы қажет», – деп тапсырды облыс әкімі.

А.ІЛИЯС.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button