Ақтөбеліктерді жеке мәселелері бойынша қабылдады

Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров «Amanat» партиясының қоғамдық қабылдау бөлмесінде тұрғындарды жеке мәселелері бойынша қабылдады.
Қабылдау барысында өңір тұрғындары әлеуметтік-тұрмыстық сипаттағы бірқатар өзекті мәселені көтерді. Атап айтқанда, баспана алу кезегі, әлеуметтік осал топтарға көрсетілетін қолдау, денсаулық сақтау саласының жұмысы, жер телімдерін беру, қоғамдық көлік, экология және құқыққорғау органдардың қызметіне қатысты шағымдар айтылды.
Облыс әкімі Асхат Шахаров әрбір тұрғынның өтінішін тыңдап, заңнама талаптары аясында нақты түсіндірмелер берді. Сонымен қатар жауапты басқарма басшылары мен мемлекеттік органдарға бірқатар тапсырма жүктелді. Жекелеген мәселелер қабылдау барысында шешімін тапса, қосымша уақыт пен жан-жақты зерделеуді қажет ететін сұрақтар бақылауға алынды.
Өңір басшысы тұрғындарды жеке қабылдау билік пен халық арасындағы ашық диалогты қамтамасыз етудің маңызды тетігі екенін атап өтті. Оның айтуынша, азаматтардың өтініштері кезең-кезеңімен қаралып, әрбір мәселе заң аясында шешімін табуы тиіс.
Айта кетейік, Ақтөбе облысында тұрғындардың өтініштерін қарау және кері байланыс орнату жұмыстары тұрақты түрде жүргізіліп келеді. Облыс әкімінің жеке қабылдаулары бекітілген кестеге сәйкес өтеді.
Д.АЙДАР.











