ЖАҢА ЖОБА ӨНДІРІС ҰЖЫМЫНДА ТАЛҚЫЛАНДЫ

«Aqtobe su-energy group» АҚ-ның мәжіліс залында Қазақстан Республикасы Конституциясының жаңа жобасын түсіндіруге арналған ақпараттық-түсіндіру жиыны өтті.
Басқосуға кәсіпорын басшылығы мен еңбек ұжымы қатысып, маңызды құжаттың мазмұны мен мәні кеңінен талқыланды. Кездесуде сөз сөйлеген «Su energy group» кәсіпорнының бас директоры Нағымжан Алдияров ұжымның ел дамуына қосқан үлесін атап өтіп, Конституциялық реформаның қоғам үшін маңызына тоқталды.

Кездесу барысында облыстық мәслихат депутаты Бижан Қалмағамбетов пен Марат Қойлыбаев Конституцияның жаңа жобасының негізгі бағыты мен басты ұстанымын түсіндірді.
— Жаңа Конституция жобасы — ел болашағына бағытталған стратегиялық маңызы зор құжат. Құжат аясында қолданыстағы Конституцияның 77 бабы қайта қаралып, мазмұны жаңартылды. Жалпы алғанда, негізгі заңның 84 пайызына өзгеріс пен толықтырулар енгізіліп отыр. Бұл — мемлекетті жаңғыртуға, билік тармақтары арасындағы тепе-теңдікті күшейтуге және халықтың мүддесін қорғауға бағытталған ауқымды реформа, — деді Бижан Қалмағамбетов.

Ал Марат Қойлыбаев жаңа жобада ұлттық құндылықтарға ерекше мән берілгенін атап өтті.
— Конституция — тек заңдық құжат емес, халқымыздың рухани негізі. Жаңа жобада ұлттық құндылықтарды, салт-дәстүрді құрметтеу мәселесі айқын көрініс тапқан. Бұл — ұрпақ тәрбиесі мен ел бірлігін нығайтудың берік тұғыры, — деді депутат.
Бүгінде «Aqtobe su-energy group» компаниясында 2 300-ге жуық қызметкер еңбек етеді. Соның 120-дан астамы жиынға қатысып, өздерін толғандырған мәселелер бойынша сұрақ қойып, депутаттардан тұшымды жауап алды.
Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.



