Басты жаңалықтар

Азаматтық қоғам өкілдері пікір алмасты

Ақтөбе облысының Азаматтық орталығында үкіметтік емес ұйым өкілдерінің қатысуымен Конституцияға енгізілетін өзгерістерді түсіндіру және талқылауға арналған кездесу өтті.

Шара азаматтық қоғам институттарының белсенді қатысуымен қоғамдық пікір қалыптастыру және ұсыныстарды жинақтау мақсатында ұйымдастырылды.
Кездесуді азаматтық қоғам және әлеуметтік саясат саласының сарапшысы, «Ақтөбе облысының Азаматтық орталығы» заңды тұлғалар бірлестігінің президенті Әлішер Мәжит жүргізді.
Іс-шараға облыстық мәслихат депутаты, облыстық бала құқықтары жөніндегі уәкілі, облыстық «Ақтөбе Медиа» ЖШС директорының орынбасары Айгүл Нұркеева, М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университетінің ректоры Талғар Әбілов, композитор, Мәдениет саласының үздігі Орал-Қосай Байсеңгір, сондай-ақ азаматтық орталық қауымдастығының мүшелері, үкіметтік емес ұйым басшылары мен белсенділері қатысты.

Кездесу барысында жаңа Конституция жобасына қатысты өзекті мәселелер талқыланды. Атап айтқанда, азаматтардың жеке деректерін қорғау, үкіметтік емес ұйымдардың қызметін заң аясында қадағалау және олардың шетелдік қаржыландыру көздеріне мониторинг жүргізу мәселелері көтерілді.
— Қазіргі таңда Конституцияға қатысты қоғамда көптеген пікір мен талқылаулар жүріп жатыр. Сондықтан азаматтық қоғам белсенділері ретінде осындай ашық алаңда пікір алмасуды маңызды деп санаймын.
Азаматтардың жеке деректерін қорғау жөніндегі норманың Конституцияға енгізілуі қоғам сұранысына толық жауап беретіні сөзсіз. Бұл қадам цифрландыру жағдайында алаяқтықтың алдын алуға да мүмкіндік береді, — деді Талғар Әбілов.

Сонымен қатар жиынға қатысушылар жаңа Ата Заңға енгізілген өзгерістер тізімінде үкіметтік емес ұйымдарға қатысты бапқа да тоқталды.
— Конституция жобасында үкіметтік емес ұйымдардың шетелдік қаржыландыру көздерін тексеруге қатысты норма қарастырылған. Біз бұл бастаманы қолдаймыз. Қаржының қалай және қандай мақсатта жұмсалып жатқанын ашық көрсету маңызды. Бүгінде облысымызда 800-ден астам, ал республика бойынша 18 мың үкіметтік емес ұйым бар. Олардың қызметіне қатысты қоғамда түрлі көзқарастар қалыптасқан. Сондықтан бұл мәселені заңды түрде реттеу өте орынды, — деді сарапшы Әлішер Мәжит.
Кездесу соңында қатысушылар өз ұсыныстарын білдірді.

А.НАҒАШЫБАЙҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button