Заң мен тәртіп

Транзиттік көліктерге талап күшейді

Ақтөбеде жол қозғалысы ережелерін жиі бұзатын көлік жүргізушілерін анықтауға бағытталған профилактикалық іс-шара жалғасуда. Бұл — «Заң және тәртіп» қағидасы аясындағы шара. «Денсаулық» саябағында облыстық полиция департаментінің мамандары тұрғындармен профилактикалық кездесу өткізіп, жол қауіпсіздігі талаптарын түсіндірді.

Қала аумағында қазір 490 камера тұрақты түрде жұмыс істеп тұр. Бұл камералар көліктің жылдамдығын, жол қозғалысының жалпы тәртібін бақылайды. Камера тіркеген деректер заманауи технологиялар мен автоматты тану жүйелері арқылы бірден планшетке түседі. Полиция жол ережесін бұзушыны тоқтатып, түсіндіру жұмыстарын жүргізеді. Төленбеген айыппұл немесе сот орындаушылары шығарған қаулы анықталған жағдайда көлік айыптұрағына қойылып, жүргізуші заңға сәйкес жауапқа тартылады.
Ақтөбе облысы полиция департаменті Әкімшілік полиция басқармасы бастығының орынбасары, полиция майоры Асылхан Бекбосыновтың айтуынша, өңірде мыңнан астам жүргізушінің жол ережесін қайта-қайта бұзатыны анықталған.
— Сараптама нәтижесінде оның шамамен 500-ге жуығы кемінде 40-тан астам құқықбұзушылық жасағаны белгілі болды. Қайталанған құқықбұзушылықтар көбіне жылдамдықты асырумен байланысты. Мұндай азаматтармен күнделікті түсіндіру жұмысы жүргізіліп, заңға сәйкес әкімшілік шара қолданылуда. Мәселен, соңғы бір аптаның ішінде 1 800 жүргізуші әкімшілік жауапқа тартылды. Оның ішінде 36 жүргізуші масаң күйде көлік басқарғаны үшін ұсталды. Жол-көлік оқиғаларының негізгі себебінің бірі — қарсы бағытқа шығу. Бір апта ішінде осындай 50-ден астам құқықбұзушылық анықталды,— дейді полиция майоры.
Полиция қызметкерлері профилактикалық іс-шара барысында шетелдік транзиттік нөмірмен жүрген бір жүргізушінің соңғы екі ай ішінде 40-тан астам жол ережесін бұзғанын анықтады. Тексеру барысында жиналған құқықбұзушылықтар бойынша оған жалпы 1,5 млн теңге көлемінде айыппұл салынғаны белгілі болды.
Полицияның мәліметінше, қазіргі таңда шетелдік нөмірі бар көліктердің деректері толықтай бірыңғай базаға енгізілген. Енді мұндай көліктер жол қозғалысы ережесін бұзған жағдайда айыппұл жүргізушінің атына автоматты түрде рәсімделіп, мобильді банк қосымшасына бірден жіберіледі.
— Ең қатаң жаза масаң күйде көлік басқарушыларға тағайындалады. Мұндай жағдайда 7 жылға дейін жүргізуші куәлігінен айыру жазасы қарастырылған. Ал қарсы бағытқа шыққаны үшін сот шешімімен 6 айға дейін көлік жүргізу құқығынан айыру көзделген, — деді Асылхан Бекбосынов.

Айдана НАҒАШЫБАЙҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button