Жаңалықтар

«Сөйле» тілдесу клубы ақтөбеліктерге қазақ тілін үйретуде

Қала тұрғындары «Менің елім – менің тілім» жобасы аясында қазақ тілін үйренуде. Оқыту курстарын «Amanat» партиясы жанындағы «Жастар рухы» жастар қанатының қолдауымен «Сөйле» тілдесу клубы өткізіп жатыр.

Облыстан жобаға 200-ден астам тұрғын қатысуда. Олардың арасында өзге ұлт өкілдері, қоғам белсенділері бар. Жақында жоба амбассадоры, танымал блогер Яков Федоров сабаққа арнайы қатысып, өз тәжірибесімен бөлісті.

“Жастар Рухы” жастар қанатының Ақтөбе облыстық филиалы төрағасы Әлішер Тыныштықтың айтуынша, тіл үйрету сабағы аптасына 2 рет тегін өтеді, жас шамасына шектеу жоқ.

-«Сөйле» клубының ерекшелігі – сабақ тек теория жүзінде ғана емес, музыкалық әндер, ойындар арқылы жүргізіледі. Дәріс берушілер ауызекі сөйлеу стилінде өз ойын еркін жеткізуге үлкен мән беріп отыр. «Amanat» партиясының саяси тұғырнамасында жазылғандай, тіліміздің мәртебелі және қажетті қатынас құралына айналуына тікелей мүдделіміз, – деді ол.

Қала тұрғыны Әлия Көптілеуова дәрістің тиімді екенін айтады. Ол сабаққа екінші рет қатысса да,  қазақ тілінде еркін сөйлеуге дағдылана бастаған.

– Мен осымен екінші сабаққа қатысып тұрмын. Мұнда әр дәріс қызықты өтеді. Анам екеуімізге уақыты қолайлы. Сабақта практикалық жаттығуды жиі жасаймыз. Тілді меңгеру кішкентай қадамдардан басталады. Сөздің аудармасын, мағынасын біліп, сөйлем құраймыз. Қазақ тілін үйренемін деген ниеті бар жандардың барлығын осы клубқа шақырамын, – деді ол.

Қазақ тілін оқытуға арналған «Менің елім – менің тілім» республикалық жобасын «Amanat» партиясының «Жастар Рухы» Жастар қанаты 2023 жылы іске қосқон. Жоба аясында ауызекі сөйлеу, оқу және жазу дағдыларын дамытуға бағытталған түрлі шаралар мен оқыту сабақтары ұйымдастырылып келеді. Бүгінгі таңда «Сөйле» клубтары Астана, Алматы қалаларында және Ақмола, Ақтөбе, Алматы, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан мен Абай облыстарында жұмыс істейді.  Қазіргі таңда «Сөйле» клубтарына келушілер саны 5000-нан аса адамды құрайды.

Меңтай Бектұрсынова. 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button