МЕДИА САЛАСЫНДАҒЫ ЖАҢА ТРЕНДТЕР МЕН МҮМКІНДІКТЕР

Astana media week 2025
Астанадағы «Қазмедиа» орталығында Astana Media Week 2025 апталығы өтіп жатыр. Тоғыз жыл ішінде бұл медиаапта еліміздегі ақпарат саласын дамытуға арналған басты кәсіби алаңға айналып, халықаралық және отандық сарапшыларды, медиабизнес өкілдері мен мемлекеттік құрылымдарды тоғыстырды.
Медиааптаның алғашқы күні «Жасанды интеллект пен цифрландыру кезеңіндегі журналистиканың жаңа бағыттары: қоғам сенімі және өркендеу» тақырыбындағы пленарлық сессиямен ашылды. Форум қатысушыларына Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның құттықтау хаты оқылды.
Министр өз сөзінде ақпараттың негізгі ресурсқа айналған дәуірде осындай кәсіби алаңдардың маңызы ерекше екенін атап өтті.
«Дәл осындай кездесулер арқылы біз өзекті мәселелерді ашық талқылап, медиа мен мемлекеттің даму бағытын айқындай аламыз. Мемлекет басшысының «Әділетті Қазақстан» идеясын жүзеге асыру жолында қоғам мен медианың өзара сенімі басты тірекке айналуға тиіс», — деді Аида Балаева.
Оның айтуынша, Digital News Report зерттеуіне сәйкес қазақстандықтардың бұқаралық ақпарат құралдарына деген сенімі Орталық Азия бойынша ең жоғары деңгейде. Бұл — медиасаланы жаңғырту бағытында жүргізіліп жатқан жүйелі реформалардың нәтижесі. Министр еліміздің өңірде алғаш болып «Онлайн-платформалар және онлайн-жарнама туралы» заңды қабылдағанын және жаңа «Масс-медиа туралы» заң редакциялардың мәртебесін нығайтып, журналистердің құқығын қорғауды күшейткенін атап өтті.
Форум барысында Мәдениет және ақпарат вице-министрі Қанат Ысқақов жасанды интеллектінің журналистикадағы рөліне тоқталды. Euronews халықаралық тілшісі Денис Локтье де медиа саласында AI жүйелердің дамуы туралы сөз етті.
Айта кету керек, Astana Media Week 2025 аясында медиаорталық холында контент-маркет ұйымдастырылып, жаңа жобалар мен халықаралық кооперациялар таныстырылмақ. Мұнда Қырғызстан, Өзбекстан, Қытай және Қазақстанның медиа компаниялары бірлескен өндіріс пен копродукция мүмкіндіктерін талқылайды.
Апталықтың екінші күні «Кәсіби шеберлік пен жаңа бетбұрыс» тақырыбымен жалғасты. Күн тәртібінің өзегі — ұлттық контент, шығармашылық экономика және медиа саласының тұрақты дамудағы рөлі болды.
Панелдік сессияда «Стриминг платформалары: нарық, контент, монетизация. Қатысушылар нені күтеді?» тақырыбы талқыланып, қазақстандық медиа нарығының жаңа мүмкіндіктері мен даму бағыттары сөз болды.
PR және медиа кәсіби қауымдастығының пікірталасында «Сенім дағдарысы бұл коммуникацияның жаңа дәуірі ме?» деген сұрақ өзекті талқылауға түсті.
Медиа талдаудың болашағына арналған «Сандар шегінен тыс. Медиа талдаудың эволюциясы» атты пікір алмасу барысында саланың сапалы дамуына қажетті жаңа тәсілдер қарастырылды.
Түстен кейін Euronews Academy аясында бірқатар шеберлік сабақтары өтті. Euronews-тің Қазақстандағы бюро жетекшісі Боян Бркич қатысқан «Цифрлық дәуірдегі телевизияның трансформациясы» тақырыбындағы сессия медиа кәсібилікті жаңа деңгейге көтерудің қырларын ашты.
Сондай-ақ «Жасанды интеллект дәуіріндегі журналистиканың маңыздылық үшін күресі» атты талқылау мен «Деректі кино: жаңа талғам, жаңа формат» шеберлік сабағы қатысушыларға заманауи медианың бағыт-бағдарын айқындауға мүмкіндік берді.
Форум 7 қарашаға дейін жалғасады. Қатысушылар үшін пленарлық және панельдік сессиялар, жабық питчингтер мен жетекші сарапшылардың шеберлік сабақтары өтеді. Astana Media Week 2025 заманауи журналистиканың жаңа кезеңін айқындайтын кәсіби диалог алаңы ретінде өз маңызын тағы бір мәрте дәлелдеді.
Бұл маңызды шараға Ақтөбе облысынан арнайы делегация қатысып жатыр. Оны облыстық ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары Динара Достанова бастап барды.
Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ.
Астана-Ақтөбе.



