Жаңалықтар

Мал басы өсті

Ырғыз ауданы

«Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында Ырғызда үш жылда 154 жоба қолдау тапты.
Олардың басым бөлігі, яғни 100 жоба мал және құс шаруашылығы бойынша іс бастауға бағытталған. Сонымен бірге шағын бизнес саласында — 49, өсімдік шаруашылығы бойынша 5 жоба мақұлданды. Аталған жобаларға жалпы көлемі 857,6 миллион теңге қаржы бөлінген.
Бұл жөнінде өңірлік коммуникациялар қызметінде Ырғыз ауданының биылғы бастапқы 9 ай ішіндегі әлеуметтік-экономикалық дамуының қорытындылары бойынша ұйымдастырылған жиында айтылды.
— Ауданда негізгі капиталға тартылған инвестицияның көлемі 13 миллиард 276 миллион теңге болды. Сондай-ақ көтерме сауданың көлемі 1,4 миллиардтан асып, былтырғы сәйкес мерзіммен салыстырғанда 212,9 пайыз құрады, — деді аудан әкімі Нұрлан Қызбергенов.
Ауыл шаруашылығы саласында өсім өткен жылғы сәйкес мерзіммен салыстырғанда 101,7 пайызды құрап отыр. Қаңтар-қыркүйек аралығында жалпы көлемі 13,6 миллиард теңгеден асатын өнім өндірілді. Кейбір салаларда көрсеткіш төмендеген, мысалы, құрылыс жұмыстарының көлемі 40,5 пайыз ғана құрады. Мұның себебі, су тасқынына байланысты өткен жылы ауданда құрылыс жұмысы қарқынды жүргізілген.
Аудан экономикасында жетекші сала — ауыл шаруашылығы. Мал басына келсек, ірі қара бойынша өсім көрсеткіші — 122,7 пайызға, қой-ешкі бойынша — 120,3 пайызға, жылқының көрсеткіші 145,7 пайызға жетті. Соңғы жылдары шаруашылықтар техникасын жаңартып, соның ішінде 39 трактор сатып алған. 2026-2027 жылдары мал бордақылау алаңын, сүт-тауарлы фермасын ашу, жылыжай салу жоспарланып отыр.
Ауданда елді мекендерді сумен қамту көрсеткіші — 100 пайыз. Оның ішінде 16 елді мекен орталықтандырылған ауызсу желісімен қамтылса, 2 ауылға кешенді блок- модулі орнатылған. Биыл Ырғыз селосы мен Нұра ауылында жаңа учаскелерге — су құбыры, Ырғызда 150 жаңа учаскеге газ құбыры да жүргізілді.
Аудандағы 18 елді мекеннің 9-ына газ апарылған. Аудан халқының 81 пайызы осы ауылдарда тұрады. Сондай-ақ Құйылыс ауылына газ тарту үшін жобалау-сметалық құжаттар әзірленіп, қорытындысы алынып отыр.

И.ЖАЙМАҒАМБЕТОВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button