Мемлекеттіліктің негізгі тұғыры

Қазақстан Республикасы Конституциясына — 30 жыл
Біздің бүгінгі Конституциямыз 1995 жылғы 30 тамызда жалпыхалықтық мақұлдау негізінде Ата Заң мәртебесінде өмірге келді.
Конституцияның қазіргі мәтіні мен мазмұнына қарап ой салсақ, бұл тарихи оқиға аясында біршама пікірсайыс, толқулар мен ұсыныстар, елеулі ізденістер болғанын байқау қиын емес.
Әлемдік заңгерлік және тарих ауқымынан тұжырымдайтын болсақ, қазіргі ақиқат биігінен тұжырымдасақ, бұл тарихи-заңгерлік жетістіктер тұрғысынан бағаланатын құбылыс. Конституция— мемлекеттік құрылыстың құқықтық негізін қалыптастырушы құжат. Ол мемлекеттілік тетік, қоғамдық, саяси институттар ретінде қызметтің негізі боларлық қағидаттарын /принциптерін/ орнықтырды, адам мен азаматтың конституциялық мәртебесі мен экономикалық құрылыстың негіздерін айқындады. Бұл — тәуелсіз Қазақстан қабылдаған екінші конституция. Алдыңғы конституция 1993 жылғы 28 қаңтарда қабылданған болатын.
Қазақ тарихындағы заңдылық аясында бұл орайда құжаттың маңызды тармақтарына тереңірек талдау жасаған жөн болар. Олай болса бірінші кезектесол Конституцияда анық жазылған тұжырымаясында Қазақ елісол құжат бойынша өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтікмемлекет екенін анық тұжырымдаған. Қазақстан Республикасының ең қымбат қазынасы — адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары екені көрсетілген.
Аталған құжаттағы тағы бір маңызды тұжырым —Қазақстан президенттік басқару нысанындағы біртұтас мемлекет. Мемлекеттік биліктің бірден-бір бастауы — халық, ол билікті тікелей республикалық референдум және еркін сайлау арқылы, сондай-ақ өз билігін мемлекеттік буындарға беру арқылы жүзеге асырады.Конституцияның ең жоғары заңды күші бар және Республиканың бүкіл аумағында тікелей қолданылады. Республика бекіткен халықаралық шарттардың Республика заңдарынан басымдығы болады.
Конституцияда Қазақстан Республикасында дүниетанымдық идеологиялық және саяси әр-алуандылық тұжырымдалған. Меншіктің Мемлекеттік, жекеменшік түрлері танылып, бірдей қорғалады. Жер және оның қойнауы, су көздері, өсімдіктер мен жануарлар дүниесі, басқа да табиғи қорлар халыққа тиесілі, меншік құқығын халық атынан мемлекет жүзеге асырады. Конституция бойынша Қазақстан мемлекетіндегі мемлекеттік тіл — қазақ тілі, бірақ мемлекеттік ұйымдар мен жергілікті өзін-өзі басқару органдарында орыс тілі мемлекеттік тілмен тең қолданылады. Мемлекет Қазақстан халқының тілдерін үйрену мен дамыту үшін жағдай туғызуға қамқорлық жасайтыны да көрсетілген.
Мемлекеттік деректер бойынша алғашқы Қазақстан Конституциясы 1926 жылы 18 ақпанда КСРО құрылғаннан кейін, 1925 жылғы РСФСР Конституциясы ескеріле отырып, ҚазАКСР Орталық Атқару Комитетінің шешімімен түпкілікті редакцияда қабылданған, өйткені бұл кезде біздің өңір РСФСР-дың құрамында болған. Бұл Негізгі заң басқару нысанын, мемлекеттік құрылысты, саяси жүйені, мемлекеттік билік орындарының құрылымын, атқарушы-өкім беруші орындарды бекітті. Сайлау құқығының, қаржылық құқықтың негізгі бастаулары сызылды. Осы Конституциянегізінде Қазақстан РСФСР құрамындағы толық құқықты республика болып танылды.
Нақты деректер мен тұжырымдар аясында Қазақ КСР-нің келесі, яғни екінші Конституциясы 1937 жылы қабалданған(«Qazaqтьn Soвeттi Soтsijalisтik Respuvвlijkasьnьn Konsтijтuтsijasь (Negizgi Zanь). Alma-Aтa. 1937).
Яғни 1937 жылдың 26 наурызында Кеңестердің Бүкілқазақстандық Төтенше Х Құрылтайында (Съезінде) қабылданған Қазақ КСР Конституциясы 11 бөлім мен 125 баптан құралған еді. Ол жерде «КСРО Конституциясының 14-бабынан тыс Қазақ КСР өзінің егемендік құқықтарын толық сақтай отырып, мемлекеттік билікті өздігінен жүзеге асырады», — деп көрсетілген. 1937 жылдың Конституциясында экономикалық, саяси қорғаныс салалары бойынша өзара ықпалдастықты іске асыру мақсатында басқа да тең құқылы республикалармен еркін түрде одақтасуға құқылығы (13-бап), Қазақ КСР келісімінсіз территориясын өзгертуге тыйым салу (16-бап), жоғарғы республикалық және мемлекеттік биліктің жергілікті органдары қалыптастыратын заңнаманы жүзеге асыру, мемлекеттік және қоғамдық тәртіпті және де азаматтар құқығын, салық салу т.б. мәселелерді қорғау бойынша республика саясатын жүргізу құқықтары бекітілген (19-бап).
Осы орайда сот пен прокуратура жүйесі айдан анық қамтылған. Халық соттары аудан азаматтарының тарапынан құпия сайлау жолымен жалпы, тікелей және тең сайлау құқығы негізінде құрылып, сот ісін жүргізу қазақ тілінде, ал басқа ұлт өкілдері шоғырланған аудандарда олардың ана тілдерінде жүргізу міндеттілігі анықталған (83-90-баптар). 1937 жылдың Конституциясында азаматтардың негізгі құқықтары мен міндеттері да барынша көрсетілген, Яғни еңбек етуге құқылығы (96-бап), демалысқа құқылығы (97-бап), жасы келіп, сырқаттану, еңбекке қабілетсіз болып қалу жағдайларында материалды қамтамасыз етілуге құқылығы (98-бап), денсаулық сақтау, анық үнін білдіру, баспасөз, жиын, ереуіл, алаң шерулеріне еркіндік кепілдігі, тұлғаға, тұрғынжайға, азаматтардың ақпарат алысу арқылы жеке хат жазуға дербес құқықтары, шетел азаматтарына саяси баспана беру құқығы айқындалған.
Конституция тарихындағы келесі саты 1978 жылғы Қазақ КСР Конституциясы болып табылады. Яғни тоғызыншы шақырылған республика Жоғарғы Кеңесінің кезектен тыс VII сессиясында 1978 жылы 20 сәуірде қабылданған. Ол Қазақ КСР Конституциясы кіріспеден, 10 бөлім, 19 тарау және 173 баптан құралған. Конституцияға сәйкес бүкіл өкімет билігі жұмысшы, шаруа және еңбек зайырлы таптарына жататын халықтың қолында болды.
Ал Конституция құрылымы мынадай ретпен құрылған болатын: Қазақ КСР қоғамдық құрылымы мен саясатының негіздері; Мемлекет және тұлға; Қазақ КСР-нің ұлттық-мемлекеттік және әкімшілік-аумақтық құрылымы; Қазақ КСР-нің халық депутаттары кеңесі және оларды сайлау тәртібі; Қазақ КСР-нің жоғарғы мемлекеттік билік және басқару органдары; Қазақ КСР-дегі жергілікті мемлекеттік билік және басқару органдары; Қазақ КСР экономикалық және әлеуметтік дамуының мемлекеттік жоспары; Қазақ КСР-нің мемлекеттік бюджеті; Сот төрелігі, арбитраж және прокурорлық қадағалау; Қазақ КСР-нің елтаңбасы, туы, әнұраны және астанасы; Қазақ КСР Конституциясының әрекет етуі және оны өзгерту тәртібі.
Ата Заң тарихының келесі беті Тәуелсіз Қазақстанның алғашқы Конституциясы 1993 жылы 28 қаңтарда ХІІ шақырылған Қазақстан Жоғарғы Кеңесінің ІХ сессиясында қабылданған. Ол кіріспеден, Қазақстан мемлекеттік егемендігін алған сәттен бергі көптеген төмендегі құқықтық ережелермен, яғни: халықтық егемендік; мемлекет тәуелсіздігі; билікті бөлісу принципі; қазақ тілін мемлекеттік деп тану; Президентті мемлекет басшысы деп тану; сот органдарын — Жоғарғы, Конституциялық және Жоғары Арбитраждық соттар және басқаларды қамтыған еді. Конституция негізіне парламенттік республика моделі алынды.
Конституция мынадай ретпен құрылған: Азамат, оның құқығы, бостандығы мен міндеттері; Қоғам, оның құрылыс негіздері мынадай ретпен мақұлданған еді. Яғни; Мемлекет, оның органдары мен институттары; Конституцияны сақтау кепілдіктері.
Қазақстан Республикасының келесі Конституциясы 1995 жылы 30 тамызда бүкілхалықтық референдум нәтижесінде қабылданды. Дауыс беру еліміздің қалалары мен ауылдарындағы 10253 сайлау учаскелерінде жүрді. Бұл Конституцияның 1993 жылғы Конституциядан айырмашылығы — оның мазмұнының сапасында еді. Жаңа Конституцияға алғаш рет азаматтың құқығына қатысты ғана емес, адам дүниеге келген сәттен одан ажырамас құқықтарына да қатысты ережелер енгізілді. Ол бойынша Қазақстан Республикасының Президенті саяси жүйенің басты тұлғасы болып табылады, билік тармақтарынан жоғары тұрады. Бұл президенттік басқару жүйесіндегі мемлекетке сай келеді. Парламент туралы конституциялық бөлім өзгерістерге ұшырады.
1995 жылы желтоқсанда екі палаталы (жоғарғы палата — Сенат, төменгі палата — Мәжіліс) Парламентке сайлау өткізілді.
Конституция құрылымында төмендегі жайттар қамтылды. Яғни жалпы ережелер; Адам және азамат; Президент; Парламент; Үкімет; Конституциялық сот; Соттар және сот төрелігі. Прокуратура. Адам құқықтары жөніндегі уәкіл; Жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару; қорытынды және өтпелі ережелер.
Уақыт өтісімен әлемдік және Еуразия кеңістігіндегі тәжірибелер нәтижесінде бұл Конституцияға өзгертулер мен түзетулер енгізілген. Яғни 1998 жылы 7 қазанда Конституцияның 19 бабына Президенттікке үміткердің жасы 40-қа дейін көтеріліп, 65 жасқа дейінгі шектеу алынып тасталды. Енді Президент 5 жыл емес, 7 жыл мерзімге сайланатын болды. Мәжіліс депутаттарының саны 67-ден 77-ге дейін артты. Осымен қатар: 21 мамыр 2007 жылы, 2 ақпан 2011 жылы, 10 наурыз 2017 жылы, 23 наурыз 2019 жылы, 8 маусым 2022 жылы, 17 қыркүйек 2022 жылы Тәуелсіздікті тұғырлайтын маңызды өзгерістер енгізілген болатын.
2022 жылы 5 маусымда өткен жалпыұлттық референдум нәтижесінде Конституцияның 33 бабына 56 өзгеріс енгізілді. Соның ішінде: жер және оның қойнауы, су көздері, өсімдіктер мен жануарлар дүниесі, басқа да табиғи ресурстар халыққа тиесілі екені атап өтілді, Президенттің жақын туыстарының саяси мемлекеттік қызметші, квазимемлекеттік сектор субъектісі басшылары лауазымдарын атқаруға және Президент өз өкілеттіктерін жүзеге асыру кезеңінде саяси партияда болуына тыйым салынды, Мемлекеттік хатшы лауазымы жойылып, орнына мемлекеттік кеңесші лауазымы құрылды; Конституциялық сот қайта құрылды, Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитеті Жоғары аудиторлық палата болып құрылды; Өлім жазасына тыйым салынды; Мәжілістің депутаттық корпусы аралас сайлау жүйесі бойынша құрылады; Мәжіліс депутаттары 107-ден 98-ге қысқарды; Сенаттағы президенттік квота қысқарды, мәжілістегі Қазақстан халқы ассамблеясының квотасы жойылды; Мажоритарлық жүйе депутатты сайлаушылардың қалауы бойынша шақыртып алуға мүмкіндік береді; тұңғыш президенттің ерекше рөлі мен артықшылықтары туралы ережелер алып тасталды.
Қазақстанның елордасына бұрынғы Астана атауы қайтарылуына байланысты өзгерістер енгізілді. Президент 5 жыл емес, 7 жыл мерзімге сайланады деген өзгеріс қайта енгізіліп, бір мерзімге ғана сайланатыны және бұл ереженің енді өзгермейтіні айқындалды. Конституциялық соттың өкілеттігі 6 жылдан 8 жылға дейін көтеріліп, енді төреші-судья тек бір рет тағайындалатыны жазылды.
Қазақ елінің Конституциялық құрылымы тарихы аясындағы тарихи деректеме және ғылыми объективтілік материалдар бойынша бұл мақалада баяндалған ой-тұжырымдар мұрағат қорларындағы деректер мен Қазақстан мемлекетінің әдіснамалық-басылымдарынан алынды.
Нұртаза АБДОЛЛАЕВ,
Қазақстан Республикасының тұңғыш өлкелік сайлау-референдум алқасының төрағасы.



