Жеңіс

Екі майданның ері еді…

Кешегі күні батыстан қауіп төніп, соғыс өрті өршігенде ел қорғаған жауынгерлердің бірі Өтеген Қалыбаев еді. Оның тағдырының өзі қатерлі сәттерден тұрады. Талай рет от пен оқтың ортасына кіріп, аман-есен шыққан. Жараланған сәттері де болған.

1930 жылы №2 «Ақтөбе» қой совхозы деген ұжым құрылып, соның Ақсу деп аталатын бөлімшесіне он үш жасында түйеші болып жұмысқа орналасқан ол жастайынан еңбекпен шынығады.

Содан 1938 жылы Кеңес армиясы қатарына алынып, қатардағы жауынгер ретінде әскери борышын өтеп жүргенде, 1939 жылы Финляндия Кеңес үкіметіне қарсы соғыс ашады. Ол қызмет етіп жүрген әскери бөлім сарбаздары фин соғысына қатысып, жиырмадан енді асқан шағында қолына қару ұстап, Карелия мойнағында жауға қарсы шайқасқа шығады. Бұл соғысты жеңіспен бітіріп, жауынгерлік міндетін өтеуді одан әрі жалғастырады.

Сол тұста 1941 жыл да келіп жетеді. Енді Германия Кеңестер Одағын жаулап алмақ ойымен, алапат әскери күшімен, жарақты техникасымен қанды жорығын бастап кетеді. Бұл кезде әскери тәжірибе жинақтаған ол тағы да қолына қаруын ұстап, ел қорғау үшін сапқа тұрады.

Майданда Старая Русь, Хмельницкий қалалары түбіндегі кескілескен ұрыстарға қатысып, бірнеше рет жарақаттанды. Ол Украина, Белоруссия, Польша, Венгрия, Чехословакия, Германия жерлерін азат етуге қатысты.

Ол Екінші дүниежүзілік соғысты Мәскеудің түбінен бастап, Германияға жақындап, 1945 жылдың 1 мамырында Одер өзені маңында жараланып, госпитальға түсумен аяқтайды.

Одан жазылып шыққан соң да елге бірден қайтармайды. Енді Қытай беттегі дүрбелеңді басуға жібереді. Бұл жақта да өз міндетін абыроймен атқарып, 1946 жылдың күзінде туған жерге аман-есен оралады.

Ол армия қатарында бақандай сегіз жыл болып, екінші топтағы мүгедек дәрежесінде бейбіт күнге жетті. Майдан даласынан кеудесіне «Қызыл жұлдыз» орденін, көптеген медальдар тағып келді.

Майдангер туралы әңгімелегенде мына бір жайды еске алмай кетуге болмайды. Соғыс қызу жүріп жатқан 1941 жылдың желтоқсан айында ол майданнан Ақтөбеге келіп, он шақты күндей болып, әскерге алынатын жастардың басын біріктіріп, эшелонмен Мәскеуге алып кетеді. Сол кезде елдегі жақын тума-туыстары Ақтөбеге келіп, оның қасында болып, ауылдан алып келген ас-суын беріп, туған жердің дәмін татқызып, мәре-сәре болып, Ақсуға көңілдерін бір демдеп қайтады.

Былай қарағанда қазақ жауынгерінің етінің тірілігі ғой, әйтпесе, Мәскеудің түбінде жан алысып, жан беріскен қырғын соғыс жүріп жатқан уақытта оны Қазақстанға, оның ішінде туған жері Ақтөбеге жіберу оған артылған үлкен сенім, ақылға сыя бермейтін ерекше жағдай ғой. Бір жағы мұны ерлік десе де болады. Өйткені ол армия қатарына алынғанша мектеп түгілі молданың да алдын көрмеген адам ғой. Соған қарамастан, көкірек көзі ашық, жүрегі ояу жан екен. Кейініректе, соғыстан кейінгі бейбіт жылдарда орысша-қазақша газет-журналдарды көп қылып жаздырып алып, үзбей оқып отыратын болған.

Соғыс көрген көптеген замандастары секілді ол да майдан жолдарын, майданда істеген ерліктерін көп ашылып айта бермейтін болған. «Талай азаматтар көзі жұмылмай, далада көмусіз қалды ғой, менің елге тірі келгенім — сендердің жарық дүниеге келулеріңді Алла тағала нәсіп еткен шығар» деп отырады екен балаларына.

Тек бір сөзінде: «Партия мен үкімет адал ғой, соғыса білу де еңбекке жатады. 1943 жылы үлкен бір қырғын шайқаста немістің кезекті бір шабуылына тойтарыс бердік, тірі қалған азын-аулақ жауынгерлеріміздің бірі мені командирім Кеңестер Одағының Батыры деген атаққа ұсынып еді. Бірақ ол айналып келгенде бір орысқа тиесілі болып шықты, мен жауынгерлік «Қызыл жұлдыз» орденін алдым. Ол уақытта орден үшін емес, Отан үшін, жауды тезірек жеңіп, өзіміз тірі қалу үшін соғыстық қой» деп айтатыны да балаларының есінде сақталып қалыпты.

Бәрібір Өтеген Қалыбаевтың еңбегі еленді. Ол жеңіспен елге оралған соң жылқы бақты, қоғам малын көбейтуге күш-жігерін аянбай жұмсады. Соғыстан кейінгі уақытта ауыл шаруашылығының төмендеп тұрған бір кезеңдері болған ғой. Сол кезде жылқы өсіру керек деген Үкіметтің қаулысы шыққан. Содан жан-жақтан жылқы малын жинап, табын құраған. 1946 жылы ол бағымындағы әр биенің соңынан құлын ертіп, шығынсыз өсіреді. Ол уақытта малды ит-құсқа жегізбей, көздің қарашығындай сақтап, төлімен бірдей көбейту үлкен шаруа болған. Жағдайдың күрделілігі сондай — егер бір тай өлсе, бұл ауыл ғана емес, облыс көлеміндегі төтенше жағдай болып саналады екен.

Майданнан шынығып оралған жауынгер сол қиындықтардың бәріне төзе біледі. Соғысқа қатысып келген майдангер Қойшыбай Таханов деген кісі көмекшісі болыпты. Балатар, Үбайдулла деген кісілер жылқы бағысты деп айтып отырады екен.

Өтеген жылқышының еңбекқорлығы сондай — күндіз жылқы қарайды, түнде күзетке шығады. Сонда бір шаршамайды екен. Күндіз жеті-сегіз бала өгізге жеккен шалғымен шөп шабады. Әлі буыны қатпаған балалар боз ала таңнан түсте күн қызғанша, одан түс ауа тағы шығып, қас қарайғанша еңбек еткесін косылканың үстінде қалғып-мүлгіп отырады екен. Соған да бас-көз болады.

Арасында өгіз арбамен Жұрынға астық тасиды. Өзі кішкентайлау адам болғанымен, күші мығым болған.

Қайраттылығының бір көрінісі — жанына адам жолатпайтын асау аттарды бас білдіргенде әуелі бұғалықтап ұстап, сосын сегіз өрім қамшымен тартып жібергенде жуаси қалады екен. Сол кезде оны жүгендейді де, бір тартпамен үстіне ерді салады, сосын атқа мініп алады. Бір айналдырып әкеледі де: «болды, мынау бас білді», — дейді.

Өмірлік серігі Рахима әжемен ғибраты мол ғұмыр кешкен Өтеген Қалыбаевтың баласы Тағыбергеннің өзі — бұл күнде ұрпақ өсіріп, немере сүйіп отырған ата. Ол өзінің зайыбы Дина апамен бірге әкесі жылқы баққан Ақсу жайлауында мал бағып отыр.

Екі майданның ері атанған батыр жауынгердің ұрпақтары жыл сайын Жеңіс күнінде оның рухына тағзым етіп, арнайы ас береді.

Жолдыбай ӘБДІҚҰЛОВ,

Мұғалжар ауданы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button