Дзюдошылар додасы

Ақтөбе қаласындағы Жекпе-жек спорт сарайында «Заң мен тәртіп» идеологиясын жүзеге асыру аясында облыстық прокуратураның ұйымдастыруымен жасөспірімдер арасында дзюдодан ашық қалалық турнир өтті.
Жарыста 2011-2012 жылдары туған 120-ға жуық жасөспірім бақ сынады. Олардың ішінде Ақтөбе қаласындағы спорт мектептерінен бөлек, Атырау облысынан келген жас спортшылар бар.
Шараның салтанатты ашылуына Ақтөбе қаласының әкімі Азамат Бекет қатысып, спортшыларға сәттілік тіледі.
— Бүгін Мемлекет басшысының бастамасымен әзірленген «Қоғамда заң мен тәртіп идеологиясын ілгерілету жөніндегі тұжырымдамасы» аясында қалалық турнир ұйымдастырылып отыр. Құқықбұзушылықтың алдын алу, жастардың бойында салауатты өмір салтын қалыптастыру мақсатында қолға алынған бұл шараның тәрбиелік маңызы зор. Болашақ чемпиондарымыз осындай жарыстардан шығатынына сенеміз. Әрдайым Көк Туымызды желбіретіп, биік шыңдардан көрінулеріңізге тілектеспін, — деді қала әкімі.
Ақтөбе облыстық прокуратурасының аппарат басшысы Асхат Бекмұханов «Заң мен тәртіп» апталығының маңыздылығына тоқталды.
— Апталық аясында қаламызда түрлі шаралар ұйымдастырылып жатыр. Басты мақсат — құқықтық тәртіпті нығайту, жастар арасындағы қылмыстың алдын алу және халықтың құқықтық мәдениетін қалыптастыру, — дейді ол.
Атырау облысы Қызылқоға аудандық балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің жаттықтырушысы Роман Майлашев қазір елімізде дзюдо спорты өте қарқынды дамып келе жатқанын айтады.
— Бүгінгі жарысқа 5 спортшы алып келдім. Көршілес облыс болғандықтан Ақтөбедегі жарыстарға жиі келеміз. Спорт мектебімізде дзюдоға 300-ге жуық бала қатысады. Жылдан-жылға балалардың қызығушылығы артып келеді. Өздеріңіз білетіндей, былтырғы өткен жазғы олимпиада ойындарында Елдос Сметов дзюдодан Қазақстан тарихында тұңғыш алтын медальды еншіледі. Бұл оқиға біздің жастар үшін зор үлгі болды. Дзюдо — әлемдік деңгейде футболдан кейінгі екінші орынды алатын спорт түрі. Сондықтан қазір мұндай жарыстар өткізудің маңызы зор, — дейді жаттықтырушы.
Ал 13 жастағы жас спортшы Бексұлтан Сайдолла Ақтөбедегі Жастар спорт мектебінен келген. Төрт жылдан бері дзюдо спортын жанына серік еткен ол аз уақыттың ішінде көптеген республикалық, облыстық турнирлердің жеңімпазы атанып үлгеріпті.
— Дзюдо спорты, ең алдымен, адамды тәртіпке, табандылыққа үйретеді. Мақсатқа жетуге ұмтылдырады. Аптасына 6 рет 3 сағаттан жаттығамын. Жақсы нәтижеге жету үшін жаттығуды үзбеу керек. Барлық спортшылар секілді менің де болашақ арманым — дзюдодан олимпиада чемпионы атану, — дейді ол.
Екі күнге созылған турнир қорытындысы бойынша жүлдегерлерге арнайы мадақтама қағаздары мен ақшалай сертификаттар табысталды.
Ақбота ҚАЛДЫБЕК.