Заң мен тәртіпҚұқық

Жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін тиімді қарау — мемлекеттік органдар қызметінің жоғары сапа көрсеткіші

Прокуратура

Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің Ақтөбе облысы бойынша департаментінің бастығы, аға әділет кеңесшісі Нұрлан БИЖАНОВПЕН сұхбат

— Ең алдымен жеке және заңды тұлғалардың өтініштері туралы басым бағыттар мен негізгі міндеттер туралы айтсаңыз...
— Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» немесе «Естуші мемлекет» — осы тұжырымдаманы 2019 жылы өз Жолдауында ерекше айтып өтті.
Азаматтардың, халықтың барлық өтініш-тілектерін жедел түрде әрі тиімді қарастыру — барлығымызға ортақ міндет. Билік пен қоғамның арасында тұрақты диалог орнату арқылы ғана қазіргі геосаяси ахуалға бейімделген үйлесімді мемлекет қалыптастыру қажеттігі атап көрсетілуде. Бұл азаматтық қоғамға қолдау көрсетіп, оның әлеуетін нығайтады.
Адамның құқықтары мен бостандықтары — ең жоғары құндылық. Құзырлы органдар өз өкілеттігі шегінде өтініштерді сапалы әрі уақтылы қарауға міндетті.
Комитеттің және оның аумақтық департаменттер тарапынан «Заң мен тәртіп» қағидасына сәйкес әкімшілік органдарға жолдаған азаматтардың түрлі өтініштері зерделенеді.
Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік Кодексіне сәйкес мемлекеттiк жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарына, мемлекет жүз пайыз қатысатын заңды тұлғаларға келiп түсетін өтiнiштерді тіркеу, есепке алу, сондай-ақ «Электрондық жолданымдар» ақпараттық-талдау жүйесiн жүргiзу тәртiбi құқықтық статистика және арнайы есепке алу саласындағы статистикалық қызметтi өз құзыретi шегiнде жүзеге асыратын мемлекеттік орган белгілеген тәртіппен іске асырылады.
ҚР Әкімшілік рәсімдік-процестік Кодексі мемлекеттік және ішкі әкімшілік рәсімдерін, әкімшілік рәсімдерді жүзеге асыру, әкімшілік сот ісін жүргізу тәртібімен байланысты қатынастарды реттейді.
Реттелетін қатынастардың қатысушылары мемлекеттік органдар, әкімшілік органдар, мемлекет жүз пайыз қатысатын заңды тұлғалар, лауазымды тұлғалар, сондай-ақ жеке және заңды тұлғалар болып табылады.
— Жеке және заңды тұлғалардың өткен жылға түскен өтінімдер саны статистикасына тоқталсаңыз.
— 2024 жылы «Жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарау туралы» №1-ТӨ нысанындағы Республикалық есептің статистикалық деректерінің мәліметіне сәйкес мемлекеттік мекемелерге 127 704 өтініш түскен, бұл 2023 жылмен салыстырғанда 11,7 пайызға (114 334) артық.
Мемлекеттік мекемелерге келіп түскен 127 704 өтініштің түрлеріне келсек, олар бойынша өсу үрдісі байқалады: арыздар (9,5% пайызға 91 275 (83 379), хабарламалар (26,1 пайызға 7 262 (5 759), сұрау салулар (0,5 пайызға 11 255 (11 204), шағымдар (9,0 пайызға 6 987 (6 408) және ұсыныстар (63,1 пайызға 7 679 (4 709).
Жергілікті атқарушы органдарға — 66 815 (64 439 – 2023 ж.), полиция органдарына — 17 504 (12 798 — 2023 ж.), қаржы органдарына — 12 382 (13 955 – 2023 ж.), прокуратура органдарына — 3 917 (3 543 — 2023 ж.), басқа да органдарға — 27 086 (19 599 — 2023 ж.) жолданым түскен.
Сонымен қатар Ақтөбе облысының мемлекеттік органдарына кәсіпкерлер, үкіметтік емес және қоғамдық ұйымдар, компаниялар, өзге де мемлекеттік емес мекемелер, зейнеткерлер, сотталғандар, адвокаттар, ұжымдар, мүгедектер және жұмыссыздар жолданымдармен жиі жүгінеді.
Азаматтар көбіне жер және жерді пайдалану, еңбек және халықты жұмыспен қамту, әлеуметтік және зейнетақымен қамтамасыз ету, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, халыққа тұрмыстық қызмет көрсету мәселелері бойынша өтініш білдіреді.
— Құқықтық статистика органдарының және аумақтық департаменттердің рөлі қаншалықты және келіп түскен өтініштер санымен шектеле ме?
— Біздің қызметіміз — өтініштердің санын бақылаумен ғана шектелмейді, сондай-ақ жүйелі заңдылықты қадағалауды жүзеге асыру.
Тиісті шаралар қабылданбаса немесе өтініш иесіне жауап берілмеген жағдайда, бұған жауапты тұлғалар тәртіптік жауаптылыққа тартылуы мүмкін.
Мәселен, өткен жылы Ақтөбе облысы бойынша департаменттің өтініштерді талдау және бақылау бөлімі тарапынан 13 тексеру, 10 талдау, 41 мониторинг жүзеге асырылды.
Сонымен бірге 500-ден астам құқықбұзушылық анықталды, оларға өтініштердің тіркелмеуі, қарау және қайта бағыттау мерзімдерінің бұзылуы, статистикамен көрсеткіштерді манипуляциялау жатады.
Қадағалау актілері негізінде жолданымдардың қарау тәртібін бұзғандары үшін мемлекеттік органдардан 50 лауазымды тұлға тәртіптік және 14 лауазымды тұлға әкімшілік жауаптылыққа тартылды.
— Қазіргі уақытта қандай жаңа жобалар енгізілуде немесе жаңа IT технологиялар қолдануда?
— Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында Президент Әкімшілігінің тиісті бөлімшесінің үйлестіруімен және уәкілетті органдардың бірлескен жұмысы нәтижесінде «е-Өтініш» жүйесіне түскен өтініштер деректерін пайдаланып, жазбаша сөйлеу тілін тану, генерациялау және өңдеу бойынша жасанды интеллект қолданылатын тәуекелдерді анықтау аналитикалық моделі әзірленуде.
Жобаның мақсаты — мемлекеттің әрбір азаматының көтерген өзекті мәселелерін автоматты түрде жүйелеп, олардың сапасыз қаралуымен байланысты тәуекелдерді анықтауға көмектесу.
Қызмет принципі қарапайым: жүйе табиғи тілдерді өңдеу функциясы арқылы азаматтардың өтініштерінде жиі кездесетін негізгі сөздерді табады, мысалы, мектептердегі қауіпсіздік мәселелері бойынша.
Технологиялық тәсіл аймақтар мен салалардағы проблемалық мәселелерді тез әрі оңай анықтауға, мемлекеттік органдардың назарын нақты сол сұрақтарға аударуға, ведомстволардың маңызды мәселелерді қалай шешетінін бақылауды күшейтуге мүмкіндік береді.
Ал прокуратура қызметкерлері үшін бұл функция прокурорлық қадағалауды жеңілдетіп, үйлестіруді күшейтеді, осылайша халықтың қажеттіліктеріне жедел жауап беру және қоғамдық диалогты жүзеге асыру бойынша басымдықты іске асырады.

Сұхбаттасқан Нұрмұханбет ӘБДІЛДАҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button