Балалар суретіндегі өмір


«Заң және тәртіп» тұжырымдамасы аясында №47 жалпы білім беретін орта мектепте «Заң балалар көзімен» атты сурет байқауы өтті. Оған бастауыш және жоғары сынып оқушылары қатысты. Іс-шара қалалық білім бөлімінің қолдауымен ұйымдастырылды.
Аталған мектептің директоры Жадырасын Ашықбаева мектеп оқушылары арасында өткен байқауға 37-ге жуық өтінім келіп түскенін жеткізді.
— «Жасөспірім және заң» профилактикалық онкүндігі аясында өткізілген сурет байқауына оқушыларымыз белсене қатысты. Олар байқау арқылы шығармашылығын шыңдап қана қоймай, қоғамда болып жатқан құқықбұзушылық оқиғаларын еш боямасыз суреттеген. Оқушылардың өнерін арнайы комиссия бағалады. Жуырда облыстық сурет байқауына оқушымыз Рабиянұр Ізгю қатысып, жеңімпаз атанды. Балалар мен жасөспірімдердің бос уақытын тиімді ұйымдастыру мақсатында мектеп жанынан ашылған 7 үйірме жұмыс жасап тұр. Сондай-ақ биылғы оқу жылында «Ашық сөйлесейік» жобасын қолға алдық. Бұл жоба оқушылардың өз ойын еркін жеткізуіне, ата-анасына айта алмаған ой-пікірін психологпен бірге талқылауына мүмкіндік береді, — дейді мектеп директоры.
Мектептің белсенді оқушыларының бірі Динар Сағатқызы байқауда ерекше қабілетімен көзге түсті. 11-сынып оқушысы бұған дейінгі бірнеше сурет және мәнерлеп оқу байқауында топ жарған.
— 8 жасымнан бері сурет саламын. Сурет байқауы заң тақырыбында болғандықтан, қоғамдық қауіпсіздікті қадағалап, ел тыныштығын күзеткен тәртіп сақшыларын бейнеледім. Заң — бәрімізге ортақ. Оның талаптарын орындау, жауапкершілікті сезіну кез келген адамды тәртіпке шақырады, — дейді ол.
Ал 4-сынып оқушысы Аяулым Зейнолла байқау барысында «Құқықбұзушылыққа жол жоқ» деген тақырыпта сурет салып жатқанын байқадық. Ол салған суреті арқылы жас ұрпақтың бойына адалдық пен жауапкершілік қасиеттерін ұғындырғысы келетінін айтты.
— Мектеп жанынан ашылған қолөнер үйірмесіне барып тұрамын. Қолым қалт етсе, сурет салғанды жақсы көремін. Салған суретім арқылы жастарды тазалыққа, қоғамдық тәртіпті бұзбауға шақырамын. Бұл байқау сурет салуға деген ынтамды арттыра түсті, — дейді ол.
Сурет байқауында оқушылар бірі қылқаламмен, бірі пирография әдісімен фанер тақтайшаның бетіне күйдіретін аппарат арқылы сурет салып, шеберліктерін көрсетті.
Нәтижесінде бастауыш сыныптар арасында 1-орынды Аяулым Зейнолла, Айша Сырым, 2-орынды Әмина Қонысбай, Аяла Марс, 3-орынды Аслан Асанов, Мансұр Жанахметов иеленді. Ал жоғары сыныптар арасында Динар Сағатқызы мен Жазира Құлжанова үздік деп танылды. Жеңімпаздар мен қатысушыларға Алғыс хат пен диплом табысталды.
Ақмарал МҰҚАШЕВА.



