Заң мен тәртіп

Дропперлікке жол жоқ!

Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің Студенттер сарайындаоблыстық Жастар ресурстық орталығы және экономикалық тергеп-тексеру департаменті басқармасының ұйымдастыруымен «Заң және тәртіп. Дроппер деген кім?» тақырыбында студенттермен кездесу өтті.

Шараға облыстық экономикалық тергеп-тексеру департаменті басқармасының басшысы Жадан Бисембин,облыстық жастар ресурстық орталығының басшысы Самғат Артығалин, сондай-ақ банк саласының мамандары қатысты. Кездесуге 700-ге жуық студент жиналды.

Алдымен университет жанынан құрылған  «Жастар» театрының қойылымы тамашаланды. Қойылымда алаяқтардың арбауына түсіп, түрлі қиындыққа тап болған жастардың оқиғалары сахналанды.

Жиында сөз алған Жадан Бисембин дропперлік ұғымына кеңінен тоқталып, оның заң алдындағы жауапкершілігін түсіндірді. Оның айтуынша, 2025 жылдың 16 қыркүйегінен бастап Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексіне дропперлік үшін қылмыстық жауапқа тартатын жаңа 232-1-бап енгізілген.

Бұл бап банк шотына, төлем немесе сәйкестендіру құралдарына заңсыз қол жеткізу, оларды үшінші тұлғаларға беру немесе алу, сондай-ақ заңсыз төлем мен ақша аударымын жүзеге асыруды қамтиды. Оның ішінде материалдық сыйақы үшін банк картасын бөтен адамдарға беру де дропперлік болып саналады, — деді департамент басшысы.

Маманның айтуынша, дропперлік — интернет-алаяқтықтың кең тараған тәсілінің бірі. Алаяқтар дәл осы әдіспен ұрланған қаражатты қолма-қол ақшаға айналдырып, ізін жасырады.

Аталған әрекеттің ауырлығына, сипатына және заңсыз алынған табыс көлеміне байланысты 232-1-бапта айыппұлдан бастап, мүлкін тәркілей отырып, 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Бұл норма кибералаяқтыққа қарсы жүйелі күресті күшейтуге, азаматтардың қаржылық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және цифрлық ортада әрекет ететін қылмыстық топтардың жолын кесуге бағытталған, — деді ол.

Жадан Бисембиннің айтуынша, өткен жылы ел аумағында 30 мыңнан астам дроп-карта тіркелген. Оның басым бөлігі жұмыссыздар мен тұрақты мекенжайы жоқ азаматтарға тиесілі. Сонымен қатар интернет кеңістігінде күмәнді жарнама да көбейген.
Қазіргі таңда түрлі сайттарда «курьер», «қашықтан жұмыс», «еркін график» деген атаумен сағатына 20-50 мың теңге немесе айына 300-600 мың теңге жалақы уәде ететін хабарландырулар жиі кездеседі. Мұндай ұсыныстарға аса сақтықпен қарау қажет, — деді басқарма басшысы.

Кездесу барысында студенттер де пікір білдірді. Экономика және құқық факультетінің 3-курс студенті Аян Оралов осындай ұсыныстардың өзіне де түскенін айтты.
Маған бір адам хабарласып, банк картамды сатуды ұсынды. Өзін жұмыс беруші ретінде таныстырып, карта берген жағдайда қосымша бонус түсетінін айтты. Бірақ мен бұл ұсыныстан бас тарттым. Осындай жағдай болса, үйдегі үлкендерге айтып немесе полицияға хабарласу керек деп ойлаймын. Бұл тақырып жиі көтеріліп жатқандықтан, жастарды сақ болуға шақырамын, — деді студент.

Кездесу соңында ұйымдастырушылар студенттердің қызығушылығын арттырып, құқықтық сауаттылығын нығайту мақсатында интеллектуалдық ойын өткізді. Ойын барысында белсенділік танытып, жеңімпаз атанған студенттерге арнайы сыйлық табысталды.

 А.НАҒАШЫБАЙҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button