Қысқы доп додасы

Әйтеке би ауданында «Заң мен тәртіп» қағидасы аясында және қысқы спорт түрлерін кеңінен насихаттау мақсатында «Теңбіл доп — 2026» атты қар үстіндегі футбол жарысы ұйымдастырылды.
Аталған спорттық шараға аудан аумағындағы түрлі мекеме қызметкерлерінен құралған 8 команда қатысып, өзара бақ сынасты. Қатысушылар ауа райына қарамастан, жоғары белсенділік пен ұйымшылдық танытып, тартысты ойын көрсетті.
Жарыстың негізгі мақсаты — салауатты өмір салтын дәріптеу, бұқаралық спортты дамыту, сондай-ақ ұжымдар арасындағы ынтымақтастық пен достық қарым-қатынасты нығайту. Қар үстінде өткен футбол ойыны көрерменге ерекше әсер сыйлап, қатысушылардың спортқа деген қызығушылығын арттырды.
Жарыс қорытындысы бойынша үздік нәтиже көрсеткен командалар анықталып, жеңімпаздар мен жүлдегерлер арнайы марапаттарға ие болды.
Жарыс қорытындысы бойынша командалар арасында «Аудан әкімшілігі» командасы, «Ұстаздар» командасы және «Әйтеке би БЖСМ» командасы жүлделі орындарға ие болды. Жеке номинациялар бойынша «Үздік ойыншы»номинациясы «Аудан әкімшілігі» командасының мүшесі Ризат Жауғашарға бұйырды. «Комсомол ЖОББМ» командасынан Азамат Аманжолұлы үздік шабуылшы атанса, «Ұстаздар» командасының ойыншысы Жасұлан Айдаубаев «Үздік қорғаушы» номинациясын жеңіп алды. Ал «Үздік қақпашы» аталымына «Әйтеке би БЖСМ» командасының өкілі Жиенгелді Көмекбай лайық деп танылды.
К.ҚОПАЕВА.



