Басты жаңалықтарЗаң мен тәртіп

Қауіпсіздік және қызмет

Ақтөбе қаласында құқықбұзушылықтың алдын алу, қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында қалалық полиция басқармасының жедел басқару орталығы қарқынды жұмыс атқарып жатыр. Биыл бейнебақылау камерасының көмегімен 41 қылмыс ашылған. Осы орайда өңірдегі қауіпсіздік пен учаскелік полицияның қызметі төңірегінде қалалық полиция басқармасының бастығы Әсет Қалиевпен және сала мамандарымен әңгімелескен едік…

Әсет Қалиевтің айтуынша, биыл 1313 қылмыстық дерек тіркелген. Оның ішінде аса ауыр қылмыс саны 2,1 пайызға, орта ауырлықтағы қылмыстар 15 пайызға азайған. Биыл өңірде 34 тонау, 595 алаяқтық, 302 интернет-алаяқтық , қоғамдық орындарда жасалған 433 қылмыстық оқиға тіркелді.

 Биыл 102 жедел желісіне 68671 қоңырау келіп түсіп, шақыртуларға бардық. Күн сайын жедел желіге 250-ден астам хабарлама келеді. Қалада 187 учаскелік полиция жасағы қоғамдық тәртіпті қадағалайды. Қылмыстың басым көпшілігі адамдар көп жүретін жерлерде тіркелетіндіктен аталған қылмыстарға талдау  жасау үшін рейдтік іс-шаралар жиі ұйымдастырылады. Құқықбұзушылықтың алдын алу мақсатында қаламызда жедел басқару орталығына тиесілі 208 бейнебақылау және 9576 сыртқы камера жұмыс жасап тұр. Оның ішінде 124 мектепте 2085 бейнебақылау камерасы орнатылған. Сондай-ақ қоқыс жәшіктері аумағында — 182, «Қазақтелеком» акционерлік қоғамының байланыс желілері аумағында 1166 бейнебақылау камерасы қауіпсіздікті бақылайды.Жыл басынан бері камералардың көмегімен 41 қылмыс пен 1768 әкімшілік құқықбұзушылық анықталды. Сондай-ақ жол-көлік оқиғаларының алдын алу мақсатында 217 бағдаршам іске қосылды. Биыл білім беру ұйымдарының жанында шақыру түймесі бар 87 жаяу жүргінші бағдаршамы орнатылып, «Қауіпсіз жол», «Назар аудар, жаяу жүргінші» және басқа да жедел профилактикалық іс-шаралар ұйымдастырылды, — дейді Әсет Қалиев.

Жасөспірімдер жүгенсіздігі

 Құқықбұзушылықтың алдын алу мақсатында учаскелік полиция инспекторлары өзіне берілген учаскелердегі тұрғын үйлерді аралап, қадағалау жұмыстарын жүргізеді. Әсіресеерекше бақылаудағы отбасылардың үйін ай сайын тексеріп тұрады.

Қалада 187 учаскелік полиция қызметкері әрқайсысы өзіне берілген аймақтағы қауіпсіздікке жауапты. Қазіргі таңда аумақ бойынша WhatsApp-чаттар құрылып, оған тұрғындар енгізілген. Учаскелік полиция инспекторлары қылмыстарды болдырмау мақсатында аумақ бойынша тұрғындармен кездесулер өткізеді.

Биыл кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыс саны 52,6 пайызға артып, 45 жасөспірім жауапкершілікке тартылды. Түнгі рейдтік жедел-профилактикалық іс-шаралар нәтижесінде 935 дерек анықталды. Оның ішінде түнгі уақытта ойын-сауық мекемелерінде ата-ана қарауынсыз жүрген 96 жасөспірімге ескерту беріліп, хаттама толтырылды. Түнгі уақытта ойын-сауық орындарында кәмелетке толмағандарды тыйым салынған жерлерге кіргізіп, алкогольдік ішімдіктер мен темекіні сатқаны үшін 10 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды, — дейді Ә.Қалиев.

Оның айтуынша, құқықбұзушылықтың алдын алу шаралары жүйелі түрде жүргізілуі керек.Әсіресе, жасөспірімдерге байланысты бұзушылықтарды анықтауда ата-аналармен бірлесе жұмыс жасау өте маңызды.

—Биыл тіркелген 29 қылмыстық істің 9-ына қатысқан жасөспірімдер қолайсыз отбасынан шыққан. Бүгінде осындай отбасылардың балаларымен жұмыс жасауға арналған ведомствоаралық жоспар бекітілді. Бұл балалар білім беру ұйымы басшылығының үнемі бақылауында тұр.Учаскелік полиция қызметкерлері мектептерде рейд жүргізіп, оқушылардың тәртібін қадағалайды. Биыл 138 ата-ана әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Ата-ана жауапкершілігі — бала қауіпсіздігінің, оның құқықтық тәртіпті сақтауының негізі.

Ата-аналардың жауапкершілігін арттыру керек. Біз жасөспірімдер арасында қатыгездік пен күш көрсету оқиғаларын тоқтатуға міндеттіміз. Қоғамдық тәртіпті сақтау, құқықбұзушылықтың алдын алу бағытындағы жұмыстарды жандандыру қажет.Соңғы жылдары аталған мәселенің алдын алу мақсатында облыс орталығында арнайы рейдтер, тексеру шаралары жиі ұйымдастырылады. Сондай-ақ жергілікті полиция басқармасының әлеуметтік желідегі парақшасында ақпараттық түсіндірме материалдары жиі жарияланады, — дейді ол.

Несие алғанда абай бол!

 Қазіргі таңда қаламызда интернет-алаяқтық көбейіп барады. Күн сайын әккі ұрылардан емес, онлайн интернет-алаяқтардың арбауына түсіп, алданғандардың қатары күрт артуда. Биыл қалада 300-ден астам интернет-алаяқтық оқиғасы тіркелген. Полиция департаментінің кибер полиция тергеушісі Руслан Исмурзиннің айтуынша, кейбір адамдар микроқаржы ұйымдарынан несие аламын деп опық жеген. Киберқылмыскерлер жәбірленушілердің атынан бірнеше несие рәсімдеп, оларды сан соқтырып кеткен.

Биыл қаңтар-ақпан айларында екі жәбірленушіден арыз келіп түсті. Өзін микроқаржы ұйымдарының қызметкері ретінде таныстырған интернет-алаяқтар жәбірленушілердің атынан бірнеше несие рәсімдеп үлгерген. Мәселен, олар бір мезетте екі адамға 1 миллион 200 мың теңге және 1 миллион  400 мың теңге көлеміндегі несиені 4 микроқаржы ұйымынан алуға көмектескен. Жәбірленушілердің айтуынша, оларға басқа банктерден көлемді несие алу үшін бір займнан несие алу ұсынылған. Алайда жәбірленушілер интернет-алаяқтарының құрбаны болғанын кеш байқап, онлайн-верификациядан өтіп қойған. Сол сәтте интернет-алаяқтар IBAN шотқа қол жеткізіп, 20 минут ішінде жәбірленушінің шотына түскен ақшаны алып отырған. Олар сим-картасын сағат сайын ауыстырып отырғандықтан, құрықтау қиынға соқты. Бейнекамерадағы жазбалар арқылы интернет-алаяқтың түр-келбетін анықтадық. Нәтижелі жұмыстың арқасында күдіктінің қай қалада жасырынғанын таптық.

Осы жылдың 12 наурызында Орал қаласында жасырынған күдіктіні ұстауға аттандық. Ең алдымен әккі алаяқтардың жалдамалы пәтерде тұрып жатқанын анықтадық. Жедел жасақ күдіктіні ұстауға жұмылдырылып, санкцияланбаған тінту жұмыстарын жүргізді. Тінту жұмыстары кезінде интернет-алаяқтың жалдамалы пәтерінен 6 ұялы телефон тәркіленді. Осы киберқылмыскерге алданған басқа да жәбірленушілердің бар екендігі анықталды. Олар Алматы, Орал қалаларының тұрғындары екен. Жәбірленушілер тиісті мекемеге арызданбағандықтан олардан да тиісті жауап алынды. Бүгінде интернет алаяқтыққа қатысы бар азамат сотқа дейін тергеліп жатыр, — дейді тергеуші.

Бұл бір ғана оқиға. Қулығына құрық бойламайтын тәжірибелі онлайн ұрылардың  алаяқтық істерінің тіркелмегені қаншама?! Сондықтан полиция басқармасының мамандары алаяқтардан сақ болуға шақырады.

Полицейлер ерлігі

Қала қауіпсіздігін қамтамасыз етуде полиция қызметкерлерінің үлесі зор. Олардың арасында көзсіз ерлікке баратындар да бар. Биыл полиция қызметкерлері Нұрсайын Есенаманов пен Әділет Жеңіс 89 жастағы әжейді өрттен құтқарған. Олар тілсіз жаумен бетпе-бет келіп, адам өміріне араша түскен.

Бұл оқиға осы жылдың 28 наурызында Ақтөбе қаласындағы Әуе қалашығы ауданында тіркелген. Кезекшілікті аяқтап, үйіне бара жатқан қос полицей көпқабатты үйдің бірінші қабатынан шыққан өртті байқап, көмекке жүгірген. Олар төтенше жағдай қызметкерлері келгенше терезенің торын сындырып кіріп, зардап шеккен әйелге алғашқы медициналық көмек көрсеткен. Полицейлер нағыз ер-азаматтарға тән ерлік көрсетті. Қызметтік борышын адал атқарған мамандарымызға алғысымыз шексіз. Қарт әйел қан қысымының жоғарылауы салдарынан есінен танып қалған екен. Осындай аса жауапты абыройлы қызмет атқару —әрбір полиция қызметкеріне тән қасиет, — дейді қалалық полиция басқармасы бастығының кадр саясаты жөніндегі орынбасары Данияр Сәрсенбаев.

Бір қуантарлығы, бүгінде полиция қызметкері болуға талапты жастар көп. Бірақ оларға қойылатын талап жоғары. Данияр Сәрсенбаев өңірде полицейлердің тапшылығы байқалатындығын айтады. Бұл мәселені шешу мақсатында оңтайлы жұмыстар атқарылуда. Бүгінде ішкі істер органдарына 18 жасқа толған азаматтар конкурстық негізде қабылданып жатыр.

Талап барлығына бірдей. Полицияға қызметке қабылдау конкурстық негізде жүргізіледі. Алғаш рет қабылданғандар екі айлық даярлық курстарынан өтеді. Үміткердің жасы 18-ге толған, өзіне жүктелген лауазымдық міндеттерді атқаруға қабілетті болуға тиіс.Құжаттарды жинау мен қарау, әскери-дәрігерлік комиссиядан, полиграфологиялық зерттеуден  өту, денешынықтыру даярлығы бойынша нормативтерді орындау сияқты кезеңдерден өткеннен кейін үміткер конкурстық комиссияға әңгімелесуге жіберіледі. Орта немесе арнаулы кәсіптік білімі бар, әскерде болған азаматтар сержанттық шен алады. Ал оқуды аяқтағаннан кейін түлектерге «полиция лейтенанты» шені беріліп, жолдама бойынша қызметке жіберіледі. Тіпті екі айлық курста оқып жүрген жас мамандарға төленетін жалақы оқу барысында сақталады, — дейді ол.

P.S. Бір қуантарлығы, қаламыздағы волонтерлік ұйымдарда қала қауіпсіздігін қадағалауға өз үлесін қосып жатыр. Мәселен, құқықбұзушылықтың алдын алу мақсатында құрылған  «Жас сақшы» қоғамдық бірлестігінің мүшелері полицейлермен тығыз байланыста жұмыс жасауда. Олар жастарды қоғамдық тәртіпті бұзбауға шақырып, түнгі мезгілде ата-анасының қарауынсыз бейберекет жүргендерді қадағалап, арнайы бейімдеу орталықтарына жеткізу жұмыстарына атсалысып жүр. Аталған ұйым мүшелері құзырлы орган өкілдерімен бірлескен рейдтік іс-шараларға қатысып, жасөспірімдер арасындағы қылмыстың алдын алуға, соның ішінде  ішімдік ішкен кәмелет жасына толмаған қыз-жігіттерді анықтауға көмектеседі.

 Ақмарал МҰҚАШЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button