Ырғызда жаңа аудандық кітапхана ашылды

Ырғыз ауданына жұмыс сапары аясында өңір басшысы жаңа аудандық орталықтандырылған кітапхананың жұмысымен танысты. Жалпы ауданы 815,5 шаршы метрді құрайтын заманауи екі қабатты ғимаратты «SAK групп» ЖШС салды. Жобаның жалпы құны – 384,6 миллион теңге.
Мекеме директоры Айгүл Нұрмаханова әкімге кітапхана ұжымын таныстырып, техникалық жабдықталуы мен оқырмандармен жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы баяндады. Қазіргі таңда мұнда 11 кітапханашы мен 12 кіші қызметкер жұмыс істейді. Ауданда барлығы 4 кітапхана бар, онда 30 кітапханашы қызмет етеді. Жаңа нысан 24 кабинеттен тұрады, 10 компьютер және көпфункциялы техникамен жабдықталған. Алдағы жоспарлардың бірі – кітапхана аумағын абаттандырып, ағаш отырғызу.
«Заманауи нысандар, соның ішінде осы кітапхана – жаңа мәдени әрі зияткерлік ортаны қалыптастыратыны сөзсіз. Әсіресе жастар үшін маңызды. Мұнда идеялар, түрлі бастамалар, ағартушылық жұмыстар қызу жүруі тиіс. Дәл осындай кеңістіктер өскелең ұрпақтың танымын кеңейту орнына айналады. Жастар мұнда тек кітап оқу үшін ғана емес, білім, қарым-қатынас және даму үшін келеді»,
– деді облыс әкімі.
Д.АЙДАР.











