Өзбекстанда Ақтөбе облысының әлеуеті таныстырылды

Ақтөбелік делегация сапарының мақсаты – өңіраралық байланыстарды тереңдету, индустриалды аймақтарды зерттеу, бірлескен жобалар мен инвестициялық әріптестік мүмкіндіктерін қарастыру.
Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары Абзал Әбдікәрімов өңір басшысының тапсырмасымен Өзбекстан Республикасына жұмыс сапарымен барды. Сапар барысында Ташкент қаласындағы «TEXNOPARK» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің қызметімен танысты.
«TEXNOPARK» ЖШС 2019 жылы құрылған, жалпы аумағы – 106,5 гектар, оның ішінде 50 гектары өндірістік аймақ. Қызметкерлер саны – 5 500 адамды құрайды. Мұнда 21 жоба іске асырылып жатыр. Жобалардың жалпы инвестициялық құны – 371,5 млн АҚШ доллары. Өнімдер ішкі нарықпен қатар, экспортқа да бағытталған.
Технопарк аясындағы негізгі өндірістер олар: газ есептегіштер, тұрмыстық тоңазытқыштар, кір жуғыш машиналар, өнеркәсіптік кондиционерлер, лифтілер мен эскалаторлар, сорғылар, пресс-формалар мен штамптар, есік-терезе фурнитурасы, панельдік радиаторлар, металлоконструкциялар, өнеркәсіптік мұздатқыштар, PIR толтырғыш сендвич панельдер, мыс құбырлар мен фитингтер және HPL панельдер.
Өндірілген тауарлар Қазақстан (27 млн долл), Ресей, Украина, Әзербайжан, Грузия, Армения, Тәжікстан, Қырғызстан, Ауғанстан, Румыния және т.б. елдерге экспортталады.
«Екі ел арасындағы достық пен бауырластық байланыс берік. Мемлекет басшылары Қасым-Жомарт Тоқаев пен Шавкат Мирзиёевтің бастамаларымен бұл байланыс жаңа деңгейге көтерілді. Сауда, өнеркәсіп, көлік-логистика, ауыл шаруашылығы, мәдени-гуманитарлық салалар – басты назарда. Біз Өзбекстанмен жаңа бірлескен жобалар жасауға, тәжірибе алмасуға дайынбыз», – деді Абзал Әбдікәрімов.
Айтып өтейік, Ақтөбе мен Өзбекстан арасындағы тауао айналымы былтыр – 52,4 млн АҚШ долларына жетті. Өзбекстанға ферроқорытпа, металл бұйымдарын, химиялық өнімдер, құрылыс материалдары және ауыл шаруашылығы өнімдерін тасымалданады.
Сапар аясында Ақтөбе қаласының халықаралық әуежайы маңында құрылған арнайы экономикалық аймақ таныстырылды. Аймақта 65 бағыт бойынша жобалар іске асыру көзделуде.
«Өзбекстан кәсіпкерлерін Ақтөбе облысымен ынтымақтастыққа шақырамыз. Бірлескен өндіріс, ауыл шаруашылығы, қайта өңдеу, логистика салаларында жобалар жүзеге асыруға мүмкіндік мол. Біз өзара тиімді серіктестікке дайынбыз. Сапарымыз нәтижелі, келіссөздеріміз табысты болатынына сенеміз. Ақтөбе облысына инвестиция құюға, серіктестікті кеңейтуге шақырамыз», – деп сөзін қорытындылады Абзал Әбдікәрімов.