Шетелдік студенттерге заң талабы түсіндірілді

Марат Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университетінде шетелдік студенттер арасындағы құқықбұзушылықтардың алдын алу мақсатында жиын өтті. Оған Үндістан, Пәкістан және Шри-Ланкадан келіп, оқып жатқан студенттер, полиция басқармасының жедел уәкілдері, комплаенс-офицерлер қатысты.
Кездесуде мамандар еліміздің көші-қон заңнамасы, виза рәсімдеу талаптары, тұрғылықты жері бойынша тіркеу және еңбек ету ережесін таныстырды. Сонымен қатар облыстық полиция департаментінің киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасының жедел уәкілі Жәнібек Шәкіров киберқылмыстардың алдын алу бойынша ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
— Биыл облыста интернет-алаяқтық бойынша 258 дерек тіркелді. Интернет- алаяқтық киберқылмысқа жатады. Алаяқтар интернетті пайдалану арқылы азаматтардың жеке деректеріне қол жеткізіп, шоттағы қаражатты ұрлайды. WhatsApp мессенжері арқылы адамдардың жеке деректеріне қол сұғып, олардың ұялы телефонындағы байланыс нөмірлерінен қарыз сұрау деректері де көбейген. Шетелдік студенттер арасында да интернет-алаяқтарға алданғандар дерегі тіркелді. Бүгінде олардың арызы қабылданып, алаяқтар іздестірілуде. Әлеуметтік желіде жеке деректерді жарияламау керек. Кибералаяқтар әлеуметтік желілерде жарияланған ақпаратты өзіңізге қарсы пайдаланады, — дейді ол.
Сондай-ақ іс-шарада облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының өкілі Ержан Сәрсенов қолданыстағы заңнамаға қатысты мәселелерді түсіндірсе, медицина университетінің комплаенс-офицері Радик Сүгірәлин заңсыз сыйақы беру мен сыбайлас жемқорлықтың заңмен қудаланатынын атап өтті.
Жиын соңында студенттер арасында лудоманияның алдын алу мәселесі де қаралды. Осыған байланысты университет әкімшілігі мен психологтарға түсіндіру жұмыстарын күшейту тапсырылды.
Ақмарал МҰҚАШЕВА.