Алғашқы сенбілік өтті

Бүгін Ақтөбеде ұйымдастырылған жалпықалалық сенбілікте бірқатар еңбек ұжымы саяси қайраткер Василий Зинченкоға қойылған ескерткіш алаңын күл-қоқыстан тазалады.
Ақтөбе қаласы әкімінің қаулысына сәйкес 27 наурыз бен 31 мамыр аралығында айналаны абаттандыру мен санитарлық тазарту бойынша екі айлықтың жарияланғаны белгілі. Осыған сәйкес Ақтөбе қаласында ұйымдастырылған алғашқы жалпықалалық сенбілікке мемлекеттік және коммуналдық мекеме ұжымдары мен бизнес қауымдастықтар, мердігер ұйымдардың өкілдері белсенді қатысты.
Сенбілік жұмыстары Ақтөбе қаласындағы В.Зинченконың ескерткіш алаңында жүргізілді. Бұл маңды көктемгі күл-қоқыстан тазартуға Ақтөбе қалалық ішкі саясат, дене шынықтыру және спорт, ауыл шаруашылығы бөлімдерімен қатар қалалық жастар ресурстық орталығы сияқты өзге де ұжымдар бекітілген.
— Ұжым болып алғашқы сенбілікке шықтық. Айналамызды тазарту жұмыстарына жастар белсенділік танытып жатыр. Сенбілік аясында қала аумақтары мейлінше тазартылатын болады. Алғашқы сенбілікте бізге бекітілген аумақ — кезінде Ақтөбе уездік жұмысшы-шаруа депутаттары кеңесінің бірінші төрағасы болған Василий Зинченкоға қойылған ескерткіш айналасын тазаладық. Бұл жерде бізден басқа да ұжымдар бар. Жалпы саны 50-ге тарта адам жұмыс жасап жатырмыз. Қаламызда тазалау жұмыстары екі ай бойы жүргізіледі. Сондықтан мұндай шарада жастардың белсенділік танытқанын қалаймын, — деді Ақтөбе қалалық жастар ресурстық орталығының басшысы Азамат Әбуов.
Сенбілікке шыққан ұжымдар ескерткіш айналасындағы күл-қоқыстарды жинап, қапшықтарға салды. Талдарды түбі қопсытылып, тырмалау жұмыстары жүргізілді.
Арайлым НҰРБАЕҒВА.