Бас прокурор «Заң және Тәртіп» қағидатын іске асыру бойынша кеңес өткізді

Қазақстан Республикасы Бас прокуроры Берік Асылов «Заң және тәртіп» принципін жүзеге асыру бойынша кеңес өткізді. Бұл туралы ол X әлеуметтік желісінде жазды.
«Ақтөбе, Атырау, Павлодар және басқа да өңірлерде жасөспірімдер қылмысы көбейіп отыр.
Профилактикалық шараларды күшейтуді, антибуллинг бағдарламаларының тиімділігін зерделеуді тапсырдым.
Қоғамдық орындардағы қауіпсіздікке ерекше назар аудардым.
Қауіпті учаскелерді бейнекамералармен және жарықпен жабдықтап, патрульдеуді күшейту қажет.
Азаматтар өздерін қорғалған сезінуі тиіс – сөз жүзінде емес, іс жүзінде» — деді ол.
Сондай-ақ Бас прокурорды жол-көлік оқиғаларының күрт өсуі алаңдатады.
— Жол-көлік оқиғаларының күрт өсуі алаңдатады: бір жылда 67%, жарақат алғандар 79%.
Атырау, Қостанай, Ақтөбе, Жетісу облыстарында жағдай күрделі.
Апаттардың 72 пайызы трассаларда.
Жүргізушілердің еңбек тәртібін бақылау, бала тасымалдау ережелерінің сақталуын қамтамасыз ету тапсырылды
Халықаралық сарапшылардың қатысуымен Талғар мен Рудный қалаларында қауіпсіздік мәселелерін талдайтын пилоттық жоба іске қосылады.
Өңірлердің криминологиялық паспорттарын әзірлеу, уәкілетті органдармен бірлесіп мектептерде заң мәдениетін ілгерілету тапсырылды, — деді Берік Асылов.