Заң мен тәртіп

Қауіпті кеселмен қоғам болып күресу керек

Жемқорлықпен күрес

Сыбайлас жемқорлық — заман ағысымен бірге мол қаражат және қоғамдық бәсекелестік пайда болған жерлерге тамырын жайып, бүгінге дейін жойылмай отырған кеселдің бірі.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жалпы қоғамды жегі құрттай жайлап, кез келген елдің дамуына кедергі келтіретін сыбайлас жемқорлыққа қатысты мәселені күн тәртібінен түсірген емес және қауіпті індет секілді барлық саланың тамырына қан жүгіртпей, тежеп тұратын «індеттің» ілгері баспауы үшін барлық қатаң шараларды қабылдауды тапсырды. Барлық деңгейдегі басшылар Президентіміз алға қойған маңызды міндетті орындау бағытында іс-шаралар қабылдауда, осыған байланысты комиссиялар жұмыс жасап жатыр. Өйткені сыбайлас жемқорлықпен барлық адам, жалпы қоғам күресіп, күш біріктірсе, көп нәтижеге қол жеткізуге болады. Сондықтан бұл бағытта біздің ауданымызда да аз жұмыс атқарылмады.

Қазақстан Республикасының «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» Заң талабының аясында ауданымызда көптеген іс-шаралар жүзеге асырылуда. Сыбайлас жемқорлықпен күресті тиісті органдар ғана емес, барлық мемлекеттік органдар мен онда қызмет атқаратын лауазымды тұлғалар, жергілікті өзін-өзі басқару органдарының басшылары тиісті құжаттамалық және заңдық тұрғыда бақылау жасап, өздерінің лауазымдық деңгейінде заң талаптарының орындалуына назар аударып, оның әрбір бабының нақты жүзеге асуын қамтамасыз етуге міндетті.

Сыбайлас жемқорлыққа көбіне мемлекеттік құқықбұзушылықтарға немқұрайды қарау, қызметшілердің білім мен біліктілік деңгейінің төмендігі, әдептілік ұстанымының жеткіліксіздігі әсер етеді. Сондай-ақ олардың өз қызметіне жауапсыз қарауы мекемеге келген адамның таныс жағалауына әкеледі. Мұның аяғы жемқорлыққа жол ашады. Біз мұны үнемі назарда ұстап келеміз және бақылауды босаңсытпау үшін қатаң шаралар қабылдап жатырмыз.

2024 жылдың қорытындысы бойынша ауданда сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бойынша жұмыстар бекітілген жылдық жоспарға сай жүзеге асырылды. Жыл қорытындысы бойынша 4 комиссия отырысы өткізіліп, сыбайлас жемқорлық көріністеріне тап болған жағдайда іс-қимыл тәртібін түсіндіретін үлестірме материалдар тұрақты түрде таратылды. Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мақсатында бейнероликтер дайындалып, қоғамдық орындарда көрсетілуде. 15 ауылдық округте аталған тақырыпта баннерлер орналастырылды.

Мемлекеттік қызмет көрсету сапасын жетілдіру үшін Әйтеке би ауданында «Ақтөбе адалдық алаңы» жобасы аясында халыққа қызмет көрсетудің сервистік үлгісіне көшу мақсатында Т.Жүргенов ауылында және Қарабұтақ ауылдық округінде «Ашық әкімдік» кеңселері жұмыс жасауда. Осы жоба аясында аудан әкімдігі ғимаратының бірінші қабатында ашықтық және қолжетімділік көрсеткіші ретінде  «Open Space» кабинеті жұмыс жасауда. Сондай-ақ М.Жұмабаев, Т.Жүргенов, Комсомол мектептерінде де дәл осындай  кабинеттер жасақталған. Жалпы, аудан бойынша 15 ауылдық округ пен 30 мектепте өз-өзіне қызмет көрсету бұрыштары жұмыс жасауда.

Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер бойынша қайта даярлау курсынан — 10, біліктілікті арттыру курсынан 33 мемлекеттік қызметші өтті. «Е-өтініш» ақпараттық жүйесі бойынша Әйтеке би ауданының жергілікті атқарушы органдарына 2024 жылы жеке және заңды тұлғалардан 708 өтініш түсті. Оның ішінде504-і жолданым болса, 21-і — шағым, 123-і — ұсыным, 54-і — сұраныс, 6-уы — хабарлама. Түскен жолданымдар уақытында қаралып, тиісті шешімдер қабылданды, 42-сі жергілікті атқарушы органдарғақайта бағытталды. Сонымен қатар 169 жеке тұлға қабылдауда болды. Оның ішінде 124 тұрғынды аудан әкімі, 37 адамды әкімнің орынбасарлары, 8 жеке тұлғаны аппарат басшысы бірқатар мәселелер бойынша қабылдады. Атап айтсақ, қабылдау кезінде 99 мәселе қанағаттандырылып, 70мәселе бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізілді.

Бюджет қаражатының игерілуінде ашықтықты қамтамасыз ету мақсатында барлық мемлекеттік мекеме қаражаты «Ашық бюджет», жергілікті әкімдік сайттарында жарияланып, әр ай сайын көрсетіліп отырады. Қызметкерлер арасында сыбайлас жемқорлықтың алдын алу жұмыстары үнемі бақылауға алынған.

Жалпы, кез келген қызметкер отбасында, әріптестерінің арасында осы бір қағидаларды ұстана білсе, бұл індеттің жойылатыны анық.Сондықтан сыбайлас жемқорлықпен күресті күшейту — әрқайсысымыздың азаматтық борышымыз.

Дәулетияр Тоғызбаев,

Әйтеке би ауданының әкімі.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button