Қуанай — қазақ мергені

Ел қорғаған ерлерді еске алғанда Қуанай Әбдірахманов есімін атамай өту мүмкін емес. Ол әскер қатарына Әйтеке би ауданына қарасты Ақкөл ауылының «Қауақ» деп аталатын ұжымшарынан шақырылған екен.
Республикалық «Социалистік Қазақстан» газетінің 1944 жылдың 10 желтоқсандағы санында ол туралы «Мергеннің есебі» атты мақала жарық көріпті. Майдангердің артында қалған тума-туыстары барлаушы-мергеннің ерлігі туралы жазылған осы еңбекті көздің қарашығындай қастерлеп,сақтап келеді.
Майдан тілшісі Қ.Жұматаев жауынгер Қуанай Әбдірахмановтың 1944 жылы 373 жаудың көзін жойғанын жазыпты сол уақытта.
Дерек көздеріне қарағанда, Қуанай Әбдірахмановқа жау басып алған деревнядағы жалғыз-жарым жүрген немістердің көзін жою тапсырмасы беріледі. Бұл оңай атқарылатын шаруа емес еді, қауіп-қатері мол жұмыс болатын.
Деревняға баратын жолдағы биік жота үстінде қираған танк тұрады, әуелі соның қалқасына жету керек болады. Оған дейінгі жазықтыққа мина төселген, солардың арасынан сыналап өтудің өзі қауіпті. Оның үстіне жау жағы да қарсы бетті бақылауда ұстайтыны белгілі. Үздіксіз атылған оқтың астымен көздеген жерге жеткенше қолынан жарақат алады. Соған қарамастан алға ұмтыла береді. Одан кейінгі жай мақалада былай баяндалады: «Танктің снаряд өткен қабырғасындағы тесіктен село іші анық көрінеді. Сол тесіктен мылтықтың стволын шығарып қойып, Қуанай село ішіндегі немістерді сирете бастады. Немістер көзге түспей қалай тез өтемін десе де, өткір көздің бір көздеуінен шықпады».
Сол жауапты тапсырманы ол абыроймен орындап қайтады. Келесі күні осы ізбен сол ерлігін және қайталайды.
Аталған мақалада барлаушы-мергеннің тағы бір жауынгерлік тапқырлығы баяндалады. Бірде орман ішінде жасырын жатып біздің жауынгерлерді атып жатқан неміс мергені бары байқалады. Оның көзін жою Қуанай Әбдірахмановқа тапсырылады. Бұл жай жоғарыда келтірілген мақалада былайша суреттеледі: «Екі мерген бірін-бірі аңдумен болды. Қуанай неміс мергені жауап қайтарар деген оймен шоқ бұтаны көздеп, бір-екі атып жібереді. Ойлағандай-ақ ол да ата бастайды. Ұшқан оқтар Қуанайдың төбесін сипай тызылдап өтіп жатты. Сол кезде Қуанай құлақшынын басынан алып, қасындағы бұтаға іле қояды. Жау құлақшынды ұшырып түсіреді. Екі жақ та көпке дейін атуын қойып, тыныштала қалған. Жау Қуанайдың атпағанынан оны өлді деп ойлап, тұрып қарай бергенде Қуанай оның жүрек тұсынан дәлдеп басып қалады. Неміс мергенінің домалағаны оның елде жүргенде бір атқан қоянын көзіне елестетті. Содан былай күнде әдеті бойынша «неміс айуандарын» атуға шығатын Қуанай кемінде төрт-бесеуін атып өлтірмей қайтқан емес еді. Жаудың Н. бекінісін алу ұрысында жараланған Қуанай госпитальдан келгеннен кейін де «Ерлігі үшін» медалі және «Даңқ», «Отан соғысы» ордендерімен наградталды. Қуанай жойған немістің саны аз күнде 373-ке жетті. Ол немісті өз үңгірінде талқандау үшін өткір көзін Берлинге қадауда».
1941 жылдың аяқ тұсындағы Калинин майданындағы өзгерістер тарихта нақты таңбаланып, бірқатар ақиқаттары енді ашылып келеді. Көпке дейін белгісіз болып келген «Марс» операциясының да құпиясы жетерлік. Тверь аумағындағы кеңес әскерлерінің неміс фашистерімен қақтығысы майданда ерекше сын кезеңіне айналды.
Ал 1944 жылдың қысында 186-атқыштар дивизиясы Беларусь майданында алға ұмтылып, Днепр өзенінен көктей өтіп, Брянск, Витебск, Брест қалаларын жау құрсауынан босатты. 1944 жылдың қысында 400-ге жуық қанқұйлы жаудың көзін жойған барлаушы-мерген Қуанай Әбдірахманов екінші рет «Қызыл жұлдыз» орденін кеудесіне тағады.
Республикалық «Социалистік Қазақстан» газетінде жарияланған мақала елдегілерге үлкен әсер етеді. Ауылдағы кеңшар басқармасының төрағасы «Қызыл Жұлдыз» орденін алған батырдың туысы» деп оның немере ағасы Матайдың үйіне көмір, жем-шөп түсіріп берген.
Негізінде Қуанайдың әкесі Әбдірахман мен анасы ертерек қайтыс болған. Қуанай Әбдірахманның баласы болғанымен құжатында атасынының атына, яғни Еспенбетұлы деп жазылған. Сосынғы бір жағдай, 1924 жылы дүниеге келгенімен, комсомолға ертерек өту үшін жасын үлкейтіп көрсеткен екен.
Қарабұтақтағы «Төрт үй» аталған атақты мектеп-интернатта жатып оқып, оны соғыс басталған 1941 жылы бітірген.
Жалындаған жас жігіт ауылдас ағалары, бірқатар тұстастары ел қорғау жолында қан кешіп жүргенде шыдай алмай, өз өтінішімен майданға аттанады.
Ескі көздердің айтуынша, Қуанай ұзын да, қысқа да емес, орта бойлы, бірыңғай қара торы келген, былай қарағанда мінезі момындау, сезімтал, елгезек бала болғанға ұқсайды. Бір өкініштісі, ешқандай фотосуреті сақталмаған.
Мәскеу болат және қорытпалар институтының профессоры, «Жыл еріктісі» сыйлығының иегері атанған Асылбек Төлешов ұзақ жылдар бойы «Қызыл ізшілер» отряды жұмысына белсене қатысып, соғыста хабарсыз кеткен қазақ жауынгерлерінің дерегін анықтауда көп еңбек сіңіріп, зерттеу жұмыстарын жүргізіп келеді.
Ол бір сұхбатында: «Қарабұтақ ауданынан соғысқа аттанған, мықты снайпер болған Қуанай Әбдірахмановтың туыстарын таптым. Олар ол кісіні соғыста хабар-ошарсыз кетті деп ойлап жүр екен. 2012 жылы архивтерді ақтара келе, оның Польшаның Лассен қаласында жерленгені мәлім болды. Десе де ол аймақтың нақты қай жерінде жерленгені әлі белгісіз. Туыстарына Польшадағы Қазақстан елшілігіне хат жазыңдар деген едім, әлі жазбады-ау деймін. Дегенмен туыстары табылғандардың түгелімен жақсы байланыс орнатып алдым», — дегені бар.
Бүгінде Қуанай Әбдірахманов туралы тағы бір маңызды құжат оның туыстарының қолында сақтаулы. Ол — ресейлік іздеуші Галина Белоусованың Подольск мұрағатынан өз туыстарының дерегін іздеп жүріп тауып алған Қуанай Әбдірахмановтың жеке әскери парақшасы. 2009 жылы табылған бұл құжатта 186-атқыштар дивизиясының командирі Н.Зубковтың жоғары командованиеге жазған мынадай баяндамасы сақталған: «Қуанай Әбдірахманов 1944 жылдың 27-29 ақпан, 1-5 наурызында тамаша ерлік көрсетіп, жаудың 81 офицер-солдатының көзін жойды. 1944 жылдың 3 наурызы күнгі шайқаста жау траншеясына ең алғашқылардың бірі болып кіріп, шегініп бара жатқан бірнеше жау солдатын снайпер винтовкасымен атып жойды. Мерген Қуанай Әбдірахманов осындай жанқиярлық ерлігі үшін «Қызыл жұлдыз» орденіне ұсынылды».
Сондай-ақ осы әскери парақшада «1944 жылдың 15 наурызында КСРО Жоғарғы Кеңесінің шешімімен І Беларусь майданы 186-атқыштар дивизиясы 190-атқыштар полкінің мергені, кіші сержант Қуанай Әбдірахманов «Қызыл жұлдыз» орденімен марапатталды» делінген.
ІІІ дәрежелі жауынгерлік «Даңқ» орденінің, екі мәрте «Қызыл жұлдыз» орденінің иегері, сержант Қуанай Әбдірахмановтың ерлігі тарих бетіне әлі де нақтыланып, кең көлемде жария болуға тиіс деп ойлаймыз.
Облыстық ардагерлер кеңесі биылғы жылы елеусіз қалған ерлер есімін көтеру тұрғысында бастама көтеріп, іздестіру, зерттеу жұмыстарын бастап та кетті. Осы орайда Қарабұтақ өңірінен шыққан қазақ мергенінің Жеңіс жолындағы ерлігі лайықты аталатындығына сенгіміз келеді.
Нұрмұханбет ӘБДІЛДАҰЛЫ.



