Олжас Бектенов: Бірыңғай уақыт белдеуі туралы шешім өте терең ғылыми зерттеулер негізінде қабылданды
Қостанай облысына жұмыс сапары барысында ҚР Премьер-министрі Олжас Бектенов зауыттар мен кәсіпорындарды аралап, өндіріс басшылығы және ұжымдарымен кездесулер өткізді. Өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму перспективалары, кадрлық әлеуетті арттыру, инфрақұрылымдық міндеттерді шешу барысы талқыланды.
Сондай-ақ бірыңғай уақыт белдеуіне көшу мәселесіне де назар аударылды. Сөз сөйлеушілердің айтуынша, бірыңғай уақыт белдеуін енгізу мәселесін Қостанай облысының тұрғындары бұрын да көтерген, өйткені 6-шы уақыт белдеуі табиғи уақытқа сәйкес келмеді. Осылайша, бірыңғай уақыт белдеуіне көшу туралы шешім күнделікті тұрмыстық процестерді жеңілдетті. Осыған байланысты кездесуге қатысушылар бірыңғай уақыт белдеуін қолдап сөз сөйледі. Премьер-министр Олжас Бектенов тұрғындармен әңгімелесу барысында табиғи уақыттың азаматтардың денсаулығы мен әл-ауқатына оң әсері ғылыми дәлелденгеніне назар аударды. 2017 жылы америкалық ғалымдар тобы адамның циркадтық ырғағын зерттегені үшін Нобель сыйлығымен марапатталды, бұл табиғи уақытқа сәйкес өмір сүрудің ең пайдалы екенін растады. Осы жұмыстың және басқа да ғылыми зерттеулердің негізінде 2022 жылы 80-нен астам елдің ғалымдары мен мемлекет қайраткерлері қол қойған Барселона декларациясы қабылданды.
Премьер-министр Қостанай облысының тұрғындарына және барлық қазақстандықтарға осы маңызды шешімді түсініп, қолдағаны үшін алғысын білдірді.
Сондай-ақ зауыт ұжымымен кездесу барысында Мемлекет басшысы жариялаған алдағы Жұмысшы мамандықтары жылы қарсаңында еңбек жағдайлары және өзге де қолдау шаралары мәселелері көтерілді.
@KZgovernment