Жыл қорытындысы: Қобда ауданы
Қобда ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуы 2024 жылы оң нәтижелер көрсетті. Бұл көрсеткіштер өңірдің тұрақты дамуы мен тұрғындардың әл-ауқатын жақсарту бағытындағы жұмыстардың қарқынды жүргізіліп жатқанын дәлелдейді.
Экономика және ауыл шаруашылығы
Аудан бюджетіне 1,28 млрд теңге түсіп, жоспар 87,5%-ға орындалды. Өнеркәсіп өнімінің көлемі 2,2 млрд теңгені құрады, оның 84,8%-ы өңдеу өнеркәсібінің үлесіне тиесілі. Инвестиция көлемі 6,8 млрд теңгеге жетті.
Ауыл шаруашылығы саласында да айтарлықтай өсім байқалады. Мал басы 10-14%-ға артты: ірі қара саны 63,6 мыңға, қой-ешкі 162,6 мыңға, жылқы 29,8 мыңға жетті. Мал азығын дайындау жоспары 100%-ға орындалды.
«Ауыл аманаты» жобасы аясында 101 жоба іске асырылып, 635 млн теңге бөлінді. Бұл бастаманың арқасында ауыл тұрғындары кәсіпкерлікке белсене араласып, қосымша табыс көздерін тапты.
Тұрғын үй және инфрақұрылым
2024 жылы су тасқынынан зардап шеккендерге арналған 147 жаңа үйдің құрылысы аяқталып, тұрғындарға тапсырылды. Бұл үйлер барлық қажетті инфрақұрылыммен жабдықталған. Сонымен қатар, аудан бойынша 27,1 шақырым жол жөнделіп, су және газ желілерін тарту бойынша ауқымды жұмыстар жалғастырылуда.
Ауданда ауыз сумен қамту деңгейі 98%-ға жетті, ал газдандыру көрсеткіші 79,6%-ды құрады. Келесі кезеңде газбен қамту үлесін 93%-ға дейін арттыру жоспарланып отыр.
Білім беру саласы
Ауданда 24 мектеп пен 14 балабақша қызмет етеді. Биыл білім сапасы 67%-ға жетіп, 78 түлек мемлекеттік грант иегері атанды. Жаңа мектеп құрылысы Терісаққан ауылында аяқталып, пайдалануға берілді. 2024 жылы мектептердің материалдық-техникалық базасын нығайтуға 106 млн теңге бөлінді.
Мектепке дейінгі біліммен қамту 97%-ды құрайды. Оқушылар ыстық тамақпен және оқу құралдарымен толық қамтамасыз етілген. Сонымен қатар, 65 оқушы лагерьлерге жіберілді.
Денсаулық сақтау
Ауданда 27 медициналық мекеме жұмыс істейді. Биылғы жылы туберкулез бен қатерлі ісік ауруларының көрсеткіштері төмендеді. Жаңадан медициналық пункт салу және медициналық жабдықтарды жаңарту жұмыстары жалғасуда. Алайда кадр тапшылығы байқалады: онколог, психиатр-нарколог, офтальмолог мамандары қажет.
Мәдениет және спорт
23 мәдениет нысаны мен 75 спорт алаңы халыққа қызмет көрсетеді. «Қарлығаш» би ансамблі халықаралық және республикалық жарыстарда жүлделі орындарға ие болды. Халықтың 38%-ы тұрақты түрде спортпен айналысады.
Су тасқынының алдын алу
Аудан тұрғындарын су тасқынынан гидротехникалық құрылыстар арқылы қорғау мақсатында Қобда ауылының жанындағы Батыс бөгеті (1,7 шақырым), Орал-Ойыл су арнасын бағыттаушы бөгеті (4,9 шақырым), Сауқайың бөгеті (2,7 шақырым) бойынша жоспарлы жұмыстар жүргізілуде.
Сонымен қатар Қызылжар, Қанай, Жарық елді мекендерінде қорғаныс бөгеттерін қалпына келтіру жұмыстары аяқталды.
Сонымен қатар демеушілік арқылы Лиман көлшігіне жиналған суды ағызу үшін субұру каналы және қоршау жұмыстары жүргізілді.
Ұялы байланыс және интернет
Ауданның ұялы байланыспен және мобильді интернетпен қамтылу үлесі 80,7 %-ды құрайды. /31 елді мекенінің 25 елді мекені қамтылған/. Өткен жылы Жарсай-2 ауылына (оператор – Кселл) құны 51 млн теңгені құрайтын ұялы байланыс пен мобильді интернет желісінің сапасын жақсарту бағытында жұмыстар жүргізілді.
Сонымен қатар ұялы байланыс мұнараларын орнату Жарсай, Бұлақ ауылдарында, биылғы жылы Байтақ, Қобда ауылдарында жүргізілді. 2024 жылы Өтек, Ортақ ауылдарына талшықты оптикалық байланыс жүргізуге жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп, мемлекеттік сараптамадан өткізілуде.
Аталған ауылдарда ұялы байланыс және мобильді интернет қосылғаннан кейін ауданның қамтылу үлесі 93,5- % жетеді.
Электр желілері бойынша Жарсай ауылдығына қарасты «Сая» шаруа қожалығына электр жабдықтаудың сыртқы жүйелерін салу жұмыстарына 49 млн 821 мың 652 теңге бөлініп, жұмыстар толығымен аяқталды.
Қобда ауданының даму қарқыны келесі жылы да жалғасады. Инфрақұрылымды жаңғырту, тұрғындардың әлеуметтік мәселелерін шешу және жалпы әл-ауқатын жақсарту бағытындағы жұмыстар басты назарда болмақ.