Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мәселелері туралы
Мемлекет басшысыҚасым-Жомарт Тоқаев «Еліміздің дамуына кедергі келтіріп отырған кеселдің бірі – сыбайлас жемқорлық. Онымен күресу – баршамызға ортақ міндет. Жемқорлықпен күрес ешқашан тоқтамайды, жалғаса береді. Сонда ғана біз осы індеттен таза қоғам құрамыз. Бұл – менің стратегиялық мақсатым», – деген болатын.
Мұғалжар ауданы әкімдігінің жұмысында сыбайлас жемқорлықтың алдын алуды негізгі басымдықтардың бірі ретінде қарастырамын.
Халықпен кері байланыс орнату, азаматтардың өтініштері мен шағымдарын жедел қарау, қоғам өкілдерімен тұрақты диалог ұйымдастыру – біздің жұмысымыздың ажырамас бөлігі. Ақтөбе облыстық ситуациялық орталығының «iKomek» жүйесі арқылы аудан тұрғындарының әлеуметтік желідегі 386 сұрақтары мен өтініштеріне, арыз-шағымдарына жауап берілді. Әр аптаның сейсенбі күндері аудан тұрғындарын жеке қабылдап, олардың мәселелерін мұқият тыңдап,заңнама аясында көтерілген сұрақтардың шешу жолдарын түсіндіріп отырамын. Тұрғындар тарапынан айтылған мәселелер бойынша тиісті сала басшыларына арнайы тапсырмалар жүктеп, орындалуын бақылаймын. Одан бөлек жартыжылдық қорытындысы бойынша екі рет аудандағы барлық қала және ауылдық елді-мекендерде халықпен кездесіп, атқарылған жұмыстар мен алдағы жүзеге асырылатын жобалар туралы есеп бердім.
Сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін талдау және анықтау сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдағы тиімді алдын алу механизмі болып табылады.Осы бағытта сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне ішкі талдау жүргізудің үлгілік қағидаларына сәйкес, ағымдағы жылдыңмамыр-маусым айларында әкімдікке қарасты мемлекеттік мекемелерде сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне ішкі талдау жүргізілді. Талдау нәтижесі бойынша анықталған 29 тәуекелге байланысты жоғары тұрған органдарға тиісті ұсыныстар берілді. 154 мемлекеттік қызметкер (және олардың жұбайлары) заңнамамен белгіленген уақытта салық органдарына декларацияларды уақытылы тапсырды.
Әкімшілік аппарат пен мемлекеттік құрылымдардың ашықтығы мен әділдігі қоғамның сенімін нығайтудың басты кепілі. «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасына сай келетін «Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер туралы» тікелей эфирлер сериясы жыл бойы тұрақты өтті. Жоба аясында әкімдіктің инстаграм әлеуметтік желісіндегі парақшасында ауыл шаруашылығы, мәдениет және спорт, жер қатынастары, тұрғын-үй, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар, құрылыс, экономика бөлімдерінің мамандарының қатысуымен 16 тікелей эфирлер өткізіліп, тұрғындардың өзекті сұрақтарына жауап берілді. Өз кезегімде қараша айында Өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз конференциясында ағымдағы жылдың 10 айында ауданда атқарылған жұмыстар туралы баяндап, журналистердің сұрақтарына жауап бердім.
Азаматтардың сыбайлас жемқорлыққа және құқық бұзушылыққа немқұрайлылығы үнсіз келісілген зұлымдық болып табылады. Сондықтан сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру бағытында биылғы жылы бірқатар жұмыстар атқарылды. Мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясында «Халықтың сыбайлас жемқорлыққа қарсы көзқарасын қалыптастыруға бағытталған іс-шаралар өткізу» жобасы «Jas Aqtobe 2022» қоғамдық қоры арқылы жүзеге асырылды. Жоба аясында студенттер және оқушылар арасында «Жемқорлық – індет, жою – міндет» тақырыбында эссе байқауы өткізіліп, жеңімпаздар тиісті сыйлықтармен марапатталды. «Атаулары көп, нәтиже бір!», «Қабырғаны құлатамыз! Болашаққа сыбайлас жемқорлықсыз қадам», «Бір адамның шешімі қалғандарын өзгертеді» лозунгтарымен Антикордың байланыс номерлері көрсетілген 1000-нан астам брошюралар тұрғындарға таратылды. Қала және ауылдық округтерде «Бір пара, екі қылмыскер», «Қазір пара беріп жүрсеңіз, кейін балаларыңыз пара беруге мәжбүр болады», «Шындықтан қаша алмайсың», «Ақшаны емес, ақылыңды тыңда» лозунгтерімен 13 баннер орнатылды. Жоба аясында 3 бейнеролик түсіріліп желілерге орналастырылды және жұмыс барысында пайдалану үшін мемлекеттік органдарға жолданды. TEDx форматында жастарға арналған мотивациялық кеш өтті.Сыбайлас жемқорлық көріністерінің алдын алу, азаматтарды ескерту мақсатында қазақ және орыс тілінде аудио жазбалар дайындалып, халық көп шоғырланатын орындарда қосылды. Бұл жұмыстар аудан тұрғындарының сыбайлас жемқорлыққа қарсы иммунитетін қалыптастыруға бағытталды.Онсыз қоғам ретінде қалаулы нәтижеге қол жеткізе алмаймыз деп есептеймін.
Мұғалжар ауданының әкімі Д. Ермағанбетов.